Көкейкесті
Діни фанатизм. Мұның артында кімдер тұр?
Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті назарына!
Жақында фейсбукта жасөспірім баланың халықты вакцина алмауға үндеген видеосы жарияланды.(видеоны қараңыз)
Онда ол бала:
«Бекболат Тілеуханов халықты вакцинадан қорғау керек деп жақсы айтты. Әрине, халықты вакцинадан қорғау керек. Вакцина мусор ғой әншейін, Анау біздің Құран Кәрімдегі дұғаның қасында болмай қалған вакцинаң мусор. Мысалы біреу ауырып қалса, дұға оқыса ертесіне аттай боп жазылып кетед. Жас бала сияқты жүгіріп жүред. Дұрыс па? Неге сенесіңдер қолдан жасалған нәрсеге? Неге Аллах Тағалаға сенбейсіз? Арғы дүниені ойлап атсыз ба? Ақша үшін адам өлтіріп атсыз ғой. Өтірік коронавирус деп, өтірік нәрсе, дә. Вакцинаң болсын, короновирус болсын, адамды қырып атсыз өтірік короновирус деп. Негізі ол короновирустың емі бар, вакцинасыз-ақ. Бірақ ақша үшін адам өлтіріп атсыз, арғы дүниені ойладыңыз ба, қабір азабын ойлап атсыз ба? Жәннатті кім аңсап жатыр екен? Жоқ, ақшаны аңсайсыз да» деген.
Бұл жасөспірімнің дін фанатигі екені сөзінен де, көзінен де анық көрініп тұр. Ата-бабаларымыз ежелден бес уақыт намазын оқып, қажыға барып, тіпті Кеңес Одағының жасаған қысымына да қарамай, намазын жасырын оқып, ұрпағына адал мен арамның не екенін үйретті. Алайда қазақ ислам дінін ұстай жүріп, ұрпаққа жәннат мен тозақты көзсіз насихаттап, шектен шыққан жоқ, керісінше дінмен бірге ұлттық салт- дәстүрімізді. ұлттық құндылықтарымызды, ырым-тыйымдарымызды да қоса үйретті, ұрпағын оқытуға күш салды, білімді азамат болуын қалады.
Қазақтың ұлттық ділі – ғасырлар бойы ұстанған салт-дәстүрімізде жатыр. Ал бүгінгі намазға жығылған кейбір жастарымыздың оқып білім алатын, технологияға, ғылымға, ұлттық мәдениетке, тарихқа үңіліп, өркениетке талпынып, тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп- өркендеуіне үлес қосу үшін ізденетін кезеңінде «жұмақты аңсап», «арғы дүниені» ғана ойлауы ұлтымыз үшін өте қауіпті құбылыс.
Соңғы жылдары бесіктен белі шықпай жатып, өмірінің мәнін дінге көзсіз бұрып жіберген, білімге, ғылымға, жалпы өркениетке, салт-дәстүрімізге өлердей қарсы, намаз оқымағандарды жек көретін ұл-қыздар өсіп келе жатқаны шындық.
Бұл баланың видеосы әлеуметтік желіде фейсбук қолданушы Амина Смағұлованың парақшасында қызу талқыланып жатыр.
Амина Смағұлованың өзі былай деп жазады: «Міне, Бекболат Тілеухан мен Тазабек жүргізіп жатқан исламизацияның жемістері. Мына бала діни көзқарасы бойынша вакцинаға қарсы шыққан депутаттың сөзін айтып отыр.
Пандемия басталғалы Қазақстанда коронавирус дертінен 3000 аса адам қайтыс болып, пневмониядан 700-ге жуық адам көз жұмған екен.
Қазіргі кезде коронавирус пен ковидтік пневмониядан 30 мыңнан астам адам ем қабылдап жатыр, оның 10 мыңнан астамы инфекциялық стационарларда.
Бірақ халыққа ковидтің қауіптілігін айтудың орнына, уағызшылар жастардың миын теріс дінмен улап, вакцинацияға қарсы қоюда!
Солардың кесірінен міне ковидті, ғылым мен білімді өтірік нәрсе – мусор деп, тек қана қабір азабын, жәннатты аңсап ойлайтын соқыр, мылқау діни фанатиктер еліне айналып барамыз!
Бұл видео күлкілі емес! Францияда адам өлтіріп, жарылыс жасап, Сириядағы соғысқа кетіп жатқандар – дәл осындай милары әбден уланған зомбилар!
Жастардың алтын уақытын ұрлап, миларын улап осындай діни наркоманға айналдырып жатқаны үшін кім жауап береді? Дені дұрыс елдерде ұлтына зиян келтірген сектанттарды соттайды, ал бізде Сенатқа отырғызып, мемлекеттік канал ашып береді!
Міне, интернет толған уағыздар, араб тілін үйрететін онлайн-мектептер. Бұларға лицензия, рұқсат кім беріп жатыр?
AkordaPress Берік Уәли Aida Balayeva ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
Askhat Aimagambetov ҚР Білім және ғылым министрлігі / Министерство образования и науки РК қайда қарап отырсыздар, мұндай балалардың болашағы не болмақ???
ttps://www.facebook.com/watch/?v=113122974123111
(Редакция автордың пікірі үшін жауап бермейді)
durbi.kz. Бұл парақшадағы 124 пікірдің бірінде Мұртаза Жүнісұлы «Санасы уланған жастарды көрсем жүрегім ауырады, әттең!» деп жазса, желі қолданушы Қалыбай Асанұлы: «Қорқынышты. Болашағымыз не болмақ?» деп дабыл қағады. Ербол Молдабек: «Ата-анасы қайда қарап отыр екен?» десе, Зейнеп Базарбайқызы: «Заң орындары қайда қарап отыр?» деп жазыпты.
Фейсбук қолданушылар көріп отырғандай, соңғы кезде әлеуметтік желілерде парақшаларында бірнеше мыңдаған жазылушылары бар ақын, әртіс қыздарымыз әке-шешесі азан шақырып қойған есімдерін арабшаға ауыстырып, арабтың жамылғысына оранып алып, әр түрлі онлайн курс, психологиялық тренингтер өткізіп жүр. Дін ұстанған біреулер араб тілін үйретіп жатыр. Сол қазақтар егер үйреткіш болса, тәуелсіз ел болсақ та әлі күнге дейін жетім баладай есіктен сығалып тұрған қазақ тілін неге үйретпейді? Неге олар өзге мемлекеттің мүддесіне қызмет етіп отыр? Жалпы әлеуметтік желіде қазақтың орамалын емес, қабат-қабат хиджабы мен араб тілін насихаттаудың ар жағында кімдер тұр? Бұл насихатты әлдебіреулер қаржыландырып отыр ма?
Біз осы мақаланы дайындау үстінде республикаға белгілі дін мамандары мен эксперттерге қоңырау шалып, бүгінгі қоғамда өте қауіпті құбылыс саналып отырған осы мәселелер туралы пікірлерін сұрап едік. Өкінішке орай, елімізге белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайдан өзгесі жауап бергісі келмеді. Оның ішінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы да бар…
Durbi.kz
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ,
белгілі дінтанушы
Жалпы кейбір жастардың дінге көзсіз берілуі, діни фанатизмге бой алдыруы, ғылымда белгілі нәрселерге қарсы шығуы тек қана діни көзқарастың салдары емес деп ойлаймын. Бұл жастардың ғана проблемасы емес, жалпы халықтың біраз бөлігі сындарлы ойлау қабілетінен мақұрым. Кез келген ақпаратқа сене салу, оның дұрыс – бұрысына көз жеткізбей жатып қандайда бір шешім шығару, сезімге беріліп әрекет ету, қоғамда болып жатқан жағдайларға сын көзімен қарай алмайтын халықтың біраз бөлігіне тән ауру деп айтуға болады. Сондықтан халықтың бұл бөлігі тобырға айналады.
Өткен жылды есімізге алып көрейікші, мысалға мүлдем намаз оқымайтын адамдар да «вирус жоқ, бұл қолдан жасалған, у дәріні мемлекеттің өзі шашып жатыр» деп айтты. Халықты былай қойғанда, өнер адамдарының арасындағы да,жалпы елдің алдында жүрген бірталай азаматтар вирустың жоқ екендігін айтып, оның алдау екендігін өздерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялаған болатын. Демек, бұл жерде әңгіме адамның дінге беріліп, берілмегендігі немесе қандайма бір саяси көзқарас ұстанғанында емес, жалпы адамның сын көзімен қарау және ойлау қабілетінің жоқтығының көрінісі деп айтуға болады. Естігені мен көргеніне баға бере алмайтын, мәселеге сыни көзбен қарай алмайтын адам діндар болсын, болмасын, осындай ешқандай дерексіз, күлкілі нәрселерді ойлайды, сондай нәрселерді айта бастайды. Сондықтан бұл діни фанатизмнің көрінісінен бұрын жалпы халықтың бір бөлігінің осындай үстірт, сезімге беріліп ойлайтыны, кез-келген ақпаратты сараптамай жатып сене салатын бойындағы қалыптасқан бір әлсіздігі деп ойлаймын.
Дін ұстанған жастардың бәрі осылай жұмақ пен тозақты ғана ойлайды деп ойламаймын. Арасында осындай сындарлы ойлау қабілеті жоқ балалар өздері естіп алған уағыздарын дұрыс түсінбей, осылай өздерінше «трактовка» жасап айтып жүруі мүмкін. Байқасаңыз, бұл балада бір еліктеушілік бар. Біреуге ақыл айтқансып, хайп іздеп, популизм басым сияқты. Сондықтан мен бір балаға бола дін ұстанған адамдардың бәрі осылай ойлайды, бүкіл жасөспірімдер осы бағытта кетіп бара жатыр дегенге сенбеймін. Арасында осындай сыни ойлау қабілеті жоқ балалар, ол дінде бола ма, басқа бағытта бола ма, осындай өлшеусіз артық әңгімелер айтуы мүмкін.
Мақсатбек ШАХЗАДАҰЛЫ,
Маңғыстау облысы Дін істері
басқармасының басшысы:
Мына видеороликті қарап отырып, қазақтың «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөзі есіме түсті. Ол сөз дәл осындай кері тартпа адамдар үшін айтылған. Тәкаппар болу өте үлкен күнә екенін біліп тұр ма бұл бала?!
Короновирус індеті бүкіл әлемді жылатып жатыр. Кеше ғана Индияда бір күнде 350 мың адам ауру жұқтырып, 3 мың адам қайтыс болды. Болып жатқан қауіп-қасіреттің түп-төркінін, оның салдарын түсінбеудің өзі қауіп. Ал оны дінмен ұштастыру тіптен өте қауіпті.
Тек діннен емес,дымнан да түсінігі жоқ бала. Кімді кінәлап, кімді алалап отыр? Діннен хабары бар болса, бұл індеттің Алладан екеніне көзі жетер еді ғой. Адам баласының басына түскен жақсылықта, жамандықта бір Алладан емес пе?! Соған орай әрекет ету, адам баласына берілген сынақ екенін бұлар түсініп отыр ма?! Жоқ, түсініп те, сезініп те отырған жоқ.
Мені мына бесіктен белі шықпаған жап-жас баланың соншалықты менменшіл болуы таң қалдырды. Тәлім-тәрбиеден жұрдай болып жатырмыз.
Өткен аптада осы сияқты жамағат арасындағы жастармен кездесіп едік. Жас жігіттер үлкенді сыйлауды білмейді, бетіңнен алып, сөз таластырып отыр. Тура біреулер артында дем бері, айтақтап отырғандай.
«Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген. Қасіретке жеткізбеу үшін осындай жастармен көп жұмыс істеуге тура келеді. Болашақ арандатушылар осындай жастардан өсіп шығады. Бұл өте қауіпті. Себебі білім мен ғылымға қызығушылығы жоқ, діни фанатизмге ұрынғандар деструктивтік ортадан бір-ақ шығуда. Бұл баламен жергілікті жеріндегі дін мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Түйсігі оянып, бір жақты түсінігінен қайтар деген ойдамын.