КөкейкестіМәселе

Браконьерлерге тұсау болмай тұр

Аң-құсты заңсыз аулау ешқашан толық тыйылған емес. Қанша жерден заңмен шектеу қойып, тіпті инспекторлар, қорықшылар күзетіп жүргеннің өзінде ретін тауып, аулауға тыйым салынған жануарға қырғидай тиетіндер табылады. Әсіресе, киіктің мүйізінен пайда тапқыштарға тоқтау болмай тұр.

БҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әділет Хайрушевтің бізге берген дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы екі айында табиғат қорғау желісі бойынша облыстың ішкі істер органдары табиғат қорғау заңнамасын бұзуға байланысты 13 қылмыстық құқықбұзушылықты және 258 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Өткен жылдың осы кезеңінде қылмыстық құқықбұзушылық – 12, әкімшілік құқықбұзушылық 107 болған.

Әділет Ерболатұлының айтуынша, БҚО полиция департаменті жұмысының басым бағыттарының бірі – экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтау. Бұл жұмыс қолда бар ақпаратпен алмасу және бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізу арқылы аумақтық мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырылады екен. Сондай-ақ бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес тұрақты негізде БҚО бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, БҚО бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының және «Охотзоопром» РМҚК инспекторларымен бірлесіп, экологиялық қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Жоғарыда аталған қозғалған 13 қылмыстық істің ішінен 13-і Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша жануарлардың сирек кездесетін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдаланғаны үшін қозғалған. Ал анықталған 258 әкімшілік құқықбұзушылықтың ішінен орман қорына кіретін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіруге қатысты 1 іс, ӘҚБтК-ның 382-бабы бойынша аң аулау ережесін бұзуға қатысты 241 (бұл 2023 жылы – 92), 16-сы орман қоры бойынша балық аулау ережесін бұзумен байланысты қозғалған. ӘҚБтК 383-бабы бойынша құқық бұзушыларға 332 280 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынған, оның ішінде 295 360 теңгесі өндірілген.

– Мемлекеттің меншігі болып табылатын биологиялық ресурстарға қылмыстық қолсұғушылық фактілерін анықтау, алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу, табиғат қорғау заңнамасын бұзушылармен тиімді күресті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандыру мақсатында қалалық және аудандық органдар мен полиция бөлімдерінің басшылығы табиғат қорғау желісі бойынша жұмысты жеке бақылауға алу, экологиялық қылмыстарды ашу және тергеу, қызмет көрсетілетін аумақта ай сайын заңсыз аң аулау, балық аулау және орман кесу фактілерін анықтау бойынша мақсатты рейдтік іс-шараларды өз бетінше жүргізуі қажет. Табиғат қорғау заңнамасы саласындағы қылмыстарға байланысты тоқтатылған қылмыстық істерді қайта жандандыру күн тәртібінде. Бүгінде Батыс Қазақстан облысының аумағында тұрақты негізде заңсыз аң аулау, орманды заңсыз кесу, су жануарларын аулау, биологиялық ресурстарды әкету және тасымалдау фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде, – дейді БҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әділет Хайрушев.

593 киік мүйізімен ұсталды. Шығын 1 миллиард 600 миллион теңгені құрады

Күзде басталған киік аулау қыста да жалғасып, оған қоғамның белсенді бөлігі қарсы тұрып, зорға тоқтатқанын білеміз. Себебі күйек кезінде мазалау келесі жылы төлсіз қалуға әкеледі. Ал күйектен кейін буаз жануарды ату ақылға сыйымсыз, ешбір ереже-заңға сәйкес келмейді. Сөйтіп қыста киік аулау 2024 жылдың 10 ақпанынан бастап тоқтатылды, заңбұзушылар жауапқа тартылуда. Жуырда Орал қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 1 ақпан мен 29 ақпан аралығында өткен «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында «Hyundai» маркілі автокөлікті тоқтатып, тексеру барысында көліктен 593 киік мүйізін тапты. Шығын 1 миллиард 600 миллион теңгені құрады. Себебі бүгінде 1 дана киік мүйізі 2 миллион 700 мың теңгені құрайды, ол 500 АЕК-ке бағаланған. Автокөлік рөлінде Атырау облысының тұрғыны болған және ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде.

Сондай-ақ жуырда «Орал — Атырау» тасжолында «TOYOTA LAND CRUISER» маркілі автокөліктің салонынан 2138 дана киік мүйізі, 2 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат, түнде көруге арналған құрылғы, стационарлық радиостанса табылды.

Аталған факті бойынша қажетті жедел тергеу іс-шарасы жүргізілуде. ҚР ҚК-ның 339-бабы 1-бөлігіне сәйкес (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) іс қозғалған. Қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталуда. Мемлекетке келтірілген шығын шамамен 6 миллиард теңгені құрайды.

Наурыз айының басында Жетісу облысында полиция ақбөкен мүйіздерінің ірі партиясын тәркіледі. Облыстық полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаменті өкілдерімен бірлесіп, Жаркент қаласы көшелерінің бірінде Mitsubishi Galant көлігін тоқтатқан.

– Автокөліктің салоны мен жүксалғышында ақбөкен мүйізі бар 6 қорап пен сөмкелер табылды. Олардың жалпы саны 1382 бірлікті құрады. Сирек кездесетін жануарлардың дериваттарымен заңсыз айналысу фактісі бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Мемлекетке келтірілген залал 3,5 миллиард теңгеден асады

Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мәліметінше, күдіктілердің іс-әрекетінен мемлекетке келтірілген залал 3,5 миллиард теңгеден асады. Қазір қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олар үш жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қорыта келе айтарымыз, киікті қанша күзетсе де, браконьерлерден қауіп сейілмей тұр. Киіктің мүйізін браконьерлер қара нарықта қаншаға саудалайтыны жөнінде нақты дерек жоқ. Халық арасында киік мүйізінің бір келісі 2-3 мың долларды құрайтыны, Қытайда тіпті 7-8 мың долларға бағаланатыны айтылады.  Контрабандалық жолмен шекарадан алып өтетіндер мүйізді үгітіп, кедендегі бақылау аппараттары көрмейтіндей сұйық қоспаға айналдырып алып шығатыны жайлы алып-қашпа әңгіме бар. Жалпы мүйізді заңды жолмен экспорттауға да рұқсат жоқ. «Ресми ауланған» киіктердің мүйіздерін де «Охотзоопром» өкілдері әзірге мөрлеп, нөмірлеп, жинап жатыр. Қашан және қалай пайдаға асыратыны жайлы нақты ештеңе айта алмайды. Ал бұған дейін браконьерлер ұсталғанда «мемлекетке  осыншама миллиард теңге шығын келді» десе де, билік өкілдері киік мүйізін контрабандалық өнім ретінде өздері жойып келген болатын.

Ең өкініштісі, бір мүйіз ресми түрде 2,7 млн теңгеге бағаланғанмен, басында екі мүйізі бар еркек киік 5 миллионға деп бағалана ма? Күзде киіктің төшкесі 25-30 мың теңгеден сатылды. Жануардың мүйізі керек те, өзі құнсыз ба? Киікті бір жағдайда бағалаймыз, бір жағдайда құнсыз қыламыз…

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

«Дүрбі»

Жуырда «Орал — Атырау» тасжолында «TOYOTA LAND CRUISER» маркілі автокөліктің салонынан 2138 дана киік мүйізі, 2 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат, түнде көруге арналған құрылғы, стационарлық радиостанса табылды.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close