Жаңалықтар
Мұхамеджан Тазабеков: «Таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта екеніне көзім жетті»
Алматыда 3 қараша күні өткен Ғұламалар Кеңесінің XXVII кезектен тыс отырысына қатысқан «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков үш мәселе бойынша өз пікірін жеткізді.
Ең бірінші «Асыл арна» телеарнасының жабылатынын, арна алдағы уақытта діни бағытта хабар таратпайтынын баса айтты. Екінші айтқаны Діни басқарманың төл телеарнасы «Халық арнаға» қолдау білдіруі. Қоғамның сұранысына сай көрерменге діни-рухани мазмұнда ақпар беретін арнаның ашылуына Бас мүфтидің еңбегі орасан екеніне тоқталды.
Отырыста бұған дейін көпшілік арасында күмән болған діни сенімге қатысты да өз ойларын жеткізді.
«Бұған дейін сәләфи жолындағы жігіттермен аралас-құралас болғаным рас. Матуриди ақидасына қатысты кейбір күмәнім болатын. Алайда, соңғы жылдары оның ең дұрыс сенім екеніне, ата-бабамыз ұстанған жол екеніне көзім жете бастады. Жүрегімдегі ең соңғы күмәндарымның сейіліп, Матуриди ақидасына толық бет бұруыма Наурызбай хазрет себепші болды. Ал таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта екеніне көзім жетті», – деді өз сөзінде М. Тазабеков.
дереккөз: muftyat.kz