Жаңалықтар
Интернеттегі діни жат ағымның торы түбі түрмеге тоғытар
Гүлмира БАЛҒОЖАЕВА,
Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының
Діни бірлестіктермен байланыс және діни экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы
Қазіргі уақытта интернет алаңы түрлі қайшылықтар мүддесіне толы екені мәлім. Өткір пышақ нанды да кесуі мүмкін, абай болмасаң, қолды да кесуі мүмкін. Ғаламтор да осы сияқты. Шалыс басқан қадамың орға жығып, орны толмас өкінішке соқтырады. Бүгінде қазақ жастарының санасын улап, ата- баба жолынан адастырып, зайырлы мемлекетіміздің бірлігіне сызат түсіруші жат діни ағымдар үшін әлеуметтік желілер қуатты құрал болып шыға келгелі қашан.
Әлеуметтік желілер әлемнің ғаламат ақпарат құралына айналды. «B kонтакте», «Whatsapp», «Facebook», «Instagram», «Twitter» желілерімен ел жастарының 100 пайызы жақсы таныс деуге болады.
Интернетте «Дін үшін күрес», «Кәпірлерге», «Тағуттарға» қарсы қасиетті «Қылыш жиһадын» насихаттау үздіксіз жүргізілуде. Мұндай кезде ұлттық танымға жақын рухани сенім, отбасындағы қазақы тәрбие, ақ пен қараны ажыратар сана сүзгісі болмаса, көкірек көзі бітеу адамдар құрдымға кетері анық.
Саяси салмағы жөнінен «Facebook» интернет пайдаланушылар арасында оқ бойы озық тұр. Әр 20 минут сайын «Facebook» желіде бір миллион сілтеме таралса, әр сағат сайын 4,5 миллион адам қандай да бір іс-шараға шақырту алады екен. Бірақ еліміздегі «Facebook» оқырмандарының көзі қарақты деп есептесе де болады. Себебі осы желіде бүлік бастауы болып отырған сәлафилік-уәххабилік ағым өкілдері қатты сынға ұшырап отырады. «Instagram» алаңы жарқ-жұрқ еткен жарнамаға толы. Бірақ саны миллионнан асып жағылатын жазылушылары бар әлеуметтік желі белсенділері бар екенін ескерсек, радикалды топтар «шейхтарының» Инстаграм әлемінде қатерлі үгіт жүргізіп отырғаны зайырлы мемлекетіміз үшін аса қауіпті.
Интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілер арқылы теріс діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы «Аналитикалық интернет карта» жобасы бойынша жұмыстар жүргізуде. Діни алауыздықты, араздықты қоздыруға, терроризм мен экстремизм идеяларын насихаттаушы азаматтардың әрекеттерін әшкерелеуге бағытталған бұл автоматтандырылған бағдарлама бойынша жыл басынан бері әлеуметтік желілерге (ВКонтакте) жүргізілген мониторинг арқылы ауқымды нәтижеге қол жеткізілді.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылының 1988 жылы туған «А» деген тұрғыны «Вконтакте» әлеуметтік желісінде деструктивтік мақсаттағы аудио- видео роликтерді таратқан. Деструктивті теріс ағымды ұстанушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы, 1 тармағы бойынша 2 жыл 6 айға бас бостандығынна айырылды.
Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылының 1994 жылы туғантағы бір тұрғыны «Вконтакте» желісіне салафилік, экстремистік пиғылдағы аудио- видео материалдарды жүктеген. Сот желіде «Жалғас Абу- Мухаммад» деген лақап атпен тіркелген заңбұзушыға ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы, 1 тармағы бойынша 2 жылға бас бостандығынан шектеуге шешім шығарды.
«Вконтакте» желісінде бір өзі 20-дан астам деструктивті діни сипаттағы топтарға тіркеліп, жастардың санасын бұзып, қоғамда алауыздық тудыратын экстремистік материалдарды таратқан 66 парақшаға актілер жасалды. Дін істері комитетінің берілген сараптамасы бойынша 48 парақша Маңғыстау облыстық Полиция департаментіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490 және 458 баптарына сәйкес жауапқа тарту үшін жолданды.
Басқармадіни теріс бағыттағы 1- 5 аралығындағы топқа жазылған аккаунттармен жұмыстануда. Бұл топтарға жазылған 7066 аккаунт парақшаларына хабарлама жіберіліп, нәтижесінде 6061аккаунт иелері теріс бағыттағы топтардан шықты. 144 парақша бұғатталды. Әлеуметтік желіде белсенді 8711 аккаунт иесімен жұмыс жүргізілді.
Басқарма тарапынан 1467 (аккаунт) деструктивті теріс ағым иелерімен кері байланыс орнатылды. 458-ітелефонмен,1009-ы хабарлама хаттар арқылы кеңестер алды. Бірінші тоқсанмен салыстырғанда жұмыс орындарын көрсеткен аккаунттар 67-ге, телефон номерлерін көрсеткен аккаунттар 157-ге азайып отыр.
Қазақстан бойынша «Вконтакте» желісінде жастардың 70 пайызы отырады. Олардың ішіндегі діни теріс ағым мүшелері әлеуметтік желілерде экстремистік пиғылдағы үгіт материалдарды тез таралып отыр.
Маңғыстау облысында аталмыш топтарға жазылған адамдардың жасы 18 – 30 жас аралығын құрайды. Олардың басым бөлігі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері. Олармен облыстық ақпараттық-түсіндіру топтары онлайн дәріс жүргізуде. Нәтижесінде Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университеттің теріс бағыттағы топтарды пайдаланушылар саны 92-ге азайды.
Айдаһарды мың мәрте турап тастағанмен тең
Сарапшылар діни ақпарат мазмұнын талдап болғанша, зымыраннан бетер таралған улы уағыз өз аудиториясын жаулап үлгіріп жатырғаны жасырын емес. Сондықтан әлеуметтік желілердегі деструктивті діни ағымға жетелейтін топтарды, қатерлі парақшаларды, күмәнді аккаунттарды неғұрлым ерте анықтап, жедел бұғаттау маңызды. Соның өзінде діни сарындағы контенттерге тосқауыл қою жеті басты ажалсыз айдаһарды мың мәрте турап тастағанмен тең. Оның бір басын кескенімен, орнына жетеуі өсіп шыға келеді. Алайда облыста атқарылып жатқан жұмыстардың арқасындатеріс діни топтарға жазылған парақшалардың азаюы жағынан өткен жылмен салыстырғандажоғары көрсеткішке жетіп отыр. Мысалы облыс бойынша деструктивті діни ағымын ұстанушы топтарды бұғаттау арқылы олардың саны 69-ға азайтылды. Яғни, 2020 жылдың 1 тоқсанында 761 топ болса, 3 тоқсанда 692-ге азайды.
Жыл басынан бері втоматтандырылған бағдарлама жүйесіне бұғаттауға 302 материал енгізілді.
Әлеуметтік желідегі салафи уағызшылардың ылаңы
Теріс діни ағымдар әлеуметтік желілер арқылы зайырлы мемлекетіміздің тұтастығына айтарлықтай нұқсан келтіріп, ел ішіне іріткі тудыруда. Олар тіпті мемлекетімдің қауіпсіздігіне де қол сұғуда.
Мысалы, өткен жылдарда «Дүрбі» газеті жазғандай, Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2017 жылғы 21 маусымдағы үкімімен Жаңақала ауданы тұрғындарынан құралған террористік топ сотталды. 2014 жылы Ф.Жантасов «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне тіркеліп, өзін-өзі құрбан ету, мұсылмандарды және мужаһидтерді жиһад жасауға үндеу және «Ислам мемлекеті – ДАИШ» халықаралық террористік ұйымының іс-әрекетін қолдайтын материалдарды орналастырған. Ф.Жантасов айналасына қоғамға қатерлі идеялармен уланған жамағатты топтастырып, ДАИШ халықаралық террористік ұйымының қара түсті туын қолдан жасаған. Олар бірнеше жеңіл көлікпен ауылдан алыс шығып, біреуінің төбесінен ДАИШ- тың қара туын желбіретіп шығарып жүріп, «кәпірлер мемлекетін» құлатуға ант берген. Бұл аса қауіпті топ мүшелері де интернеттегі салафи шейхтарының уағыздарымен уланған болатын. Жаппай тұтқындалған олар бүгінде темір тордың аржағында отыр.
Сондай-ақ қазан айында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылылық туралы Кодексінің 453-бабы 2-бөлігіне сәйкес «Instagram» және «Вконтакте» желілерінде деструктивті діни ағым материалдарын таратқан Атырау қаласының тұрғындарына да айыппұл салынды.
«Жусан» операциясымен оралғандар да интернеттен уланғандар
Жаһанға жиһад деп жар салған «ДАИШ»- тыңылаңы талай тағдырға тұзақ салды. Оған әлемді жаулаған әлеуметтік желілердегі көрсоқырлық себеп болғаны анық. «Жусан» операциясымен елге оралғандар да кезінде интернет арқылы Ділмұрат,«Шейх Халил»,Д.Мубаров,Назратолла, Октам сияқты теріс ағым уағызшыларын тыңдап, саналары уланып, солардың артына ергендер. Оның нәтижесі айдай әлемге белгілі. Яғни, олар шімірікпестен Отанын сатып кетті.
Жалпы интернеттегі қаралым саны жөнінен діни контент статистикасы көш бастап тұр. Оған адамдардың әлі күнге рухани аштығы себеп болып отырғаны анық. Алғашында жанға жағымды уағыз, көркем мінезге үгіттейтіндей болып көрінетін аудио, бейне жазбалар оқырмандарды тез баурап алады.Құрғақ уағыз қиядағыны шалатын көзге құм себелеуі мүмкін, ерік-жігерді қайраған жиһадқа шақырғыштар да егделерді елітуі мүмкін. Сирияға сарыүрпек бозбала, жалындаған жастар ғана «жұмақ» іздеп барған жоқ, оң-солын таныған, ғұмырының белортасына қадам басқан, отбасын құрып, жақсы нәпақа тауып жүрген сақалар да сақал қойып, балақ кесіп, қолына қару ұстап кетті. Мұндай сорақылықтың қайнар көзі, түпкі сорабы – интернет арқылы үздіксіз насихатталған радикалды идеологияның нәтижесі. Қазіргі уақытта әр адам жамбастап қасына алып жататын смартфон жын буылып тұрған шөлмектен кем емес.
Сондықтан ұрпақ қамы үшін ерте қам жасау маңызды. Діни үгіт-насихат таратып отырған аккаунт иелері түпкі мақсатын бірден айтпайды. Құран мен сүннет жолына сәйкес мағыналы аяттар мен тәлімді хадистерді көбірек назарға ұсынады. Рухани бастау іздеп жүрген адам оған құныға бас қойғанда, санасында ақ пен қараны ажыратуға мүмкіндік бермейтін «күмәнді іргетас» қалыптасып қалуы мүмкін. Тәпсір ғылымына бойлағансыпжүргендер сан тарапқа бағыт сілтеп, нәзік те күрделі таным – теріс ақида дәнегін санаға бірден сіңіруге тырысады. Мидағы шаблондар кейін нағыз ақиқатты аршып көрсетуге зор кедергі келтіреді.
Сондықтан діни үгіт-насихатқа толы контентті сараптап алу қажет.
Ислам мен қазақтың дәстүр жолын насихаттап жүрген білікті имамдар мен зайырлылық құндылықтарын қоса үйрететін сауатты теологтардың бағыт-бағдары бойынша тәлім алу керек. Күмәнді аккаунттар профиліне терең үңілу, белсенді автор туралы мәлімет жинау, оның таратқан уағызының дәстүрлі құндылықтарға қайшы келмейтініне көз жеткізу экстремизм мен терроризмнің алдын алады. Жаһан бойынша ақпараттың қорытылмаған нұсқасын тез таратып үлгеруге бейім әлеуметтік желілердің де дәурені ұзаққа созылмай, бірінің орнын бірі алмастырып отырады. Бірінің қолданушылары күрт кеміп жатса, енді бірі бірден миллиондар аудиториясын жаулап алуы мүмкін. Сондықтан заман ағымынан тыс қалмай, барлық әлеуметтік желідегі ағарту жұмысын тың форматта үздіксіз жүргізу керек. Интернеттегі ең озық дүниені меңгеретіндер – жастар екені даусыз. Қатерлі вирус олардың танымына дән сеуіп үлгермеуі үшін адамзатты өркениетке бастар рухани құндылықтарды қалқан қылып, ғаламтор құралдарын сақтықпен пайдаланып отыруға болады. Бүгінгі жаһандану заманында мемлекеттің, ұлттың болашағыүшін ақпараттық қауіпсіздікті қолдан келгенше сақтап, осы мақсатта белсенді жұмыстануға тиіспіз.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы бойынша әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты тудырған тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынып немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.