Жаңалықтар
Отбасы құндылығын нығайту- заман талабы
Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 12 қазаны күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әйел жамағаты арасында «Отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтудағы діннің рөлі» атты дөңгелек үстел өткізілді. Шара Қазақстан Халқы Ассамблеясы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен өтті.
Шарада Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов: «Дөңгелек үстелге шақырылған ғалымдар, сарапшылар, қоғам өкілдері отбасын жоспарлау, жауапты ата-ана, репродуктивті денсаулық және оны сақтау жолдары, отбасылық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, ерте және мәжбүрлі некенің алдын алу, отбасындағы тәрбие мәселесіндегі ұлттық құндылықтар мен дәстүрді дәріптеу бағытындағы қажетті және пайдалы ақпаратты жеткізді» деп ризашылығын жеткізді.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, техника ғылымдарының докторы, Заң ғылымдары академиясының академигі Оңайбек Қажы Әбділов өз сөзінде: «Отбасы – мемлекеттің іргетасы һәм ажырамас бөлігі. Мемлекеттің тұрақтылығы мен өсіп өркендеуі отбасына байланысты. Отбасының қалыптасуында діннің алар орны ерекше. Ислам дінінде де отбасылық құндылықтарға үлкен мән берілген. Шариғатымызда әр мәселе жеке ғылым ретінде қарастырылса, соның ішінде отбасы тақырыбы өз алдына «Исламдағы отбасы» арнайы ғылым болып қалыптасқан. Қазіргі уақытта отбасының іргесі берік болмауы ерлі-зайыптылардың қарапайым отбасылық құндылықтарды, өзара міндеттері мен жауапкершіліктерін білмеуінде» деді.
«Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Қазақта «Отбасы туылмайды, оны құрады», «Жақсы жанұяда күйеуі саңырау, ал әйелі соқыр», «Қалай отбасыңды құрасың, дәл солай өмір сүресің» деген дана сөздер бар.
Отбасылық байланыс мықты болуы үшін, отбасылық және өмірлік тәжірибелері бар жан-жақты жетілген, өзіндік көзқарастары қалыптасқан ер мен әйелдің некелік қарым-қатынасынан үлгі алу керек» деді шарада сөйлеген ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы «Әйел-қыздар секторы» бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Казиева.
Сондай-ақ шараға қатысушылар отбасы құндылығын нығайту үшін дәстүрлі тәрбиені негіз ретінде қалыптастыру бағытында пікір алмасты. Шара соңында некеге тұратын жастарға арнаған жаднама үлестірілді.