Сұқбат

Қадыр МЫРЗА-ӘЛІ: “Төртінші бала ғана әке-шешенікі”

Бұл сұқбат қазақтың көрнекті  ақыны Қадыр Мырза- Әлі ағамыздың көзі тірісінде  жазылған болатын.  Ақынға Орал қаласынан хан сарайындай үй беріліп, ағамыздың көңілі тасып жүрген жылдары еді. Ақынның осы сұқбатта айтылғандай өнегелі  әңгімелерін біраз тыңдап едім. Бүгінде «Бәрін шетінен хатқа неге түсіре бермедім екен?» деген өкініш те жоқ емес.


– Қадыр аға, әңгімені қазақ отбасыларының жағдайы, бала санын қайтсек көбейтеміз деген сұрақтан бастасақ, қалай қарайсыз?

 – Дұрыс қараймын. Себебі кез келген жазушы – белгілі бір дәрежеде қоғам қайраткері, яғни ұлт жанашыры. Олар халықтың мұң-мұқтажын жоқтамай тұра алмайды. Әсіресе, рухани құлдырау оларды да ойлантпай қоймайды.

Бала санын өсіру үшін егер менің қолымда билік болса, көптеп зауыт-фабрикалар салдырар едім. Төңірегіне ұлдар мен қыздарға арнап жатақхана тұрғызар едім. Біріншіден, жұмыс, екіншіден, тұрғын жай, үшіншіден, бойдақтық мәселесі бірден шешіледі. Сол жерде жастар табысып, үйленер еді. Егер дүниеге сәби келсе, екі бөлмелі, үш бала туса, үш бөлмелі пәтер бергізер едім. Жұмыссыздық, жоқшылық жойылмаса, бала саны ешқашан өспейді. Демографтардың айтуы бойынша, екі баламен ел өспек емес. Қазақ айтады: “Бірінші бала – Құдайдікі. Екінші бала – халықтікі!” – деп. Халықтікі дейтіні – ол ұл ел қорғайды, аман қайта ма, жоқ па, белгісіз нәрсе. “Үшінші бала – әке-шешеңдікі” деген. Қарттың бауырында өскен ұл әке-шешесін мойындамайды. Төртінші бала ғана әке-шешенікі. Міне, осы төртінші баладан бастап, халықтың өсуі басталады.

Ақын Жұмекен менің досым еді. Өзі ата-әжесінің бауырында өсті. Қарт пен кемпір: “Әй, келін, от жақ, шай әзірле!..” – деп отырады ғой, енді. Соны көріп өскен Жұмекен анасына қалжыңдап: “Әй, келін, шай әзірле!” – дейтін еді. Шешесі жайлап жымиып қана шайын әзірлеп, құйып беретін.

Бұл жерде бір керемет жүрекпен сезінетін сезім бар. Қазақ әйелінің ұстамдылығы, баласын жақсы көре тұра, ата-енесінің көңіліне қарау бізден өзге еш ұлтта жоқ. Мақтануымыз керек.

 

– Қазіргі келіндер мен қыздар қандай?

 – Мемлекеттің проблемасы – отбасының проблемасы. Бұл – ұлттық деңгейдегі мәселе.

Қазақтың қазақ болып қалуы аруларымыздың денсаулығына, рухани тіршілігіне, санасына, сезіміне байланысты. Қыздардың жағдайы өте қауіпті деңгейде тұр. Батыстың әсері бары рас. Олар қазір шабуылдаған әскердей ендеп кіріп кетті. Дискотека – жастарды отбасынан бөліп алып, бұзу үшін ойлап табылған нәрсе. Еліктіретін музыка, ол жерде сатылған есірткі, міне, жастарды құрдымға сүйреп бара жатқан дерт. Сол ортадан шығып үйленген жастар бәрібір бақытты болмайды. Статистика деректері бойынша үйленген жастардан ажырасқан отбасылардың саны басым. Осындай жағдайда отырып, біз ел боламыз деу қиын.

Қазақтың санын өсіру үшін сырттағы оралманның санына ғана мәз болып отырмау керек. Елдегі қазақтың тұрмысын жақсарту басты міндеті болмайынша, біз көбеймейміз де, байымаймыз да.

Мен бір қызық айтайын. Алматының Жамбыл мен Байғанин көшесінің қиылысында тұрдым. Қасымызда төрт-бес жатақхана болды. Қыста көз байлана құлақшынымды түсіріп, көшеде жүретін әдетім бар. Мен өзі өлеңді де солай жаздым. Қадалып отырғаннан гөрі жүрсем, ой жақсы келетін сияқты. Содан қолыма қарындаш, блокнотымды алып шығамын. Келген шумақтарды баған түбіне барып жарықта жазып ала қоямын. Жатар алдында қыздар дабырлап, қоқыс төгуге шығады. Бір күні жанымнан өткен қыздардың өзара әңгімесін құлағым шалып қалды.

«Ой, қыздар, – дейді біреуі, – сендер білмейсіңдер ғой, менің баланы қандай жақсы көретінімді! Егер менің бағым жанып, жақсы жігітке тұрмысқа шықсам, қанша болса да туа берер едім». Осы сөз менің жүрегімде қалды. Егер қыздың бағы жанбай жүрсе, не кінәсі бар? Түркіменбашы қыздардың шетелге кетуіне тыйым салған бұйрық берді. Егер біреуі шетелге тұрмысқа шығып кететін болса, өкіметке пәленбай мың доллар төлеуі қажет. Бұл жақсы ғой. Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Қызды елден жібермеген екен, өкімет ол қыздың бақытты болуын қамтамасыз етуі керек. Біздің елде жүзеге асып жатқан жастар бағдарламасы бар ма, өзі. Халықтың анасы – бүгінгі қыздар. Ал сол қыздарымызды отбасынан бастап қоғамдық деңгейде тәрбиелейтін ұлттық саясат тағы жоқ.

 

– Орайы келгенде айтып қалайын. ұлтымыздың күллі қазаққа белгілі  біраз азаматтары қазақтан қыз алмады. Неліктен деп ойлайсыз?

 – Өзге ұлт әдейі осындай саясат ұстап отыр. Әншейінде қазақты төмен санайтын орыстар талантымыздың шаужайына жабысып, қалайда қағып кетеді. Себебі қазақ – талантты, қасиетті халық. Қаны ескірген халықтарға таза қан керек. Бұл өзі – құртатын саясат.

 

– Қадыр аға, бұл мәселенің екінші жағы бар сияқты. Қазақтың  сүт бетіндегі қаймақ  жігіттері өз ұлтының қыздарын менсінбейді-ау…

 – Жоқ, олай емес! Менсінгенде қалай менсінеді! Шетелдің байлары үріп ауызға салғандай қыздарымызбен некеге отырып, қуанып алып кетіп жатады. Өзіміздің жігіттер оларға қызықпайды дейсің бе?! Бірақ еркектер ақымақ дер едім. Қазақ қыздарының артықшылығы олардың кемшілігі болып көрінеді. Қазақ қызының ұяңдығы, тәрбиелілігі, ұстамдылығы өздеріне сор. Ал орыстың қыздары қарапайым, жігіт не десе де көне береді.

Менің екі балам орыстың қызына үйленді. Біреуі Мәскеуде, екіншісі Ленинградта оқыды. Үлкен балам қазақ десе жанын береді, соның кесірінен Мәскеуде де, әскерде де таяқ жеп жүрді. Сол ұлым студент кезінде: “Егер менің қызым болса, оны шетелге оқуға жібермес едім”, – дейтін. Көрді ғой, далада жүрген қазақ қыздарын… Жалпы, жастарға жүрген ортасы күшті әсер етеді. Қазақ қыздарын басқа жаққа оқуға жіберуге болмайды. Бұл – бір проблема.

 

– Қадыр аға, екіншісін бастамас бұрын, осы бірінші проблема төңірегінде ой қозғасақ.

 “Қызды бұл заманда шеше тәрбиелемейді,

Көше тәрбиелейді.

Ұлды бұл заманда дана тәрбиелемейді,

Дала тәрбиелейді”,

– деп мәтел шығардым.  Менің жас кезімде оқушылар әжетханаға барып, аттың тезегін қағазға орап, темекі тартатын еді. Қазір де тап солай. Айырмасы, қазіргі жастар аттың қиын емес, есірткі, қымбат темекі тартады. Қазіргі қазақ қыздары ойнап-күледі. Бұл тағдыр енді! Махаббат дегенді қасиетті нәрсе деп есептейтін едік. Мына бір жағдай менің миыма сыймайды. Бір жолдас жігіт айтты: “Қадеке, сен үлкен ақынсың. Ақын қоғамның былық-шылығын көзімен көруі керек. Мен сені Саин көшесіне апарып, қыздарды көрсетейін”, – деді. Ойланып қалдым. Себебі қыз баланы үкілеп, шаң тигізбей өсірген халықпыз ғой. Кеудесін ешкімге бастырмай жүрген сұлу, дана қыздарымыз өте көп. Әлгіндей азын-шоғын жеңіл жүрісті қыздарға бола жалпы қазақ қызының бетіне шіркеу түсірмеуіміз керек. Мен өзі қыз баланы керемет сыйлаймын. Дегенмен барып көруге тәуекел еттім. Содан тротуарға жақын жолмен жайлап жүріп отырдық. Әр жерде екі-үштен, біреуден тұрған қазақ қыздары. Машинаны тоқтатсаң болды, жүгіріп келіп, өзінің қызмет түрін, бағасын айтады. 18-22 жас аралығындағы қыздар. Ішінара күйеуден қайтып келгендері болуы мүмкін, қалғандары – жап-жас студенттер. Біреуіне тәуекел етіп: “Айналайын, мен сенің әкеңнің жасындағы адаммын. Өмірге, мына тірлікке көзқарасым мүлде бөлек кісімін. Бірақ сөйлесейік!” – дедім. Содан бір жерге апарып, шәй ішіп отырып әңгімелестік. 17-18 жастағы әдемі қыз. Медициналық училищеде оқиды екен. Шығыс Қазақстан облысынан келген көрінеді.

– Әке-шешең бар ма? – деп сұрадым.

– Бар, – деді. Әкесі өзбек, шешесі қазақ екен.

– Мына жүрісің қалай болады, ертең тұрмысқа шықпайсың ба? –дедім.

– Әрине, тұрмысқа шығу біз үшін арман ғой. Бірақ мен мұны еркекке қызыққаннан не болмаса аурулықтан істеп жүргенім жоқ. Әке-шешемнің тұрмысы өте нашар, бауырларым бар. Соларға ай сайын ақша жіберемін. Денсаулығымды қарап тұратын дәрігерім бар, – деді.

Міне, көрдіңіз бе?! Бұл – енді әлеуметтік мәселе. Осындай қыздардың ішінде еріккеннен, қаны бұзықтықтан жүргендер де бар. Біздің зиялылардың да қыздары жүр… Ал жаңағы қыздың ісі – мұқтаждық. Сосын қасымдағы жігітке: “Көзім жетті, енді мұндайды маған көрсетпей-ақ қой!..” – дедім.

Мені таңғалдырған тағы бір жағдай болды. Түркістан қаласының 1500 жылдығына бардық. Жан-жақтан келген халық көп болды ғой, бізді университеттің жатақханасына орналастырды. Кеште жас жігіттер бір-біріне қалжыңдап: “Қыз керек пе?” – деп жатты. Телефон соғып еді, сол жерде қыздар жетіп келгені. Университетте оқиды екен. Есім кетіп қалды. Алматыда, Шығыс Қазақстанда, орыстармен шекаралас жатқан Оралда болса ештеңе емес. Ал Түркістанда мынадай оғаш жағдай бар деп ойламаппын. Қайнаған қазақ. Ақсақ Темір салдыртқан Яссауи кесенесі, қасиетті топырақ. Ең қиын кезеңде де мешіті ашық тұрған, мұсылмандық пен иманның ұйыған ортасы емес пе?! Жағамды ұстадым! Бұл ауру, көке! Бұларға рухани да, медициналық та ем керек. Қыздарды қиындықтан құтқару керек, жұмысқа орналастыру, жатақхана беру, қала берді, тұрмысқа шығуға сеп болуымыз қажет.

 

– Екінші мәселе туралы айтсаңыз.

 – Қай заманда да қыздардың саны көп болған. Әйел көп болса, тіршілік барын табиғат білетін болуы керек. Егер 16-29 жас аралығында қыз бала тұрмысқа шыға алмаса, күн санап семе береді.

 

– Бұған кім кінәлі?

 – Әрине, жігіттер. Қазіргі жігіттер арақ ішеді, уақытша ойнап-күлгенді ұнатады. Шырылдатып жылатып, қыздарды алдап кетеді. Жалпы, ер адамның жағымсыз жақтары өте көп. “Бөрік кигеннің намысы бір” деп қарап отыруға болмайды. Кішкентай кезінен бастап ұлға: “Қыз бала сенің қарындасың, қазақ қарындасына жамандық істемейді”, – деп құлағына құйып өсіру керек. Бізге өткен тарихымызға қайтадан үңілген артық емес. Бұл ескілікті көксеу болып көрінуі мүмкін. Бірақ бастан кешіп, оның қажеттілігін түсінген бір салт бар.

 

– Әмеңгерлік емес пе?

 – Әрине, әмеңгерлік. Алматыда бір қызық жағдай болды. Кәрібай деген жазушының үлкен ұлы жол апатынан қайтыс болып, артында жас жары жесір, бесікте баласы жетім қалды. Сол Кәрібай үйленбеген екінші ұлына: “Сен мыңқ етпе, мына жеңгең сенен бірер жас қана үлкен, осыған үйленесің, мына бауырыңның баласы – сенің балаң!” – депті. Бала көніп, жеңгесіне үйленді. “Әмеңгерлік қазақтың салты, өз дәстүрің. Бір-біріңді жақсы көріп тұрып кетсеңдер, тіпті керім, ал егер тоқал алам, біреуді ұнаттым десең, салт бойынша жеңгең қарсы болмайды”, – деп және шегелеген ғой. Бұл енді, мықтылық!

 

– Бұл мәселеге қайтадан оралу керек дейсіз ғой…

 – Иә, әмеңгерлікті жандандыру керек. Мысалы, ағасы қайтыс болды. Жеңгесі баланы асыраймын деп азып-тозды. Тіпті ол баладан да қызық көрмейді, өскен соң ұлы ұрымға, қызы қырымға кетеді. Бірге туған екі ұлға ағасының баласы бауыры, қаны емес пе? Әмеңгерлік жолмен неге жеңгесіне үйленбеске?! Әйел де тірі жан, жастай семіп отырып қалмай, қайнысынан да пәлен бала туар. Қазақтың салты, бұл солай болуға тиісті деп қарауымыз керек. Және әмеңгерлік жолмен үйленген жігіттің тоқал алуға толық құқы бар.

 

– Сіз көп әйел алуды да қолдайсыз ба?

 – Қазақтың санын өсіру үшін бұған да баруымыз қажет. Жалпы, көп әйел алу – біздің ұлтқа жат нәрсе емес. Бір мысал айтайын. Бір жолы Шымкентке барғанымда, бір шопырмен таныстым. Төрт әйелі бар екен. “Ойбай-ай, оларды қалай асырайды?” деп есім кетіп қалды. Сөйтсем, толағай табыскер жігіт екен, әр әйеліне бөлек үй салып беріпті. Және әйелдері тату-тәтті араласып тұрады дейді. Керемет емес пе? Осыдан кейін қазақ көп әйелдің басын қосып ұстай алмайды деп көрші?! Бұл енді, адамның өзінің сенімімен болатын жағдай.   Өмірде енді, шіркін, неше түрлі жағдайлар болып жатады ғой! Бірақ қандай жағдай болмасын, дүниеге сәби келеді. Демография дегенің осы емес пе?! Оң жақта отырып қалған қыздардың бағын жандыратын осыдан асқан тәсілді, яғни тығырықтан алып шығар басқа жолды көріп отырған жоқпын.

 

– Қадыр аға, қазақ отбасындағы бала тәрбиесі қандай дәрежеде деп ойлайсыз?

 – Бұрында қазақтың үйіне қонақ келгенде, бала оның қолына су құятын еді. Ал қонақ баланы тізесіне отырғызып, басынан сипап: “Өскенде кім боласың, әке-шешеңді асырайсың ба?” – деп сұрайтын. Тәрбиенің көкесі осы еді! Ал бүгінде осылай деп сұрайтын қонақ та, әке-шешемді асыраймын деген бала да жоқ. Қазір елге ақыл айтып жүрген азаматтардың балалары әлі күнге дейін әке-шешесінің мойнында отыр.

Отбасында әйелдің тәрбиесі бірінші тұру керек. Әйелдің психологиясы бөлек. Алайда әйел мен еркекті бөліп қарай алмайсың. Құдай о баста екеуін бір-біріне қажет етіп жаратқан. Бірінсіз-бірі күн көре алмайды. Бірақ қазіргі жастар үйленіп алып, тағы бірге тұра алмайды. Таңда ұрысып тұрады, кеште татуласады. Осындай отбасының сәбилерінің жүйкесі бұзылып, бара-бара көшеге шығып кететін жағдайлар өте көп. Нашақор, маскүнем ұл, жүргіш қыз қайдан шығады? Әрине, осындай отбасынан!

Махаббат дегенге мен аяулы сезім деп қарайтын адаммын. Махаббат қазір де бар. Бірақ өңі өзгеріп, басқашалау болып кетті. Менің Алматыда өзіммен бірге тұратын кенже балам училищеде оқып жүргенде үйленемін деді. Өзі он жетіде. Ал қыздың жасы 16-да екен. “Үйленуге жасың жеткен жоқ, оқуды да бітірген жоқсың”, – деп қарсы болдым. Сөйтсем, үйленбей болмайтын жағдай болып қалыпты. Үйлендірдік, бірақ баланы 18-ге толғанда әскерге алып кетті. Екі жылдан соң келгесін, пәтер жалдап бөлек шығардық. Алты ай тұрды да, ажырасып кетті. Өліп-өшіп үйленген адамдар. Келінге үй алып бердім, жалғыз болған соң аяп, баласы бауырында болсын деп немеремді уақытша өзіне бердім. Балам содан он жыл бойы үйленбей жүрді. Бір күні балама үйлену туралы әңгіме қозғап едім, онша мән бере қоймады. Сосын: “Өзің сүйіп қосылған жарыңнан ажырасып кеттің. Енді әйелді өзім алып беремін!” – деп едім, “Е-е, жарайды, сөйтіңіз!” деп қарап отыр. Арада уақыт өте тағы айтып едім, “Мен келістім ғой, өзіңіз алып берем дедіңіз. Өзіңіз қарап алып беріңіз!” деді тағы. Әкемін ғой. Жүрегім жылып қалды. Сосын келін іздеп, ойша облыстарды аралап кеттім ғой. Мен жалпы қазақты бөлмей, тұтас қарайтын адаммын. Өзі құртақандай сорлы халықты бөліп-жарғаннан не табамыз?! Содан Оралды, Атырауды ойладым. Басқа облыстарды да ойладым. Сөйтсем, әр аймақтың өзіне тән ерекшеліктері бар екен. Оралдан Мәншүктің шығуы тегін емес. Соғысып, айқасып өскен ел. Қыздарының өзі өз күнін өзі көре алады. Бірақ кеудесін ешкімге бастырмайды. Арқаның қыздары да біздің қыздарға ұқсас. Ал оңтүстіктің тәрбиесі мүлде бөлек. Олар шешесінің қасында жайлап жүріп, қонақ күту, ас пісіру, жалпы, әйелге тән міндетті игеріп өседі. Оларға шешенің ықпалы өте күшті болады. Отбасында берілген тәрбиенің арқасында болашақ отбасының моделі қыздың санасына ұялап, бірге өседі. Қайын жұртының алдына шықпау, тұрмысқа шығып, бала туу, қосағын күту – оңтүстіктің қыздарының басты мақсаты. Бірақ ол жақтың да өте қауіпті тұстары бар, қазақпыз ғой. Онсыз болмайды. Содан ойымды менің 4 томдығымды шығарған “Қазығұрт” баспасының директорына айттым.

– Аға, шын айтып отырсыз ба? – деді.

– Шын айтам, маған бір ибалы келін тауып бер! – дедім.

– Ойбай, іздейтін түгі жоқ, менің үйімде туған балдызым отыр. Университетті бітіреді. Керемет журналист болады деп айта алмаймын. Бірақ керемет әйел болады, – деді.

– Е-е, оны қайдан білесің?

– Білетін себебім, бес жыл бойы қолымызда тұрып жатыр. Сабаққа бару үшін таң атпай тұрады, біз тұрғанша шәй әзірлейді. Түсте келгенде үйді тазалап шығады. Сабағын оқиды, көшемен ісі жоқ бала, – деді. Содан екі баланы таныстырдық. ¦лым бір жылдай Шымкентке барып-келіп жүріп, ақыры сол қызға үйленді. Құдайға шүкір, жақсы тұрып жатыр. Бұл да отбасындағы тәрбиенің жемісі дер едім.

 

– Сіздің үйдегі жеңешеміз туралы мәліметіміз там-тұм…

 – Жеңгең өзі жетімдеу, бірақ нағашыларының қолында еркелеп, еркін өскен қыз еді. Аузына келгенді айтып, ұрсып тастайтын адам. Бірақ ар жағы таза, сосын айта берсін деп үндемей отыра беремін. Әкем үш ағайынды болған. Сол үш үйге ортақ жалғыз ұл болдым. Оралдың шетіндегі Трекин ауылында жалғыз қарындасым тұрады. Өзім жалғыз өсіп, көп қасірет шектім. Жеңгең маған үш ұл тауып берді ғой. Соған мәзбін! Бес немерем бар.  Құдайға шүкір, туған өлкемде де ырысым көбейіп, өрісім кеңейетін түрі бар.

 

– Қадыр аға, ашылып айтқан әңгімеңізге көп-көп рақмет!

  

Әңгімелескен Ұлдай САРИЕВА,

 Орал қаласы

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close