Жаңалықтар
«Жусан» гуманитарлық бағдарламасы арқылы елімізге оралғандар ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтады
Атырау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында «Шапағат» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен орталықпен тығыз байланыста келе жатқан «Жусан» гуманитарлық бағдарламасы арқылы елімізге оралғандар арасында «Салт дәстүр-ұлттық тәрбие негізі» тақырыбында табиғат аясында ұлттық мәдени шара өтті.
Қазақ халқының да өзіне сай ерекшеліктерінің бейнесі секілді салт-дәстүрі бар. Олардың мән-мағынасы, берер тәрбиесі мол. Осы дәстүр сабақтастығын жалғау мақсатында шара ұйымдастырылды.
Шарада «Бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсімдері көрсетілді. Ақ жаулықты әжелер бесікке салу рәсімін көрсетіп, бесіктің артықшылығын, құрал-жабдықтарын түсіндірді.
«Жусан» бағдарламасы арқылы елімізге оралған отбасы мүшелері мен балаларына салтты түсіндіріп, малды сою тәртібі, малды сойғанда оқылатын дұға, атқа мінгізу тәртібі секілді дәстүрлерде назардан тыс қалмады.
Қазақ халқының әлі де түп қазығын сақтап отырған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің қай-қайсысы болмасын, оның дамуында, қалыптасуында негізгі идеологияның бірі. Сондықтан да ата-бабаларымыздың өмір тәжірибесімен қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді ұлттық кодымыздың анықтаушы бір элементі ретінде қоғамдық, отбасылық іс-әрекетімізде, тұрмыс-салтымызда ұстануымыз керек. Себебі, ұлттық әдет ғұрып, салт дәстүрлер арқылы – қазақ халқының өзіндік дәстүрлерін бойына сіңіре білетін, салт-дәстүрлерімізді ұғына білетін, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра білетін, ұлттық рухпен қаруланған тұлғаны қалыптастыруға мүмкіншілік аламыз. Халқымыздың тәрбие негізі, асыл қазынасы – салт-дәстүрлерді дұрыс жеткізе білсек, ұлтжанды азаматты қалыптастырдық деп нық айтуға болады.
«Шапағат» қоғамдық қоры