Жаңалықтар

Тәрбиелі қыз – ұлт болашағы

 «Қызды тәрбиелегенің– ұлтты тәрбиелегенің». Мұны айтқан біз емес, бізге дейінгілер солай деп, қыз баланы ұлттың өсіп-өнуінің бастауына балап, ұлттың ар- намысы санаған. Рас, бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ұрпақ жалғастығын бәрінен жоғары қою әлемнің өзге елдерінде сақтала бермейтін дәстүр. Жасыратыны жоқ, бүгінде қыз тәрбиесінде ұлттық негізден алшақтап барамыз. Ендеше, қыз баланы қалай тәрбиелеп жүрміз, осы?

Ата-бабамыз қызды қонаққа балап, төрден орын беріп, парасаттылыққа баулып өсірген. Қызға «жат жұрттық» қонақ ретінде жас күнінен отбасының бірлігін сақтаушы, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берді. «Қызым үйде – қылығы түзде» деген атам қазақ қызының жүріс-тұрысы мен киім киісіне дейін аса мән беріп, «қызға қырық үйден тиым» деп бақылауда ұстаған.

Бүгінде мойындау керек, кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Күн көрістің қамы дейміз бе, жоқ әлде жұмысбастылықтан ба, ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлуі азайғандай. Міне, сөйтіп қоғамымызда өз қолымыздан келеңсіз жағдай тудырып алдық.

Алайда өзіміз жіберген қателікті түзеп, жағдайды өз қолымызбен түзете алатынымызды да ұмытпаған жөн. Өзім де қыз өсіріп отырған ана ретінде қыз тәрбиесін қашан да назарымда ұстаймын. Нәзік жандылардың негізгі жаратылысы мен қазаққа тән асыл қасиеттерін, отбасындағы шынайы әйелдің бейнесі мен мәмілесін дәріптеу бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі. Сонымен қатар, діни ұстаз ретінде ислами отбасындағы қыз-келіншектердің тарапынан отбасындағы келеңсіз жағдайлар – ажырасу, ренжісу туралы сұрақтардың толастамауы мені де толғандырмай қоймады. Бұл көкейкесті мәселелерді ой елегінен өткізе келе, өңіріміздің бойжеткендері мен келіндеріне арналған «Қыз тәрбиесі-ұлт болашағы» атты 1 айлық курс өткізген болатынмын.

Ата- бабамыз қыз баланың бойына қарапайымдылық, сыпайылық, биязылық, инабаттылық, ұяңдық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, имандылық сияқты қасиеттерді қазақы дәстүрдесіңіріп өсірген. Курсты өткізудегі негізгі мақсатым – қазақ қызының бойында қоғамның ықпалымен жасырынып қалған инабаттылық пен ибаны, иман мен ілтипаттылықты ояту, өмірлік тәжірибемнің үлгі болар тұстарын жеткізу арқылы отбасы қарым-қатынасын айрықша  түсіндіру және сөзбен ғана емес, іс арқылы да насихаттау, дәстүрді дәріптеу болды. Аталмыш курстың бірінші сабағы «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыбында өтті. Сабақта «Тәрбиенің маңыздылығы», «Ұлттық құндылықтар», «Салт-дәстүрді сақтай білу», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Көркем мінез», «Мақал-мәтелдер ұғымы» тақырыптарында дәрістер берілді.

Өкініштісі, ұяңдық барлық қызда бола бермейтін қасиет. Ол отбасындағы тәрбиеден дариды. Жалпы, тәрбие тал бесіктен емес, құрсақтан басталуы керек. Ата- бабамыз иманы мен ибасы жүзінен байқалатынқызға қырық үйден тыйымды неге салған және оның мәні неде жатыр?

Қазақ халқының тұрмыс- тіршілігінде жақсы қасиеттер, салт-сана,салт-дәстүр байлығы ұлттың  мәдениеті  ретінде дәріптелді. Үлкенді құрметтеу, ізеттілік, көркем мінез, ата-ананың жүзіне мейіріммен қарау- ғибадат, мүміннің мұраты. Мінезіміз дұрыс болмаса дініміз дәрменсіз болатыны анық. Мұсылманның сипаты ұлттық құндылықтарымыздың сипатына қашанда сай келді.

Курсқа қатысқан қыз- келіншектер «Неке әдебі», «Әйелдің сыртқы ортамен байланысы», «Денсаулық-зор байлық», «Ашу –  дұшпан, ақыл – дос», «Жас келінге өсиет», «Әйел қырық шырақты», «Отбасы бақытына жетелейтін жолдар», «Ұлттық қолөнер- тәрбие көзі», «Отбасы құндылықтары» туралы дәріс тыңдап, өз пікірлерін айтып, ой бөлісті. Сондай-ақ,дәстүр мен тұрмыстың сабақтастығын шынайы өмірде көру үшін  сиыр сауып, ет асып, ұршық иіріп, көрпе көктеп, аналарымыз мұраға тастап кеткен асыл өнерімізді жаңғыртты.

Тұрмыс пен тіршіліктің тасасында қалған отбасылық мәміле, әсіресе,ер мен әйел арасындағы қылдан жіңішке, қылыштан өткір байланыс та ескерусіз қалмады. Әйел қылығын, ер қызметін ұмытқан сәтте салиқалы отбасы болмақ түгілі, шаңырақты сақтау қиынға соғатын мына заманда отбасылық мәселеге қатысты сұрақтардың болуы заңдылық. Тұрмыстың түйткілін шеше алмай жүрген келіншектер үшін бұл курс оң шешім табуға тікелей септігін тигізді. Бұлай деп жазуыма қатысушылардан келген кері байланыс арқау болып отыр. Курсқа үзбей келіп, айтылған кеңестер мен насихаттардытыңдаған нәзік жандар уақыт өте  бәріной таразысына салып, уығы сынған шаңырағынқайта көтеріп, отбасы бақытымен қайта қауышқандарын әлеуметтік желіде хат арқылы хабарлап, өз ризашылықтарын жеткізді.  Және бұл бір ғана жағдай емес.

Курс соңында қатысушы қыз-келіншектер бір ай уақыт ішінде алған әсерлерімен бөлісіп, алғыстарын айтып,ұйымдастырушылар тарапынан сертификаттарға ие болды.  Бүгінгі таңда бұрымдылардың болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстар санаулы болса да, сапасы сынға ілікпегені көңіл қуантады. Қазақ халқы  «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» – деп бекер айтпаса керек.

Назгүл ДАНАЕВА,

«Аманат-Жайық» қорының теологы

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close