Мақалалар

Терроризм – тажал

 Азат  ТАСБОЛАТ ,

Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы

Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық- талдау

орталығының директоры

 

Терроризм қатері – жаһанды толғандырып отырған өзекті мәселе. Әсіресе, діни ахуалға байланысты дабыл қағатын сарапшылар әлем бойынша ушығып тұрған лаңкестік ошақтар жалыны Орта Азияны шарпымай өтпейтінін айтады. Бүгінге дейін Қазақстанда қаншама радикалды ұйым құрықталғаны белгілі. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында»: «Халықаралық лаңкестікпен күрес Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі алғышарт бағыты болып табылады, сондай-ақ, лаңкестікпен ешқандай мемлекет жалғыз, жеке күресе алмайды, өйткені, қазіргі кездегі лаң-кестіктің шегі жоқ, демек, əлемнің барлық мемлекеті күш-қуатын біріктіруі қажет», – деген еді.

Жастар арасында экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алу және оларға қарсы күрестің ерекшеліктерін саралап, сол бағытта жүйелі жұмыс жүргізілсе, бұл терроризм деген тажалды құрықтауға қол жеткізуге болады.

Әрбір ұлт болашақ буынды көзінің қарашығындай сақтап қалуға ұмтылады. Қазақстанда радикализм шыңырауына түсіп кеткен жастар өте көп. Қаптаған ағымның ішінде қанаты қайырылғанөрімталдар да жетерлік. Оған дәлел – жерде жұмақ, ғаламда халифат орнатуды көксеген ДАИШ ұйымының соқыр сеніміне иланған Қазақстан Республикасының жүздеген азаматының туған топырағын тәрк еткенін сан мысал қылып айтсақ болады. Сирияда сеңдей соғылысқан тағдырлар тақсыретін естігенде жаның түршігеді. Мектептегі оқуын аяқтамаған бойжеткен жат жерге жетуге асыққан анасына ілесіп, бірнеше «шәһидтің» етегін ұстап, сорлап қалуы ел естімеген сұмдықтың бірі ғана еді. «Жусан» операциясы арқасында лаңкестік ошағынан оралғандарының көбі жуасып қайтты деу қате болар. Бұғалыққа көнбеген асаудай мөңкігендерінің түрмеге тоғытылып жатқаны бір бөлек, санасына запыран болып құйылған діни сенімге тас бекіп алғандар да жетерлік. Мәскеу қаласы бір күнде тұрғызыла қоймағаны белгілі. Бір күн қазақ жастарын ессіздікке еліктіріп, иланбасқа иландырып, көкірек көзін бітеп, аяқ-қолын шырмап алған құдірет бірден пайда болған жоқ. Бірнеше жылдан бері тамырын терең жайған қасіреттің, қадамын жұптап басқан қаскөйліктің, қой терісін жамылған қаніпезерліктің салдары еді мұның барлығы.

Қазақстан күштік құрылымдарының терроризм ұяшықтарын ерте талқандап, қару-жарақ жинап тайраңдағандарды тұзақтап жатқаны туралы сан хабар шартарапқа тарап жатады. Әлімсақтан белгілі, елді іштен ірітіп, сырттан соққы беретін жымысқы саясат алдымен жастарды құрыққа түсіреді. Өйткені балаң сана, бейкүнә көзқарас уағыз уытын бірден қабылдауға әзір. Радикалды ағымдардың «шейхтары» қасаң қағидаға бекіген қисынды ұтымды пайдаланады. Уахабилік сенім бойынша Құран аяттарын тура мағынасында түсіну парыз. «Алланың көзі, құлағы, саусағы бар, жүреді, таққа отырады» деді ме, бітті,тап соны ақиқат деп қабылдауды миға шегелеп тастайды. Одан әрмен «жиһад» жасаудың нақты қадамдарын көрсетіп беру өте оңай. Зайырлылық ұстанымына бекіп, салиқалы саясат ұстаған мемлекет стратегиясын «тағұт елі, кәпірлер жері» деп мансұқтап, шариғатқа шарт бекіген халифат құру моделін санаға бекітуді шебер меңгерген уағызшылар өте көп. Санаға бекіді ме, қанқұйлы төңкеріс жасаушылардың көлеңке-сұлбасы қарауытып, көрініп те жатыр.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда бейбіт ғұмыр кешіп отырған жерұйық елді безіндірудің сан алуан тәсілі көп. Терроризм мен экстремизмнің сыңарезу сипаты, дәлірек айтқанда, нақты мақсаты – Отанды отарлау, туған жерді тәрк еткізу, қасиет қонған топыраққа қаралы ту қадау екенін сан сарапшы айтып бере алады. Тіпті інжілдік иланымдағы жаңашыл ағымдардың сендіруінше, Отан қорғау, әскерге барып қару ұстауды «күнә» деп күстаналау парыз. «Жат ағымға жастар неге ереді?» деген сауал талайдың өзегін өртеп жатыр. Әлбетте, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, жұмыссыздықтың өршуі, тұрмыс тақсыретінің толастамауы басты себеп-салдардардың бірі болуы әбден кәдік. Дейтұрсақ та, қарны тоқ, көйлегі көк, көкірек көзі ашық азаматтардың да адасып, орға жығылып жатқанына қазіргі қоғам куә. Ұлттық құндылықтар ұлағат ұстыны болудан қалып барады. Рухани қайнар болатын идеологиялық тұтастық тағы жоқ. Сондықтан мемлекет ішіне дендей еніп, екі жеп, биге шығып жатқан сан қилыағым бар.

Кеудесіне жарылғыш зат байлап, ажал апанына қойып кететін мәңгүртікке дейін секталық наным-сенімінің түпқазығына байланған сәттен бастап, «жиһад құрбаны» психологиялық, теологиялық, радикалды оқу-тоқудан өтіп, бейімделу кезеңдерін біртіндеп бастан кешіргенін әуел бастан сезбей қалатыны анық. Діни білім іздеп кеткен жастардың біразы экстремистік топтар құрбанына айналғаны да ақиқат.

2000 жылдар басынан бермен үстірт уағыз көбігіне тойғандаркейінгі толқын піріне айналып, ұлт санасына сойқан соққы жасады. Тіпті шаһидтік сауапқа елегізегендер қолына қару алып, күштік құрылымдарды талқандауға дейін баратын қарекеттерге бой ұра бастады. Санаға жарықшақ түскен соң, діни дүлей иланым зұлмат зардабын жасайды. Ақ пен қараны електен өткізе алмай қалған қазақ ұрпағын буындырып жатқан долы қолдар құрсауын талқандауда дәрменсіз болып қалмаса дейсің.

Қазақстан жастар толқынын лаңкестік былығынан сақтаудың берік қалқанын жасауы тиіс. Интернет ғаламаты сансыз ақпарат сараламай-ақ қабылдауға жағдай жасап отыр. Сондықтан оң мен солын енді ажырата бастайтын балауса шақта ата-ана үшін бейқам қалмаудың маңызы зор. Одан әрмен қоғам боп тажалға қарсы тұрудың басты алғышарты – теологиялық және құқықтық сауатты арттыруға ден қою. Мемлекет діни институттарды қадағалай отырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін терроризм мен экстремизм зардабына тойтарыс беретін стратегиялық жоба-жоспар мен амал-әрекетті ұдайы жаңғыртып, жаңартып отыруы тиіс.

Осы орайда жастарды мемлекетті дамытушы басты күш ретінде қамқорлап, оларды лаңкестік құрығынан сақтауды бұлжымас қағидат ретінде қарастырып  қабылданған арнайы  мемлекеттік бағдарламалар аясында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, халықтың діни сауатын арттыру, діни теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық- талдау орталығы Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының басшылығымен жүйелі жұмыстарды атқаруда.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close