Басты тақырыпСараптама
COVID-19 нені өзгертті?
Коронавирус пандемиясы жекелеген адамдардың санасынан бастап мемлекеттік басқаруға, бүкіләлемдік экономикаға өзгеріс әкелгенін ешкім жоққа шығара алмас. Дағдарыс әкелді. Бұл соңынан әлемдік экономиканы қайта құрады деп жатыр экономистер.
Шекаралар жабылып, тауарлар тасымалында бұрын-соңды болмаған көлемде тежеліс болды.
Туризм арқылы күн көріп отырған елдерге ауыр тиді. Кейін жағдай қалпына келгеннің өзінде адамзаттың туризм жайлы түсінігіне өзгеріс болатыны айтылуда.
Тауар айналымы шектелгенде отандық өнімге сұраныс артты. Тұтынушылар өзіне жақын, сенімді өндірушілер мен тауар жеткізушілерді таңдай бастады.
Аса ірі әлемдік компаниялар өз стратегияларын қайта қарастыра бастады. Құндылықтар ауысып, тұрақтылық пен тиімділік басты орынға шықты.
COVID-19 цифрлық сауда-саттық, автоматтандыруға ерекше серпін беретін сыңайлы. 2030 жылға қарай 400-ден 800 миллионға дейінгі жұмыс орны автоматтандыруы мүмкін екені болжануда.
Коронавирус қай мағынасында да сынақ болды. Қай елдің билігі азаматтарына қалай қарайтыны, неге басымдық беретіні айдан анық көрінді. Мәселен, Индонезия 10 млн. үй шаруашылығына әлеуметтік жәрдемақы төледі. Ұлыбритания мен Франция қызметкерлердің жалақысын 80 пайызын өтесе, Бразилияда еңбек тәртібі жеңілдетілуде. Австралиядан Еуропаға дейінгі, Оңтүстік Африкадан Канадаға дейінгі елдердің банктері пайыздарын төмендетті.
Қай елдің билігі сөзбен емес, тиімді жұмыс жасайтыны пандемияға қарсы тез әрі үйлестірілген әрекет еткенінен байқалды. Халықаралық ұйымдар дағдарысты реттеуге қабілетсіз екенін аңғартты.
Пандемия әкелген оң өзгерістер індет жалмаған өмірлерді, қираған экономиканы қалпына келтіретіндей емес. Алайда оларды айтпай кетпеске болмайды.
Сонымен, біздің елде қандай өзгерістер болды?
Міндетті медициналық сақтандыру жарнасы көбеюі мүмкін
Ең алдымен, коронавирус барлық елдің денсаулық саласын өзгертті. Қай-қай елдің де денсаулық саласындағы жылдар бойы жиналған проблемасын тайға таңба басқандай қылып көрсетті. Ұзақ жылдар бойы енгізілмеген реформалар аяқ астынан қолға алынды.
Коронавирус жұқпасы тарала бастағалы халқымыз денсаулығына мән бере бастады. Әрине, індеттің бар екеніне әлі сенбей жүрген отандастарымыз да бар. Олардың аузынан «Ауру жоқ», «Мұның бәрі әлемдік саясат», «Ақша игеру үшін жасалған» деген сияқты уәж естуге болады. Халықтың індетке сенбеуіне ақпараттық саясаттың дұрыс жүргізілмеуі себеп. Ел арасында ресми ақпараттан гөрі әр түрлі алып-қашпа әңгімелер кең тарады.
Коронавирустың таралуына қарсы республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі штабтардың арасында байланыс осал болды. Өңірдегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ақпаратты шұғыл жариялауға құзыреті жетпейді, пәленбай орган мақұлдаған соң таратады. Ал ол уақыттың ішінде коронавирус табылған адам, оның мекенжайы жайлы ақпарат, медициналық скафандр киген дәрігерлердің оны үйінен алып бара жатқан суреттері whatsapp арқылы бәріне жетіп болады. COVID-19 жұқпасы кесірінен адам қайтыс болғаны жайлы ақпарат жергілікті халық арасында өте тез таралып кетеді. Мессенджерлер арқылы әлгі адамның аты-жөні, мекенжайы да белгілі болып отырды. Ал штабтар оны жариялауға асықпайды, тіпті бірнеше күн өтеді. Осы аралықта әңгіме түрліше тарап, сан-саққа жүгіртеді. Елімізде біраз адамға ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігі (жалған ақпарат тарату) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Дәрігерлер тарапынан да түрлі ақпарат тарады. WhatsАpp арқылы дәрігерлердің дауыс хабарламалары, видео жазбалары тарап, бірнеше дәрігер ол үшін ел алдында кешірім сұрады.
Коронавирус пандемиясы кезінде алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің вирусты жұқтырып алу қаупі өте жоғары. Көптеген елде, соның ішінде елімізде де COVID-19 жұқтырған дәрігерлер анықталды. Нұр-Сұлтан қаласында вирус жұқтырған дәрігерлер 330-дан асты.
Біздің үкімет вируспен күресіп жатқан дәрігерлерге қосымша өтемақы тағайындады. «Қауіптілігі аса жоғары топ» – реанимация бөлімдерін қоса алғанда жұқпалы аурулар стационарының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлерінің жалақысына 850 мың теңге көлемінде үстемақы қосылды. «Қауіптілігі жоғары топ» – провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлерінің жалақысына айына 425 мың теңге қосылды. «Қауіптілігі орташа топ» – карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысына айына 212 мың теңге қосылды. Бюджеттен дәрігерлерге қосымша ақы төлеу үшін 40,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Дәрігерлердің үстемақы алуын жергілікті жерде шешілуде. Сол себепті кей өңір дәрігерлері арасында наразылық та кездесті. Мамыр айында 42 мың медицина қызметкері үстемақы алған.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Денсаулық саласы үстемақыға байланысты емес, бекітілген стандартпен жұмыс жасауы тиіс. Үстемақы оларды пандемия кезінде қолдау үшін берілді» дейді. Үлкен мегаполистерде аз уақыт ішінде ауруханалар салынған. Сол ауруханаларда үстемақы арқасында кадр тапшылығы орын алмаған. Ал жалпы салада кадр тапшылығы бар.
Күзде коронавирустың қатты толқыны өтеді деп болжануда. Оған дайындық жүруде. Мемлекеттік қордан қаржы сұралуда.
Келешекте міндетті медициналық сақтандыру жарнасы көбеюі мүмкін. «Мәселен шалғай ауылда адам инсульт, инфарктен қайтыс болады. Себебі ол жерде дәрігер болмаған. Дәрігер ол жерде жалақы өте аз болғасын, пәтер болмағасын бармайды. Саланы қаржыландыру керек. Бұл да салық түрі. Басқа салық ортақ қазынаға қосылса, бұл тікелей денсаулық сақтау қорына төленеді. Бұл жүйелі реформа, жемісін береді» деді Денсаулық сақтау министрі.
Білім беру саласы онлайн жүйеге әзір болмады
Он жыл бойы айтылып келе жатқан жаңа технологиялар, цифрландыру білім саласында толық іске аспағанын көрсетті. Сабақтар онлайн өтеді дегенде оның әдіс-тәсілі бекітілмегені, құралдары жоқтығы, мұғалімдердің де, оқушылардың да мүлдем дайын еместігі белгілі болды. Интернеті нашар немесе интернетсіз отырған шалғайдағы мектептердің оқушылары қалай оқиды, үйлерінде стационарлық компьютері немесе ноутбугы жоқ оқушылар смартфонмен білім ала ма, бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда бір компьютер мен бір смартфонды пайдалану ыңғайсыз болуы, онлайн-платформалардың күші мыңдаған оқушыға бір мезгілде қызмет көрсетуге жете ме деген мәселелер күн тәртібіне шықты.
Төртінші тоқсан басталарда онлайн режимде 1,2 млн. оқушы дәріс алып көрген сынақ сабақ өтті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елдегі интернеттің онлайн сабақ өткізуге мүмкіндігі жетпейтінін мойындады. Оқушылар сабақты онлайн емес, қашықтан оқитын болды.
«Бүкіл елді онлайн-стриминг арқылы қосу мүмкін емес екенін көзіміз жетті. Интернеттегі шешілмеген мәселелер барда онлайн сабақ өткізу тиімсіз. Көп ата-ана интернетке қосыла алмады. Байланыс үзіліп кетті. Қазақстандағы интернет 2,5 миллион баланы онлайн оқытқанға қауқарсыз екенін көрдік» деді Аймағамбетов. Сөйтіп «Балапан» және «Ел арна» телеарналарынан сабақ өткізуге мәжбүр болды. Мұғалімдер оқушылармен whatsapp мессенджері арқылы байланыс ұстады.
Оқытушылар онлайн дәріс беруге дағдыланды. Университеттер мыңдаған студентті ғимаратқа жинамай-ақ, жүздеген оқытушы орнына онлайн дәріс жүргізетін бірнеше мықты ұстазбен білім беру үрдісін жалғастыруға болатынына көз жеткізді. Жаппай онлайн оқу шын мәнінде жүзеге асты. Студенттер онлайн білім беру жалғаса берсе шетелдік мықты оқу орындарына қызығушылық танытып отыр.
Министр Асхат Аймағамбетов: «Педагогикалық және техникалық тұрғыдан біз бірқатар мәселелерді шешуіміз керек. Және жаз маусымында осы бағыттағы жұмыстарды аяқтап үлгеруіміз маңызды. Әрине, коронавирус ахуалы тоқтап, келесі оқу жылын мектеп қабырғасында бастайтынымызға үмітіміз зор. Десек те эпидемиялогиялық жағдай тұрақталмаса, қашықтан оқуға дайын болғанымыз жөн», – деді.
Коронавирусты желеу еткен алаяқтар көбейді
Қазақстан полициясы пандемияға байланысты төтенше жағдай кезінде қылмыс саны 34 пайызға, соның ішінде ауыр қылмыстар 43 пайызға, жол-көлік оқиғасы 72 пайызға азайғанын мәлімдеді. Бұзақылық, ұрлық тыйылған.
Алайда алаяқтар интернетте және әлеуметтік желілерде COVID-19 диагностикасы бойынша қызмет көрсету, әуе және теміржол билеттерінің, театр және концерттер билеттерінің құнын қайтару, 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік көмекті қоса алғанда, әр түрлі жәрдемақы алу туралы хабарландырулар таратқан.
Өздерін қаржы ұйымдарының қызметкеріміз деп таныстырып, несиелер бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру, банктік шоттар ашу және банктерге, микроқаржы ұйымдарына, ломбардтарға өтініш беру бойынша қызметтерді ұсынған алаяқтар көбейген.
Әсіресе төтенше жағдай жаңадан енгізілген тұста медициналық қорғаныш құралдарын сатамыз деген алаяқтар біраз адамды сан соқтырғанға ұқсайды.
Қазір барлық полиция департаменттерінде жалған ақпараттарды және оны жариялаған адамдарды анықтайтын арнайы жұмыс топтары бар.
Әлеуметтік мәселелер күрделі
Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңгені құрайтын мемлекеттік көмек берілетін болды. Алайда осы көмек елдің бас ауруына айналды.
42 500 теңге жәрдемақы алатындарға арнайы 42500.enbek.kz сайты ашылды. Бірақ бірден істен шықты. «Өтініштердің көп болуына байланысты серверде жүктеме шамадан тыс болып, сайт істен шықты» деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. EgovKzBot.2.0. Telegram-ботында да ақау болды. Сол тұста жалған Telegram-боттар қаптап кетті. Олармен күрес жеткілікті деңгейде жасалмады. Себебі шетелдік сервердегі мессенджер Telegram-ды елге ресми экономикалық көмек тағайындауға пайдалануының өзі ақпараттық қауіпсіздік жағынан қателік деп бағалауға болады.
Одан кейін өтінішті Egov.kz арқылы беруге болатынын хабарлады. Кейін ол сайттың да жұмысы іркіліп қалды. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев: «Еgov.kz порталына бір мезгілде 15 млн қолданушы кірген кездер болды. Бұл жүйе жұмысына кері әсер етті» деп мәлімдеді. Ал өзі 18 млн. халқы бар елде бір мезетте осынша адамның бір порталға кіруі күмәнді болды. Министр базаға салынатын сұрау санын «қолданушы» деп айтты делінді.
Көмекті алатындардың тізімі кеңейді. Жұмысшы атынан соңғы 12 ай үшін 1 рет жарна аударып, бәрі жаппай 42500 теңгені ала бастады. Сол кезде «қаржыны жағдайыңыз жетіп тұрып, қасақана өтініш беріп алып алған болсаң, 2 жылға бас бостандығыңнан айырылуың мүмкін» деген ақпарат лезде ел арасында таралды. Бәрі тексеріледі, негізсіз алғандарға айыппұл салынады деді. «Өкінішке қарай, кейбіреулер табысы туралы жалған мәлімет ұсынып, атаулы әлеуметтік көмек алған. Қазір тексеру жүріп жатыр. Өтініш берген 2 мыңға жуық азамат 2020 жылдың басынан бастап айына 500 000 теңгеден немесе одан да көп айлық алып келген. Бірақ олар 16 наурыздан бастап, жұмыссыз қалдым, табысымнан айырылдым деп көрсеткен. Бұл дұрыс емес. Біз бәрін көріп, тексеріп отырмыз. Бұл – ұят іс. Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандар ақшаны қайтарады», – деді министр Біржан Нұрымбетов. Ақшаны жұрттың жартысы қайтарып жатты.
Ел әбден әуре-сарсаңға түскен кезде министр Біржан Нұрымбетов «Бірде-бір адам 42500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сіздерген төленді ме? Алыңыздар, жаратыңыздар. Тексеру болса да, бізді тексереді» деді. Сол кезде министр 3 миллион 960 мың адамға 42 500 теңге тағайындалып, оған 157 миллиард теңге бөлінгенін айтты.
Бұл «42500 теңгенің жырынан» елімізде әлеуметтік қамсыздандыруда нақты бір жүйе жоқтығы дәлелденді. Өзі аз халықтың әлеуметтік жағдайы жайлы ортақ бір база жоқ болып шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жергілікті атқарушы билікпен, жұмыс берушілермен байланысы жоқтығы әшкере болды.
Індет әлі тарауда, ТЖ, карантин қайта енгізілуі де ғажап емес. Бірнеше қаланың жұмысы шектелген базарларының сатушылары наразылық танытып көшеге шықты. Карантинге байланысты әлеуметтік мәселелер толық шешілген жоқ.
Той бизнесі тығырыққа тірелді
Пандемия халыққа қоғамдағы әншілердің орнынан гөрі дәрігер мен мұғалімнің, полиция мен журналистің, аспаз бен тігіншінің орны зор екенін байқатты.
Той-томалақсыз, концертсіз, ойын-сауық орындары, мейрамхана, кафе, кинотеатрларсыз, әшекей бұйымдар мен киім бутиктерінсіз өткен үш ай қоғамдық санаға біраз өзгеріс әкелді. Халықтың көңіл көтеруге жұмсайтын қыруар қаржысы қалтасында қалып, жұрт пайдалы іспен айналысуға ден қоя бастады. Қазір желіде Қазақстанда тойға тыйым салу ұсынысы қызу талқыға түсіп жатыр. Журналистер тойға бес жыл мораторий жариялап, сол арқылы басқа салаларды дамытуды ұсынған.
Тойға тыйым салынғалы мыңдаған тойхана, мейрамхананың иесі басқа кәсіп жайлы ойлап жатырғаны анық. Себебі елімізде өндірістен гөрі той-томалақ бизнесі қызып тұр. Карантиннің «салқыны» тек әнші мен асабаға тиіп қоймайды. Бұл салада даяшылар, аспаз, ыдыс жуушылар, фотограф-видеограф, той типографиясы, музыканттар, бишілер, той киімі салондары, шаштараз-сән салондары, көлікті жалға беретіндер, көлік пен тойхананы безендіретін салондар, азық-түлік, алкоголь көтерме сауда орындары тығырыққа тірелді. Індеттен кейін бұл кәсіптің де тап бұрынғыдай болмайтыны анық.
Қай салаға қызығушылық артты?
Адамдардың басым көпшілігі қашықтан жұмыс жасауға көшкенде, бұрын көп нәрсенің қолдан қиындатылып жүргені айдан анық көрінді. Ең маңызды салалардың мамандары да жұмысын үйінде отырып жасауына болатынына көз жетті. Тіпті Үкімет мүшелері қашықтан жұмыс жасады. Сот залы бос болса да сот өтіп жатты. Онлайн білім алуға қызығушылық артты. Онлайн сауда қызды. Инвестицияны интернетке, коммуникацияға салу қажеттігін ұқтырды. ІТ компаниялар интернет қолданушыларының бірден бірнеше миллионға артып кетуіне техникалық жағынан дайын болмай қалды.
Тағам өндірісіне қызығушылар күрт көбейген. Үш айда нәзік жандылар өздері дайындауға шамасы жететін тамақтың бәрін пісіріп көрген шығар. Көпшілігі онлайн тапсырыс қабылдай бастады.
Фармацевтикалық компаниялардың тасы өрге домалады. Тек олардың үйге жеткізу сервисі дамымағаны сезілді. Өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және сауда компанияларының кейбірінің кірісі артқан.
Шет елдерде үйде отырып көңіл көтеруді ұсынатын сервистер дамыған. Компьютерлік ойын сервистері мен онлайн-кинотеатрлардың жазылушылары еселеп артып, видеоконтент ұсынатын компаниялар мен азық-түлік жеткізу сервистері пайданың астында қалған. Түрлі сала мамандарының онлайн консультациясына сұраныс артқан.
Онлайн дүкендер адамдардың хоббиіне, шығармашылығына қатысты тауарлардың 120 пайызға, кітап 110 пайызға көп сатылғанын жариялады. Адамдардың сүйікті ісімен айналысуына уақыты пайда болғаны.
Ауруханалардың жүктемесі көбейсе, карантин күшейтіледі
«Қазір жағдай қолайсыз. Осы аптаның 3 күнін өткен аптаның осындай кезеңімен салыстырғанда өсім 1,6 есе болып отыр. Бұл ретте, 15 өңірде аурудың 1,2 еседен 6 есеге дейін өскені байқалады. Ауруханалардың жүктемесі 90 пайыздан жоғары болса, карантиндік және шектеу шараларын күшейту қажет»,- деді бірнеше күн бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, 6 айға маскаға деген қажеттілік 111,2 млн дананы құрайды. Бүгінгі таңда 9 отандық кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 490 мың дана медициналық маска шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында осы жылдың соңына дейін 4 жаңа кәсіпорын ашылмақ.
Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік және биотехнологиялар саласы бойынша ғылыми зерттеулермен 12 ғылыми ұйым айналысуда. Онда 4,5 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, оның 1 300-і ғылыми атағы бар қызметкерлер. «Болашақ» бағдарламасының 157 стипендиаты биотехнология, генетика және вирусология бағыттары бойынша әлемнің үздік университеттерінде білім алды. Ұлттық биотехнология орталығы Денсаулық сақтау миинистрлігінің тапсырмасымен қазіргі уақытта 11 ПТР-тест жүйесін әзірлеген. Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева 13 наурыздан бастап 18 маусымға дейін Қазақстанда 1,2 миллионнан астам адам ПТР-тесттен өткенін мәлімдеді. Еліміз бойынша 56 зертхана қызмет көрсетуде. Еліміздің стационарларында өкпені жасанды желдетуге арналған 3 200-ден астам аппарат бар. Бүгінде инфекциялық стационарлардың бөлімшелеріндегі өкпені жасанды желдету аппараттардың тек үштен бірі ғана жағдайы өте ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін қолдануда.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавируспен аурудың екінші толқыны басталып кеткенін айтты. Ауруханаларда орын жетпей жатыр. Гигиеналық талаптар қатаң сақталмаса, карантин шаралары күшейтілмесе, жағдай күрделі…
Нұрлыбек Нұрланұлы,
«Дүрбі»