Жаңалықтар

СҚО-да жұртты «аруақ шақырып емдейтін» діни ағым өкілдері ұсталды

Қазақстанда тыйым салынған «Ата Жолы» оккульттік-мистикалық діни ағымды ұстанушы – Петропавл қаласының екі тұрғыны жұртқа дәстүрлі емес емдеу қызметін көрсеткен.

Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары діни заңнаманың сақталуына бақылау жүргізу нәтижесінде, жыл басынан бері 7 құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда тыйым салынған «Ата Жолы» оккульттік-мистикалық діни ағымды ұстанушы – Петропавл қаласының екі тұрғыны жұртқа дәстүрлі емес емдеу қызметін көрсеткен. Сеансқа келгендерді аруақ шақырып емдеймін деп уәде еткен екі әйел енді 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

YouTube видеохостингіне мониторинг жүргізу барысында діни сипаттағы бейнематериалдарды таратудың дерегі анықталды. Осыған байланысты, Петропавл қаласының 50 жастағы тұрғынына қатысты әкімшілік материал жиналды. Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен оған діни әдебиетті және діни мазмұндағы басқа материалдарды таратуға үш ай шектеу қойылды және 132 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынды.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңына сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға болады.

«Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады. Жыл басынан анықталған 7 факті бойынша 6 адамға 50-ден 100-ге дейінгі АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Бір материал сараптамаға жіберілді», – дейді СҚО ПД ЭҚІҚБ бастығының міндетін атқарушы Алмас Шитқанов.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close