Сараптама

Асқар САБДИН, исламтанушы, теолог: «Діни радикализмге қарсы исламдағы рационалдылық пен білім концепциясы»

Рационалдылықтың ажырамас бөлігіне жататын ой ұшқырлығы, плюрализм, толеранттылық, еркіндік, прагматизм және скептицизм секілді қасиеттер демонизацияға ұшырауда. Тіпті мәселе кейде, жердің тегістігін айтып дәлелдеу, медициналық көмекке қарсы келу секілді т.б. ақылға қонбайтын жағдайға дейін барады. Зияткерлікке қарсы (антиинтеллектуалды) және өткенге бағытталған мұндай дискурс нәтижесінде сенім иесін ой таяздығына, шектен тыс консерватизмге, радикализмге,  жаңа нәрсенің бәрінен тыйылуға итермелейді. Сондай-ақ оның бойында заманауи қоғамға деген дұшпандық отын тұтатып, өзі мен қоршаған ортасы арасында түсініспеушіліктің туындауына себеп болады.  

XVIII ғасырдың аяқ кезінен бастап, батыстық философияда (Гегель, Ренан), ислам дінінің консерватизмі рационалды ойлауға және ғылым мен білімге қарсы деген пікір басым бола бастады.

Соңғы ғасырларда, мұсылмандар арасында ғылым мен рационалдықтың әлсіреу тенденцияларымен қатар сакрализацияның, мистиканың, сондай-ақ буквализм мен шектен тыс догматизмның күшеюіне байланысты обскурантизм[1] байқалады. Мұнымен қоса, радикалды мұсылмандардың іс әрекеттері себепті, ислам мен рационалдықтың сәйкессіздік тезисі күннен-күнге артып келеді.

Діни мәтіндерде мұрат етілген мәселенің астарына үңілместен, сыртқы мағынаға ғана мән беріп, тікелей қабылдайтын буквализм өкілдерінің зияткерлікке қарсы (антиинтеллектуалды) ұстанымдары күшею үстінде. Мұндай буквалистерді анықтаудағы ғалымдардың біліктілігі болса, ортағасырлық мәтіндерге үңілумен (мәтін, шарх, хәшия), сондай-ақ оларды талдамай құр жаттап оқумен және дәйек қылып келтірумен шектеліп тұр. Ал ratio (ақыл-ой) мен байланысты діннің түсінігі (фиқһ), тек қана кітапта жазылған текстерге қадалу мен сыртқы формаға ғана мән беруге ауысты.

Фиқһ – ортағасырлық кітаптарды құр жаттап оқуға ойысса, қазіргі таңдағы проблемалардың шешімін табу, өткеннен үлгі қарастырумен ғана шектелген. Ертеректе рационалды ғақлият дәйектерімен және аллегориялық түсіндірмелермен үйлесім тапқан ортодоксалды ақида (сенім жүйесі) ақылды шектейтін бірбеткей әрі жабық теологияның ықпалына түсіп, жоғалып барады.

Мұндай буквалистік дискурс контекстіне тәуелді білім концепциясы, шектен тыс догматизммен, казуастикамен, ұсақ-түйек мәселелерді қарастырумен, бұрынғылардың көзқарасын нақтылаумен, фарисейлікпен шектеліп, еркін ойлауды, сондай-ақ рационалдылық пен таным-түсінікті сынға алады.

Буквалистердің монополистік іліміне сәйкес – ақыл адамды адастырады. Ал логика, философия және кәләм секілді рационалды ілімдерді оқып үйренуге тыйым салынады (яғни оларды харам деп жариялайды).

Рационалдылықтың ажырамас бөлігіне жататын; ой ұшқырлығы, плюрализм, толеранттылық, еркіндік, прагматизм және скептицизм секілді қасиеттер демонизацияға ұшырауда. Тіпті мәселе кейде, жердің тегістігін айтып дәлелдеу, медициналық көмекке қарсы келу секілді т.б. ақылға қонбайтын жағдайға дейін барады. Зияткерлікке қарсы (антиинтеллектуалды) және өткенге бағытталған мұндай дискурс, нәтижесінде сенім иесін ой таяздығына, шектен тыс консерватизмге, радикализмге, жаңа нәрсенің бәрінен тыйылуға итермелейді. Сондай-ақ оның бойында заманауи қоғамға деген дұшпандық отын тұтатып, өзі мен қоршаған ортасы арасында түсініспеушіліктің туындауына себеп болады.

Фундаменталист (заманауи проблемаға қарсы) сәйкесінше жаңа шешімдер ойлап табудың орнына, тарихи, әлеуметтік-мәдени, саяси және құқықтық контекстте, басқа ортаға тән өткеннің еншісінде қалып кеткен ескілікті қайтарғысы келеді. Осылайша буквалистердің зияткерлікке деген қарсы ұстанымы (антиинтеллектуалдығы) қазіргі таңдағы мұсылмандарды әдістемелік тұрғыдан маргиналдандырып, білім мен ғылым саласындағы кез келген прогреске қарсылық білдіруде. Ал олардың тудырған бүліктері және дұшпандықтары, агрессивті қылықтары мен зорлық-зомбылық әрекеттері қоғамды одан сайын атеизмге итермелеп жатыр. Буквалистердің зияткерлікке қарсы (антиинтеллектуалды) әрекеттері нәтижесінің теріс көрсеткіші – ол халықаралық деңгейде мұсылман үмбеті мәртебесінің радикализм және экстремизммен байланыстырылып, айтарлықтай төмендеуі.

Сондықтан рационализм мәдениетін дамыту және ислам теологиясы мен құқығындағы білім концепциясын қайта қарастыру, бүгінгі таңда аса өзекті мәселе болып отырғаны анық. Сананы рационалдыққа бейімдеу, мұсылманның таным көкжиегі мен ой өрісін кеңейтіп, оған өткенді ғана емес, сонымен қатар бүгіні мен болашақты да бағалауға көмектеседі. Ақпарат пен мағлұматты сақтау және жаңғырту проблема тудырмайтын мына заманда рационалдылық – мұсылмандарды ортағасыр теоритектері тарапынан қалыптасқан құр жаттау әдісінен босатып, бүгінгі таңдағы әлем мұсылмандарының жағдайына сыни тұрғыдан баға беруге мүмкіндік туғызады.

Мұсылмандар арасында рационалдылық пен білім концепциясын кеңейтуге арналған бұл ұсыныс  Қазақстандағы қоғамдық сана мен рухани құндылықтарды жаңғыртып, білім культін дәріптеуге, азаматтардың санасын оятып, ой еркіндігі мен рационалды әрі сыни қабілетті қалыптастыруға арналған. Біз мұсылмандар арасында дұрыс ой-сана қалыптастырып, инновация мен интеллектуалды дамуды, интеллектуалды комформизмен арылуды, өткенге көзсіз жалтақтамай, бүгінге және болашаққа құрметпен қарауды қайта жаңғыртуға шақырамыз. Сондай-ақ сенім иелерінің бойына белсенділікте, ашық позицияны ұялатуды көздейміз. Мұның нәтижесі ретінде мұсылмандық ой-сананың жетілуі, сондай-ақ қатып қалған буквалистік позицияның орнын, иляһи және адами ұғымдарының өзара үйлесімді әрекетінің алмастыруы күтілуде.

Мына мәселені де ескергеніміз жөн. Рационализм – біздегі құндылықтар мен рәсімдерге, қасиетті ритуалдар мен ұғымдарға немқұрайлы қарау дегенді білдірмейді. Ислам тарихында орын алған философиялық пікірге қарайтын болсақ, кез келген рационалдылық, позитивті және прогрессивті әлеуметтік-мәдени міндеттемені атқара бермейтіндігіне куә боламыз. Шектен шыққан көптеген консерваторларға көрінетіні секілді рационалдылықты дамыту – шариғатты немесе шариғат талаптарын мансұқтауды білдірмейді. Мәселен, Исламның алғашқы ғасырларында имам әл-Мәтуриди және философияның көрнекті өкілі әл-Фараби секілді рационалды бағытты ұстанушы ғалымдардың еңбегінің арқасында ақыл-ойға басымдық беру исламның негізгі құндылықтарына қауіп төндірген жоқ. Керісінше олар рационалды категорияларды ислам ілімдерін ілгерілету мақсатында ұтымды қолдана білді. Соның нәтижесінде олардың теологиялық біліктілігі логикалық аргументтермен қарулана түсті.

Е.А. Фролова: «Ислам – ғылым-білімнің дамуына негіз болатын рационалдылыққа аса маңыз беріп қарайтын дін» десе, Француз тарихшысы М. Роденсон: «Құран – ақыл-ойға жүгінудің маңыздылығын қамтыған қасиетті кітап», деп жазады. Құранда «ақл» – ақыл түбіріне қатысты 60-тан аса сөз қамтылған. «Ақыл иелері» (улул әлбәәб) деп баяндалған 40-тан аса қаратпа сөз бар. Ақыл-ойдың қызметі мен белсенділігіне қатысты айтылған етістіктер саны Құранда, құлшылықтың өзегі болған намаздан (саләт) да көп кездеседі. «Илм» – ілім және одан туындайтын етістік формалары Құранда 750 реттен артық қолданылған. Асылында, Құранның белгілі бір сөздерді жиі қайталауы негізгі құндылықтарды саналы ұғынуға көмектесіп, тыңдаған адамның санасында мықтап бекіте түседі. Осылайша Құрандағы ақыл-оймен және іліммен байланысты сөздердің жиі қайталанып келуі, рационалдылық пен ғылымның маңыздылығын білдіреді. (Ф. Роузентал, Торжество знания).

Ислам тарихында ақыл және ілім ислам білімдерімен қайшылықта болмаған. Көптеген ислам ойшылдары ғылым мен иләһи үкімдердің, жан мен тәннің, заңның сыртқы формасы мен ішкі мәнінің бірлігін мойындаған. Ибн Рушд (Аверроэс) өзінің «Фасл әл-мәқал уә тәкрир фи мә бәйнәл-хикмәти уә әш-шариғати мин әл-иттисал» еңбегінде, Ибн Тәймия «Дәру тәғаруд ән-нақл уә әл-ақл» кітабында, сондай-ақ басқа да ойшылдар бұл мәселелерге тоқталып өткен. Батыстық ғалымдар да ислам мәдениеті мен ғылымының тарихына анализ жасап, көптеген еңбектер жазды. Исламның алғашқы дәуірлерінде ақыл мен сенімнің, дін мен ғылымның арасын бөліп қарайтын диалектикалық теологиялық проблема болған емес. Мұсылмандар өзге өркениет пен философияның ғылымдағы артықшылықтарын ұтымды пайдалана білді. Алайда бірнеше ғасырдан кейін аталмыш салалардың арасында қарқынды түрде бөлінушілік басталды. Бастапқы кезде тәжірибе мен сыни ойлауға ашық болған мұсылмандардағы рационалдылық  уақыт өте келе белгілі бір ойдың барын көрсететін, бірақ, өмір шындығынан алыс абстрактылы-логикалық тұжырым жасаудың аса бір спекулятивті жүйесіне ойыса бастады. Мұсылман әлеміндегі ақыл-ойдың образы, буквалистердің формальды ұстанымдарының басымдығымен өзгеріп, «ижтиһад есіктерінің жабылуы» жарияланумен соңына ерді. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, сол уақытқа дейін мұсылман ғалымдары ақыл мен иләһи үкімдердің, ғылым мен діннің бір-біріне қайшы емес екендігін негіздейтін теорияларды ұстанды. Әл-Фараби «Бақытқа жету туралы» трактатында: «Дін мен философия ортақ пәндерді қамтиды, сондай-ақ жаратылған заттардың бастауы жайында нақты принциптер ұсынады. Философия мұның бәрін ақылға қонымды (болмыс) немесе ұғым ретінде түсіндірсе, дін мұны қиялдағы көрініс ретінде береді. Нәтижесінде, философия осының бәрін дәлелдейді, ал дін сендіреді», деп жазады. Одан кейін тарих сахнасына шыққан Ибн Рушд «ақиқаттың екіжақтылығы» концепциясын дамытты. Асылында исламның алғашқы кезең тарихы, ғылым мен діннің өзара жарастығы мен бір-біріне қайшы еместігіне куәлік етуде.

Исламға дейінгі кезең «жаһилия» дәуірі деп аталады. Сөзбе-сөз мағынасы – надандық. Алғашқы бұйрығы «Оқы» болған ислам діні осы надандыққа білім арқылы қарсы тұрып, онымен күресуге шақыратын дін. Осыған орай алғашқы мұсылмандар пайдалы, сенімді әрі нақты (яқини) білімге қол жеткізуге тырысты, сондай-ақ білімге деген құрмет үмбеттің басты ұстанымы болды.

Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) тәрбиесін көрген сахабалар Құран аяттарын талдап түсіндіруде, бір ғана мағынамен шеткелген жоқ, рационалды әдісті қолдана отырып, жан-жақты түсіндіруге тырысты. Бұл кейін Құран аяттарын рационалды қарастыруда арнайы салаға айналды (тәпсир дирая). Құран буквалистер секілді Ибраһим (2:60) мен Мұсаның (7:143) сыни пікірлерін жоққа шығармайды және олардың скептицизмін шайтанның азғыруы мен күмәнді нәрсеге баламайды.

Сүннетте пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) сахабалардың ақыл-ойға жүгіну әрекеттерін қолдап, олардың прагматикалық шешімдерін қабыл етіп, сенім негіздерін түсіндіруде рационалды аналогиялық әдісті қолдану арқылы ижтиһәдқа ынталандырғандығы жайында мысалдар өте көп. Хадистану іліміндегі негізгі мәселенің бірі, хадистанушылардың рационалды ижтиһадына сүйенетін хадистің дұрыстығы (тасхих) мен әлсіздігін (тадғиф) бекіту мәселесі.

Толыққанды рационалдылыққа фиқһ әһлир-рай (пікір-ой иелерінің фиқһын) жатқыза аламыз. Ижтиһад, қияс, истихсан, мәсалих және т.б. фиқһи категориялар, адамдағы ақыл-ойдың жемісі. Атақты құқықтанушы ғұлама имам Әбу Ханифа, заңнамалық шешім қабылдауда, оның ішінде гипотетикалық мәселелерді қарастыруда, новаторлық ұжымдық-кеңестік кейс-методты қолданған.

Усул әл-фиқһ –  исламның қайнар көздерін талдап түсіндіру методологиясының негіздері, белгілі бір деңгейде лингвистика мен семантикалық тұрғыдан рационалды дәлелдерге сүйенді. Усульшы ғалымдар діни мәтіндерден мағлұмат алуға деген ыждаһатымен ерекшеленетін.

Ақида – әһлі сүннет ғалымдарының сенімі, сенім негіздерін рационалды тұрғыдан түсінуде шариғат шеңберінен шыққан жоқ. Мұнымен қоса алғашқы буын мұсылмандары, бәрін білуге ұмтылатын субъектіні жітілдіруге деген белсенді идеяны дамытудың маңыздылығын жақсы түсінді.

Алғашқы рационалды мұсылмандардың білім концепциясы бақылаумен немесе тұжырым жасаумен ғана шектелген жоқ. Олар тәжірибе мен зерттеуге, экспериментке ашық еді. Гипотеза құруда, сыни ойлауда, индивидуализм мен идеализмде өте батыл қадамдар жасады. Исламның өркендеген тұсында мұсылмандар ресурс тапшылығына қарамастан сәулет өнерімен безендірілген ірі қалалар салды. Ислам академияларын, білім ошақтары мен аударма орталықтарын ашты. Ең жақсы кітапханалар мұсылмандардың еншісінде болды. Салық төлеудің экономикалық жүйесі мен әлеуметтік тұрмысы нашар жандарға арналған қайырымдылық қорларын құрды. Мұның бәрі қоршаған орта шындығын үздіксіз танудың арқасы. Ислам Қытайдан бастап, Испанияға дейінгі ұлан-ғайыр аумаққа әсер етті. Бағдад, Дамаск, Самарқанд, Фараб, Гранада, Каир, Ыстамбұл және т.б. мұсылман қалалары өз дәуірінің әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарына айналды. Құдай тағала санасына сәуле берген көптеген ғалымдар адамзат игілігі үшін жаңалықтар ашу мақсатында әртүрлі тәжірибелер жүргізді. Мәселен, X ғ. Андалусиялық Ибн Фирнас ең алғаш болып аз уақытқа әуеде ұшу тәжірибесін жүзеге асырды. 1010 ж. Фараб қаласынан Жауһари да алғашқылардың бірі болып әуеге көтерілу тәжірибесін сынап көрді. Жәбир ибн Хаййан (Гебер) алғаш болып қолдан ұрықтандыру идеясын қозғаған ғалымдардың бірі. Ибн Халдун сол дәуірде жаңа сала болып табылатын әлеуметтану ілімдерінің негізін қалады. Медицина саласында әз-Зәһрауи (Альбукасис) мен Ибн Синаның (Авиценна) еңбектері өз дәуірінен де озық түсіп, бес ғасырға жуық Еуропа университеттерінде оқытылды. О. Шпенглер имам Әбу Ханифаның заң ғылымдарына сіңірген еңбегіне ерекше баға берді. Хадистанушылар өздерінің ақылға негізделген ерен еңбектерінің арқасында, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап келген мұраларды жазбаша түрде тіркеп, санмен бекітіп шықты. Ибн Баттута мен Идриси география саласына оразан зор үлес қосты. Алгоритмдер әл-Хорезмидің есімімен аталғаны секілді, алгебраның атауы да автордың кітабы «Китаб әл-джәбр уә әл-муқабәлә» атауынан алынған.

Ислам сенімге қайшы келмейтін, ақыл-оймен, рационалдылықпен үйлесім тапқан барлық пайдалы білімге деген құрмет қалыптастырды.

Атақты қазақ ойшылдары да өз шығармаларында ақыл-ой мен ғылымның діндегі орны мен маңыздылығына тоқталған. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Таза ақылмен таппаған дін, шын дін емес – жындылық», «Дін тазасын діннен ізде, дін шатағын сынға ал. Анық айна өзіңізде, айда ақылды қаттырақ», дейді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өлеңдерінде дін мен ғылымның  өзара татуластығын жырлап былай дейді:

 

Дін – ғылымның анасы,

Дін – ғылымның әкесі.

Ғылым – діннің баласы,

Дін – ғылымның көкесі.

Ғылым да бар, дін де бар,

Қоқыс та бар, гүл де бар.

Қол ұстасып Құдайға,

Ғылым мен дін бірге бар.

 

Жоғарыда келтірілген дәйектердің барлығы исламда ақыл-ойдың маңызды рөлге ие екендігінің айғағы. Рациналдылықты насихаттау өз кезегінде мультипликация ықпалымен, барша Қазақстан мұсылмандары қоғамдастығында ой ұшқырлығы мен зеректіктің артуына ықпал етеді. Біз бұл жерде зорлық-зомбылыққа шақырмайтын, озбылық әрекеттерге итермелемейтін, исламның моральды және рухани бұйрықтарымен үйлесім тапқан толерантты рационализм жайында сөз қозғап отырымыз. Исламдағы ағартушылық дискурсының қайта жаңғыруына рационализм мәдениетін дамыту мен білім концепциясын кеңейту арқылы қол жеткізе аламыз.

Өз кезегінде исламтанушылық ортада позитивті рационализмді дамыту және білім концепциясын кеңейту плюрализмге деген толеранттылықтың артуына түрткі болады. Сондай-ақ адамды артқа тартатын тар әрі біржақты ойлауды, буквализмді, формализмді, мәтінді құр жаттау мен шектен тыс ескілікке байлануды, сакрализация мен фаталистік секілді қарама-қарсы ұстанымдарды әлсіретуге жәрдемдеседі. Фундаментализмнің, діндегі шектен шығушылық пен радикализмнің доктриналық базасы болып табылатын аталмыш категорияларды мансұқтау, өз кезегінде діндегі зорлық-зомбылыққа жол бермеуге, радикализм мен экстремизмнің алдын алуға оң әсерін тигізері сөзсіз.

Әдебиеттер

  • Фролова Е.А. «Наука и ислам», методологические проблемы изучения истории философии Зарубежного Востока. Москва. Наука, 1987. – 117-134сс.
  • Роузентал Ф. Торжество знания. Москва. Наука, 1978. – 372с.
  • الحارث المحاسبي العقل و فهم القرأن دار الفكر بيروت 1971
  • أبو نصر الفارابي أراء أهل المدينة الفاضلة و مضاداتها
  • محمد عمارة مقام العقل في الاسلام نشر النهضة مصر 2008
  • أشرف علي التهانوي الاسلام و العقلانية الأكاديمية شيخ الهند الجامعة الاسلامية دار العلوم 2011
  • أبو الوليد ابن رشد كتاب فصل المقال و تقرير ما بين الحكمة و الشريعة من الاتصال دار المشرق بيروت 1986

[1] Обскурантизм – ғылым-білімнің өркендеуіне және таралуына қарсы әрекет.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close