Жаңалықтар
Бас мүфти Атырау облысының әкімімен кездесті
Бүгін Атырау облысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар елдегі діни ахуал, пандемия жағдайындағы діни орындардың қызметі, кадр мәселесі, теріс ағымдармен күрес мәселелерін талқылады.
«Елімізде, жалпы әлемде пандемия орын алғанға дейін мешіттерімізде жұма намаздары оқылып, уағыз-насихаттарымыз халық арасында кеңінен айтылып келген еді. Қиын кезеңде мүфтият, жалпы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер жұмыстарын жаңа формат жағдайында жалғастырды. Яғни, заманауи технология мүмкіндіктерін пайдалану арқылы, халқымызға қолдау білдірдік. Уағыз-насихаттар онлайн форматта жүргізілді. Мешіт есіктері жабылғанымен, сауап есіктері жабылмады. Қайырымдылық бағытындағы шаралар күшейтіліп, мешіттерімізде цехтар ашылды. Маскалар тігіліп таратылды.
Сонымен бірге, мүфтият бірқатар маңызды құжаттар қабылдады. Пандемия жағдайында жаназа шығару, ас беру рәсімінің арнайы тәртібі бекітілді. Мешіттерімізде азан тоқтатылмады, Құран хатым жасалып, құрбандықтар шалынды. Халқымыздың бірлігінің арқасында бұл сынақтан да аман өттік» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу барысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов асыл дінімізді дәріптеу, ел бірлігін нығайту жолында еңбек етіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына алғысын жеткізді.
«Баршамыздың атқарып жүрген еңбегіміз ортақ. Мақсатымыз – еліміздің бірлігін, амандығын сақтау, әл-ауқатын нығайту» деген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов діни кадр даярлау мәселесінде жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау жалғасатынын айтты.
Еске сала кетелік, екі күндік жұмыс сапары аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысының имамдарымен кездеседі, Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылында жаңа мешіттің ашылу рәсіміне қатысады.
Сондай ақ, Атырау қаласында салынған «Имамдар үйін» ашады, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында мұқтаж отбасына пәтер кілтін табыстайды, әлеуметтік жағдайы төмен бір топ отбасына қайырымдылық шарасын жасайды, «Жусан» операциясымен оралғандармен кездеседі, терроризм бабымен істі болып, жазасын өтеп жатқандармен сұхбаттасу үшін түзеу мекемесіне барады деп күтілуде.
Баян Жанұзақова