Жаңалықтар

«Сирияда малдың жемін қайнатып іштік»

Сәлима (есімі өзгертілді) бүгінде Ақтау қаласында тұрады. Күйеуі Сириядағы соғыста минаға  түсіп, аяғынан айырылып, мүгедек болыпты. Төрт баласын жетектеп, «Жусан» операциясымен елге әзер оралған Сәлимамен әңгімелесудің сәті түскен еді.


– Сәлима! Сіз елдегі бейбіт өмірді тәрк етіп, бала-шағаңызды арқалап, «жұмақ» іздеп, шекара астыңыз. «Жарылқайды» деп барған Сириядан іздегеніңізді таптыңыз ба? Ол жаққа қалай кеттіңіз? Не себеп, кім түрткі болды?

– Иә, мен жат ағымның жетегінде кетіп, «жұмақ» іздеген жанмын. Жат ағым жетегіне қалай кеткенімді басынан баян етейін.

1986 жылы Өзбекстанда туылдым. 9-сыныптан соң түскен колледжді бітіріп, 2005 жылы Ақтау қаласына жұмысқа келдім. Алғашында әр түрлі жұмыс істедім. Кейін Сәден деген кісінің үйіне ауру әйеліне көмекші болып жұмысқа кірдім. Ол кісілер намаз оқитын. Олардың намаз оқығанына қарап, қызығып жүретінмін. Бірақ маған намаз оқы деп ешкім айтқан емес. Содан 2009-2010 жылдары намаз оқығым келіп, әйелінен сұрап, үйрене бастадым. Ол кезде олар Ханафи мәзһабы бойынша намаз оқитын.

Үй иесімені қазіргі күйеуіммен таныстырды. Ол екеуміз жерлес болып шықтық. Қазақстан азаматтығын алған, Ақтауда дүкенде сатушы болып істейді екен. Біраз уақыттан кейін ауылдағы үйімізге ата-анасы құда түсіп барды. Сосын екі жақ келісіп, күйеуге шықтым, бұрынғы жұмысыма қайтып оралдым. Бес-алты айдан кейін біреудің үйінің бір бөлмесіне уақытша тұруға  көшіп кеттік.

Бәленің басы сол көшуден басталды. Бұл 2011 жылы еді. Бірінші балама аяғым ауыр кез. Көрші-қолаңмен танысып, араласа бастадым. Арасында бес-алты намаз оқитын әйелдер бар еді. Бір-бірімізді шайға шақырысып, той-томалақтарда бір-бірімізге көмектесіп жүрдік. Бірақ,намаз оқуымыз кішкене өзгере бастады. «Әминді» дауыстап айтатын болдық.

Сүйтіп жүргенде бізге бөлмесін берген кісі көшіп кетті де, орнына Тоқа деген кісі көшіп келді. Ол үйленбеген, жасы үлкен кісі еді. Кейіннен 5 баласы бар бір әйелді алды. Ол әйел ниқабпен жүретін. Ол бізге де «ниқаб киіңдер» деп айта бастады. Мен «Күйеуім айтпаса кимеймін» деп кимеймін дедім. Күйеуімде оған қатты мән бермейтін. Керісінше «Дұрыс емес, оны тыңдама» деп айтатын. Тоқа да дінді аса қатты ұстанбайтын, орысшалау адам еді. Тек үйленген соң кішкене өзгере бастады.

Жыл өткенде екінші баламды босандым. Бір күні Тоқа аяқастынан «Египетке оқуға барамыз» деп үйін сатып, басқа қалаға көшетін болды.  Кейін Сирияға кетіп қалыпты деп естідік. Сол жылы тағы да бірнеше таныстар мен көршілер Тоқаның артынан  кеткен еді. Бұл 2015 жылдың бас кезі болатын.

Біз бір ауылдан жер алып, туыс-туғандарымыз көмектесіп үй салып, сол жаққа көшіп бардық. Сол уақыттарда күйеуім мен Сириядағы Тоқа екеуі телеграм арқылы сөйлесіп жүреді екен. Күйеуім ол кезде де Ханафи мәзһабымен намаз оқып жүретін және Сирияға баруды қолдамайтын да, жақтырмайтын. Тоқа Сирияға барғаннан кейін ол жақтың мақтауын асырып, шақырыпты. Сүйтіп ойы өзгере бастады. Тіпті кейде кеткісі келіп жүрді. Кейде «дұрыс емес екен, бармаймыз» дегенде қуанып қалатынмын.

 

– Ол кезде уағыз тыңдайтын ба едіңіздер?      

– Дарынның уағыздарын тыңдап жүрдік, көбі күйеуге бағыну туралы уағыздар. Күйеуім сыртқа, көшеге шығуға, адамдармен араласуыма шек қоя бастады. Әйел адамдармен «өсек айтасың» деп жақындармен араласуыма да кедергі болды. «Күйеуі әйелін қызғану керек, қызғанбаса жәннат харам» дейтін. «Күйеуге бойұсыну» керек деп ұрса беретін болды. Дүкеннен керек затты өзі алып келетін.

 

Сонда жаңағы Тоқа деген жігіттің азғыруымен адасып, соның жетегінде кеттіңіздер ме?

– Басында күйеуім Тоқадан сырт айналып жүрген. Сирияға кеткенде де «Сен не үшін кеттің? Ол дұрыс емес» деген. Ал Тоқа «Жоқ, бұл жақта бәрі жақсы, адамдар өтірік айта береді, маған сенбейсің бе?» деп иландырып, ойын өзгерткен. Кейін мен ауруханада жатқанымда күйеуім келіп «Мен кететін болдым, сен не істейсің, соны айт» деді. Ол кезде екі балам бар, үшіншіге аяғым ауыр еді. Не істерімді білмедім, бармаймын десем өзі кетіп қалайын деп тұр. Өзімнің аяғым ауыр, «Қалай күн көремін, балаларды қалай бағамын?» деп ойладым. Сонымен «Мен де сенімен бірге кетемін» дедім. Күйеуім «Ол жақта халифат ашылып жатыр. Барлық мұсылманға хижра жасау парыз. Ертең біз қайтыс болсақ, бізден «сен неге көшпедің?» деп сұралады» деп түсіндірді. Сосын үйді, көлікті арзанға сатып, аяқ астынан  кеттік.

 

– Көшіп бара жатқандарыңызды жақындарыңыз білді ме?

– Күйеуім ата-анасына: «Алматыға көшіп бара жатырмыз, үйді сатып жатырмыз» деді. Ал мен анама ештеңе айтқан жоқпын, сөйлескен де жоқпын, не айтарымды білмедім.

 

– Сіздерді шекарадан кім өткізді? Кім күтіп алды?

 –Біздің алдымызда кеткен көршілер болды. Күйеуім көшер алдында солармен ақылдасып жоспар құрған болса керек. Сол кісілер бізді Түркияда күтіп алды. Өздерінің басшылары бар екен. Солар келіп телефонымызды жинап алып кетті. «Осы жерде тұрасыңдар, тамақ, бәрін өзіміз төлейміз» деп айтыпты күйеуіме. Бірақ біз барған уақытта Сирияға жол жабылып қалған екен. Сөйтіп Түркияда бір жыл тұрдық. Үшінші баламды сонда босандым. Олардың жалдап қойған он шақты пәтерлері бар. Ол жерден мүлдем шығармайды. Үш бөлмеде әйелдер бөлек, ерлер бөлек тұрды. Жақында босанған менде күйзеліс болды. Күйеуім анда-санда келіп тұратын. Бір келгенінде шаршап кеткенімді, бұлай болмайтынын айтып, «кетейікші» деп, қолқа салдым. Содан бір таныстарымызбен қосылып, ауылдан үй жалдап 3-4 ай тұрдық. Ауылың аты Кайшахр болуы керек. Кейін көршілеріміз «Ақшамыз бітіп қалды» деп, бұрынғы жерге қайта кетіп қалды. Ал күйеуім сол ауылға жұмысқа кірді. Менің сол жерде қалғым келді. «Жол ашылмай-ақ қойсыншы» деп тіледім. Бірақ күйеуім Қазақстанға қайтуды ойлаған жоқ. «Егер біз қайтсақ, қамап тастайды» деді. Ал бастықтары «Егер бізден қалсаңдар, Сирияға кету үшін кезекте тұрып қаласыңдар, – деп ескерткен еді.

Алдыңғы көршілеріміз Сирияға өз қаражатымен кетейін деп жатыр екен. Біз де соларға қосылдық. Түркияның Сириямен шекаралас жеріне дейін автобуспен апарды. Ары қарай арабтар келіп, бір таулы жерге апарып тастады. Ол жерде Түркияның солдаттары жүреді, көрсе ұстап алады, көрмесе өтіп кетесің. Арабтар алдымызда, біз ілесіп отырдық. Екі-үш әйелміз, қалғандары ер адамдар. Ол кезде үшінші балам алты айлық, жанымдағы келіншектің аяғы ауыр еді. Үш сағат жаяу жүріп Сирияның шекарасынан өттік. Ол жерде палаткалар құрылған, адамдар автоматпен жүрОлар бізді Жабхадқа апарып, «Сендер ИГИЛ-ге бара жатсыңдар» деп қамап тастады. «Шындарыңды айтпасаңдар, өлтіреміз» деді. Қатты қорықтық. Күйеулеріміз «Ол жаққа бармаймыз, сіздерде қаламыз» деп келісіпті. Алғашында Атьма деген жерге, ораза біткен соң Иглип деген  жерге апарды.  Күйеулерімізді әскерге алып кетті. Сол жерден Қазақстаннан кеткен бір-екі отбасыны көрдік.

 

-Сириядағы соғысты көзіңізбен көрдіңіз…

 -Ол кезге дейін біз соғыс көрмегенбіз. Ал Иглипте бомбылайды екен. Қатты қорықтық. Бір бөлмеде бірнеше адамнан тұру тағы басталды. Кешікпей күйеуім қайтып келіп, бөлек үйге шықтық. Күйеуім сол жерде автомат алып, сатып,  саудамен айналыса бастады. Оны көрген жабхадттықтар «Бізге қарсы бірдеңе істейін деп жүр» деп сезіктеніп, күйеуімді тағы да алып кетті. Мен Макарда қалдым (Макар – сонда барған «босқындар» тұратын жатақхана). Бір айдан соң сол жақпен келісті ма, білмеймін барлық әйелді жинап, жүк көлігіне тиеп, ИГИЛ-дің  тұрған жеріне апарды. Ол кезде күйеуім тірі ме, жоқ па, білмеймін. Сұрағанымда «Өлтіріп тастадық» деп айтты. Ол жерде жан-жақтан келген он шақты әйел болдық. Қызылша ауруымен шетімізден ауырып шықтық. Кішкентай балам да ауырды. Оның үстіне тұрған үйіміз жайсыз әрі сасық  болды да, ауруды одан сайын асқындырып жіберді.  Бір қыз қызылшадан қайтыс болды. Қатты қиналдық. Дәрігер келмейді. Сыртымыздан құлыптап кеткендіктен сыртқа шыға алмаймыз. Балам ембей, тамақ ішпей қалды. Етжеңді еді балам, тез-ақ азып кетті. Бізді күзетіп  тұрған еркекке баламды көрсетіп, «Өлейін деп жатыр» деп жылап-еңіреп, ауруханаға апаруға әрең көндірдім. Ол жерде система, антибиотик салып, балама пневмония өтіп кеткенін айтты. Дәріні өзім сатып алып, өзім емдеп, зорға дегенде тәуір болды. Жат ағымдағылардың түсінігінде медицинаға сенуге болмайды. Ол «Аллаға серік қосу» саналады. Сондықтан да емделуге қарсы…

 

-Одан арғы өміріңіз қалай болды?

 -Тұрған үйімізге бомба түсіп, бізді басқа жаққа көшірді. 2017 жылдың жазында күйеуім келді. Көп өтпей мергендікке үйретуге тағы алып кетті. Біз тұрған қаланы үздіксіз бомбалайтын. Күйеуім келіп Маядин, кейін Жазира деген жерге көштік. Ол жер тыныш екен. Күйеуім дәрі-дәрмектерді таситын жүргізуші болып жұмысқа кірді.  Ол мына соғыстың «жиһад» емес екенін, өзінің алданғанын біліп, Қазақстанға қайтудың,  құтылудың жолын іздестірді. Оның өзгере бастағанын білген басқалар, оны райынан қайтару үшін жан-жақтан уағыздай бастады. Қыс  түсе оны соғысқа алып кетті.

 

Сіздер ол жақта жүргенде өздеріңізді шақырған Тоқаны кездестірмедіңіздер ме?

–Тоқамен Жазирада тұрғанда кездесіп, бірге тұрдық. Шағын мешітте әйелдерге орыс тілінде сабақтар өтілетін. Тоқаның әйелі, тағы да басқа осы жақтан кеткен бірнеше әйел сабаққа барып жүрді. Мені күйеуім жіберген жоқ. Үйден шығармайтын еді. Әйелдердің барлығы ниқабпен жүрді. Кейін Тоқа баласын үйлендірді де, басқа жерге көшіп кетті. Ол кезде мен төртінші балама аяғым ауыр болды. Кейін ол жерді де бомбалау басталды. Бұл 2018 жылдың қазан айы. Сол тұста күйеуім минаға түсіп, бір аяғынан айырылып, бір аяғы қозғалмай қалды. Сол кезде Тоқа бастаған, Қазақстаннан кеткен біраз адам бомбаның астында опат болды. Біз тыныш жер іздеп көшіп, қашып жүрдік. Күндіз-түні бомбалап жатады. Сәл толас тапқанда окоптан окопқа өтіп, көшіп жүреміз. Төрт бала бар, күйеуім мүгедек. Балаларымды өзім арқалап жүрем, күйеуімді  біреулер көмектесіп, апарып тастайды әйтеуір…

 

– Сол уақыттарда қалай күн көрдіңіздер? Күйеуіңіз мүгедек, өзіңіз төрт баланы арқалап жүріпсіз…

Өзімізбен бірге алып келген ақшамыз бар, күйеуімнің сол жақта жүріп жұмыс істеп тапқан ақшасы бар, соларды үнемдеп күн көрдік. Күйеуім аяғынан айырылған тұста сырттан азық-түлік кіргізбей тастады. Тамаққа таршылық сол кезден басталды. Табылғанын талғажау еттік. Бидайды қайнатып ішеміз. Сол кездері қатты қиналып, ызаландық. Күйеуімнің аяқ-қолы сау кезде қамқорлық танытып, мүгедек боп қалғанда адам құрлы көрмегені жаныма қатты батты.  Біраз уақыттан кейін «Жарақат алғандар кетуге болады» деп бізді итере салды… Содан күйеуіме «Енді шыдамаймын, кетемін» деп балаларымды алып курдтарға кеттім. Күйеуім үлкен баламды алып, ертесіне келді. Курдтар еркектер мен әйелдерді бөліп тастады. Күйеуімді еркектермен бірге түрмеге қамап тастады. Ол жақта жарақат алғандар көп. Тіпті кейбірі жолда жатады. Бұрынғы соғыс кезі осындай болған шығар де ойлаймын. Кейде бір түс көріп жатқандай боламын… Сүйтіп иен далада тігілген палаткаларда кілең әйелдер тұрдық. Курттар сыртынан қоршап тұрады. Күйеулеріміздің өлі-тірісін білмедік.

 

– Ал, ол жерде қалай күн көрдіңіздер және ол жерден қалай құтылдыңыздар?

– Қасымда бір қазақ апай бар, сол жердегі ИГИЛ-ден қайтқан әйелдерге бәліш пісіріп сатып, күн көрдік. Кейін ақшаға сатып алатын тамақ болмады. Малға беретін жемді тауып алып, суға қайнатып іше бастадық. Соның өзін үнемдеуге тура келді. Аштан өлген балалар да болды.

Бір күні «Қазақстаннан адамдар келеді екен» деп естідік. Басында сенген жоқпыз. Себебі оған дейін де неше түрлі өсек тарап, өтірік болып шығатын. Алайда бағымызға қарай біраз уақыттан кейін  шынымен келді. Палаткіге келіп «Қазақ әйелдерінен кім кеткісі келеді, шықсын» деп, бәрімізді бір жерге жинады. Сол жерден Қазақстанның туын көріп, қатты қуанып, жыладық. Кететіндердің қатарына тізімделдік. Күйеуімнің қайда екенін де білмеймін. Оларға «Күйеуімді тастамаңыздаршы» деп аты-жөнін жазып бердім. Олар «Жақсы, күйеуіңе де барамыз» деп тізімге қосты. Бірақ олар «елге қайтқысы келмеген адамды жүр деп қыстамаймыз» деді.

 

– Сонда кеткісі келмей қалып қойғандар да болды ма?

 – Иә, әрине, «Осында қаламыз» деп қалғандар болды. Біздің кететінімізді естіген дағыстандық әйелдер, кеткісі келмеген басқа да қазақ әйелдері «Қазақстанға қайтып барсаңдар түрмеге қамайды, балаларыңды  тартып алады, егіп жынды ғып қояды» деп қорқытты. Біз шынымен солай болса қайтеміз деп жүрексіндік. Бірақ «бәріне көнермін, тым құрыса балаларымды туысқандарым асырар» деп тәуекелге бел будым. Ал кеткісі келмегендер қалып қойды. Бірақ тізімге іліне алмай қалып қалғандар да болды. Кететіндердің тізімін алып кеткеннен кейін бір таныс әйелді көріп оған айтып едім, ол елге қайтқысы келетінін айтты. Бірақ кейін ол әйелді көрмедім. Ол үш қызының екеуінен сол жерде айырылған. Біреуі аштықтан, біреуі соғыстан өлді. Жалпы курдтардың жерінен шығып кету өте қиын. Ол әйел сонда қалса керек. Бізді әкетуге көлік келгенде қуанып, төрт баламды жетектеп жүгірдім…

– Өткеніңізге өкінесіз бе?

– Әрине! Мен де, күйеуім де ол жерде кәдімгі мұсылмандардың өмірі бар, жай ғана қоныс аударамыз да, бейбіт өмір сүреміз деп ойладық. Тоқа да солай жеткізді бізге. Бірақ бәрі керісінше болды… Ал қазір ол күндерді есіме де түсіргім келмейді.

-Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан

 Ерзат ТӨЛЕШҰЛЫ,

теолог,

Маңғыстау облысы

 

 

 

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close