Жаңалықтар

Бас Мүфти «Жусан» операциясымен қайтарылған әйелдермен кездесті

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысындағы іссапар барысында Орал орталық мешітінде болып, «Жусан» операциясымен елге қайтарылып алынған әйелдермен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы Дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов, ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысындағы өкіл имамы, облыстың бас имамы Бақытжан Сабралиев қатысты.   

 

Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде Қазақстанға исламның келу тарихы, бүгінде елімізде жүздеген ислам ғалымдары өсіп шыққанын, ел мұсылмандары бірнеше ғасырдан бері Ахли сүннет, Матуриди ақидасы, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатынын, себебі Әбу Ханифа ең мықты мәзһабтың иесі болғанын, сондықтан адаспай, ата-бабамыз ұстанған мәзһабпен жүру керектігін айтты.

Аллаға шүкір, тәуелсіз мемлекет болдық, қуандық, ақ түйенің қарны жарылды, дініміз келді, салт- дәстүрімізді жаңғыртып жатырмыз, қазақ екенімізді мақтанып айтатын күнге жеттік. Бірақ сол қуаныштың қасында бір сынағы болды. Елімізге әр жақтан діни идеологиялар кіріп кетті. Нәтижесінде өздеріңіз сияқты қазақ жастары «жиһад», «халифат» деп адасып, шетелге шығып кетті.

Кезінде шетелге жол ашылмаған кезде Мекке туралы айтқанда аузымыздың суы құрып тыңдап, таңқалатын едік. Қазір Мекке жөнінде сол кездегі айтқан «Меккеде  ұрлық жоқ, Меккеде қылмыс жоқ!» деген сөзімізді ойласақ, ұяламыз. Өйткені өте асыра сілтеп, өте артық айтыппыз. Себебі бізге солай деп айтты, сендірді. Кейін өзіміз Меккеге барған соң оның мүлде қате екенін көзіміз көрді. Дәл сол сияқты сіздерге де ол жаққа «жиһад бар, халифат бар» деп айтты, сіздер де елден кетіп қалып, ол ақпараттың шындығына көзіңіз жетпей, өкіндіңіз.

Қазақ «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейді. Елбасы Н.Назарбаев, Президентіміз Қ.Тоқаев «Жусан» операциясын іске қосып, сіздерді елге қайтарып алды. Бұл Алланың берген үлкен сыйы, Алла өмір берді, енді әрі қарай көзді ашып, дінді дұрыс түсіну ғана қалды,– деді Бас Мүфти.

Одан әрі Бас Мүфти ақида мәселесіне тоқталып,  барлық мәселенің ақидада жатқанын, олардың ақидадан адасқан себепті елден кеткендерін түсіндіріп, ақида, сенім мәселесінде білімді адамнан емес, кітаптан оқып, үйрену керектігін баса айтты.

-Адасудың басы-ата-бабаларымыз жүрген жолды мансұқ етіп,  «Неге ата- бабаларды айтасыздар, неге Құран, сүннет деп айтпайсыздар?»  деген сөзден басталды. Оны сіздер жақсы білесіздер. Бұл сіздің ойыңызды басқа жаққа алып қашу, адастыру, күмәнғе итермелеу еді. Қазақ халқы сауатсыз емеспіз, қазақтыің ішінен әлемдік деңгейдегі небір ислам ғалымдары шықты. Сондықтан мұндай сөздермен алданбай, арбауға түсіп қалмай, исламды басқа елден іздемей, мешіттен, ел ғалымдарынан білім алыңыздар. «Брат,  сестра, оған барма,  тыңдама оны, ертең жүрегіңе күдік кіргізіп жібереді» деп қорқытып,  әдейі адасумен әрі қарай кете берулеріңді қалайтын адамдар өздерінін де адасып жүргендерін білмейді, мен «түзу жолдамын» деп ойлайды. Сондықтан сіздер ашық аяттар мен ашық хадистермен діннің дұрыстығына көз жеткізіңіздер. Елдің бірлігін сақтауға, елдегі адасқан қарындастарымыздың дұрыс жолға түсуіне үлес қосыңыздар! – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.     

 

Кездесу соңында Бас Мүфти Сириядан елге қайтарылған әйелдердің тұрмысқа шығып жатқанына тоқталды.

          –Сіздерге аға ретінде айтарым, тұрмысқа шығамын деп қайтадан екінші рет адаспаңыздар.  Әрине,тұрмыс құру- табиғи заңдылық, бірақ сабыр етіңіздер! Бір қателесіп, қайтып тәубеге келген кезде қайтадан адасып кетпеңіздер! Бастысы- өткеннен сабақ алып, ұл-қыздарыңызды елге қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеуге тиістісіздер. Қазақ өкпеге қиса да өлімге қимаған. Мемлекет сіздерді далада тастамай, қайтарып алды. Енді сіздер үшін барлық қиындық артта қалды. Біз де мұсылман бауыр, қазақ ағаларыңыз, отандас ретінде қолымыздан келгенше көмектесуге дайынбыз. Алла Тағала әрбір ісімізге қайыр – береке берсін!– деген Бас Мүфти кездесу соңында еліміздің амандығы үшін дұға оқып, бата жасады.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

durbi.kz

 

 

Диана ӨТЕГЕНОВА:

 -Мен «Жусан» операциясымен 2019 жылы мамыр айында елге оралдым. Елбасына, Президентке алғысымыз шексіз.Сол күннен бері бізге жан- жақты көмек көрсеткен дін мамандарына, Дін істері басқармасына, мешіт имамдарына және ұстаздарға алғыс айтқымыз келеді. Мешіттен діни сауатымызды ашып жатырмыз, жағдайымыз жақсы. Біздің тілегіміз елімізде соғыс болмасын!

 

АЙНАРА:

Елге оралғанымызға өте қуаныштымыз. Мен де 2019 жылы алғашқылардің бірі болып елге оралдым. Туған жерімізге табанымыз тигенде ауызбен айтып жеткізе алмайтын сезімде болдым.  Адасып кетіп едік, енді міне,  Аллаға шүкір, бүгінде қыздар Әбу Ханифа мәзһабына оралып жатыр. Имамдар, теологтар, ұстаздар бәрі- бәрі көмектесіп, білмегенімізді түсіндіріп, дұрыс жолды көрсетуде. Діни сауатымызды ашып, қоғамдық шараларға қатысып, балаларымызды өсіріп, еңбек етіп жатырмыз. Алғысымыз шексіз бәріне!

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close