Мақалалар
Теріс діни ағымдар қатерлі
Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,
Атырау қаласының «Сұлтан Бейбарыс»
мешітінің имамы
Қазіргі уақытта ата – бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген Әбу Ханифа (Алла ол кісіні рақымына бөлесін) жолын шариғатта дұрыс емес деп, өзінің санасымен сезінбей, өзгенің қаңсығына уланып жүрген жастарымыздың көбеюі – өкінішті жағдай.
Псевдосәләфилік, яғни уахаббилік, тәңіршілдік жамағаттары өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін халықтың санасын улап, ата-бабамыздың ұстанып келген тура сенімін адасқанға санап, салт-дәстүрлерді жоққа шығарып, оның шариғатқа қайшы келмейтін тұстарын ұстануға болмайды деп, ата-ананы күпірлікке айыптап, оларды сыйламай, еліміздің жастарын және дәулетті азаматтарды пасық сенімдеріне үгіттеп, өздерінің қол шоқпарларына айналдыруда.
Бұл дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – ата-бабаларымыздан қалған әсерлі де әдемі сөздерін қолданып сөйлеу арқылы халықты айтқанға көндіріп, санасыз топқа айналдыру арқылы олардың қара күштерінен тобыр жасап, басқару. Себебі, арнайы діни білімі жоқ кез- келген адамды көркем әшекейленген сөздермен елітіп алу өте оңай.
Пайғамбарымыз Салла Аллаһу алейһи уә сәлләм: «Жақсы сөз – сиқыр» деп те бекер айтпаған. Мұндайға жастайынан салт-дәстүрді бойына сіңдірген немесе діни білімді терең меңгерген пенде ғана елікпейді. Ал, осындай ізгі тәрбиеден алыс адам, яғни арнаулы ұстаздан дәріс алып, медресеге бармаған жан өз салт – дәстүріне қарсы ұйымның арасында қалған сәтте баяғы адами сипатын жоғалтып, мүлде басқаша ойлай бастайтын, яғни ойы өзгеріп, сол ұйымға тән іс-әрекеттерді жасайтын болады.
Соңғы уақытта діннен іргетасы қаланбаған кейбір адамдар шет елдерге өз қалауынша діни білім алуға аттанып, өздері білім алған мемлекеттің менталитеті мен салт-дәстүрлерін бойларына сіңдіріп, өте үлкен адасушылықтарға бой алғыза бастады.
Және сол алған білімдерімен елімізде дінге бет бұрған жандарға уағыз айту, әлеуметтік желілерде парақшалар ашу арқылы пәк саналарды улау жұмыстарын кеңінен жалғастыруда. Мен бұны Атыраудағы жазасын өтеп жатқан, экстремизм бабы бойынша сотталғандармен арнайы кездесу барысындағы сұқбатта өз көзіммен көрдім.
Жат жұртта қалып, өз беттерінше білім іздеген жастар дәстүрлі Исламның негіздерін үйреніп жатпағанын мүлде білмеді. Уақыт өте келе жихадшыға қалай айналып кеткендерін өздері де аңдамай қалды. Осындай жағдайлар мемлекет пен елдің бірлігі, бейбітшілігі, қоғамның қауіпсіздігі үшін ең қауіпті кесірлердің бірі екендігі бүгінгі таңда жасырын емес.
Жастарымыздың дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетуі – үлкен қатер және аса назар сала қарайтын жайт. Кей адамдардың дәстүрлі емес түрлі діни топтардың қатарына кіріп кетуіне бірнеше себептер бар. Соның бірі- әлеуметтік желілердегі дәстүрлі емес парақшалардың астыртын да белсенді жұмыс жасауы болса, енді бірі- ұлттық тарихымызды бейнелейтін, жаужүрек те білімді бабаларымыз туралы фильмдердің кеңінен түсірілмеуі. Сондай-ақ, еліміздегі медреселер мен жалғыз ислами университеттің жарнамасындағы осалдықты да айта кету керек.
Мүфтияттағы ғылымда озат, шариғатты өте терең меңгерген білікті де білімдар докторларды насихат жұмыстарына кеңінен араластыру арқылы үлкен жетістіктерге жете аламыз. Және теология саласының мамандарын Мүфтияттағы ғұламалар кеңесінен құралған комиссия мүшелеріне емтихан тапсырту арқылы мемлекеттің қолдауымен қайтадан қысқа мерзімде білімдерін арттыру арқылы елімізде діни білімнің деңгейінің көтерілуіне септігін тигізе аламыз.
Міне, осы ұсынылған мәселелер тек қана діни басқармаға ғана қатысты емес. Бұл қоғамдағы саналы азаматтар араласа отырып атқаратын үлкен іс екенін әр тұлға жанымен сезініп, түйсігіне тоқуы керек.
Келешек ел тарихының іргетасын орнықтыру – жастарымыздың қолында. Алла Тағала баршамызға қайырлы ғұмыр бергей, тәуелсіз еліміздің туы мәңгі желбіреп, ынтымағымыздың нығая түсуін, жастарымыздың иманды, саналы, білімді болуын нәсіп еткей!