Көкейкесті
Қазақстанда құжаттағы ұлт атауына қатысты мәселе неге қозғала береді?
11 қараша күні Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалған Майя Бекбаева жаңа қызметі туралы айта келіп, соңы әлеуметтік желілерде шуға айналған ұсынысты жеткізді.
Майя Бекбаева: «Барлығыңыздың құттықтауыңызға рахмет. Бұл қызмет жауапты, құрметті, қоғамдық қызмет. Сондықтан «Қазақ ТВ» телеарнасын одан әрі басқара беремін. Бүгін ассамблея отырысында өзіме қызық көрінген бір мәселені сіздермен талқылағым келеді. Тараздағы бір мектептің директоры, өз ұлты дүнген, әкесі дүнген, шешесі ұйғыр екен, кез келген басқа ұлт өкілі егер қаласа төлқұжатына қазақ, я қазақстандық деп жазса деген ұсыныс айтты. Ол кісінің аргументі Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері қазақ жерінде тұрғандықтан өздерін қазақ сезінеді екен. Ондай мүмкіндікті неге бермеске? Американы алайықшы. Үлкен ел, әртүрлі ұлттар тұрады. Бірақ бәрі ұлтын жазатын жерген «америкалық» деп жазады. Бұл ұсыныс туралы не айтасыздар?» деді.
Тап бұл ұсыныс бірінші рет айтылып тұрған жоқ. 2009 жылы жеке куәлік үлгісі өзгеріп жатқанда билік тарапынан ол жерге ұлтын көрсету қажет емес делінді. Сол кезде «қазақстандық ұлт» деген ұғымды қалыптастыру жайлы айтыла бастады. Қоғам қайраткерлері бастап бұған «ұлтты жою» деп қарсылық көрсетті.
Бұл тақырып үлкен қарсылықтан кейін жабылып еді, әбден ұмытылған кезде ассамблеяның жаңа орынбасары қайта көтеріп отыр.
Желіде бұл ұсынысты жақтаушыдан гөрі даттаушылар көбірек екені анық байқалды.
Мәселен, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан: «Ұлт дегеніміз ойыншық-таңдау емес, ол – туғаннан қанмен келетін дүние. Ұлтты азаматтығымен шатастыруға болмайды. Адамның азаматтығын айырбастауға құқығы және мүмкіндігі әлбетте бар болуы жөн. Ал ұлтты адам өзі таңдай алмайды, ол – туғаннан берілетін зат. Ұлтты адамның өз таңдауымен өзгерту – ешбір елде жоқ нәрсе. Екіншіден, қазақ ұлтын таңдауға жол ашатын болсақ, ертең қытайлар болсын, басқалар болсын келіп, «мен де қазақпын» деп шыға келсе, «бұл жер менікі» деп айтса, не істейміз? Құжат бойынша ол да қазақ болады ғой!» деді.
Саясаткер Алтай Абибуллаев: «Мая Бекбаеваның ұсынысымен түбегейлі келіспеймін әрі табанды түрде қарсымын. Қазақ қазақ болуы тиіс. Қазақтың жақсылығы мен жамандығын айту мен сынау құқы, өзгерту және сақтау мүмкіндігі ғасырлар бойы тек біздің өзіміздің қолымызда болды. Солай болып қала беруі де тиіс!!!
Басқа ұлт өкілі мен де «қазақпын» деп біздің менталитетімізді, тілімізді, ғұрпымызды, дәстүрімізді, дүниетанымызды, салтымызды, жақсы-жамандығымызға араласып, жағаласып, талап, ықпал етіп кету қаупін ескерген жөн. Ондай құқық тек қазақтардың өзінде ғана болуын талап етемін.
Өз тағдырымызды, болашағымызды бабаларымыз ғасырлар бойы аманат еткен бағытта таза сақтап, одан әрі дамытуымыз керек! «Жаман үйді қонағы билейді» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған» – деді.
Біреулер «мұның артында саясат бар» деп күдіктенсе, бірі «жүздеген этнос қазақ болса, қай руға қосылады? Әлде өз этностарының атымен жаңа ру ашамыз ба?» деп әзілдеуде. Ал енді бірі «этностар тұрған елінің заңын, мемлекеттік тілін, мәдениетін сыйлап, сол елдің көркеюіне атсалысса, қазақ ұлтына қарамай басына көтереді» деп жазды.
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтаса да, этнос өкілдерінің барлығы дерлік әлі мемлекеттік тілде сөйлемейді. Өзін нағыз қазақ сезінетін өзге этностың ұл-қызы саусақпен санарлық. Елдегі шынайы жағдайды бағамдамай тұрып, олардың барлығының ұлтын «қазақ» деп жаздыру ақылға сыя ма? Этностардың қарсылығын тудыру үшін, этносаралық қатынасты ушықтыру үшін жасалып отырған әрекет емес пе? Сіз не дейсіз?
Durbi.kz