Көкейкесті
«Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек»
Қасым- Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасы Президенті
«Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным – сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де!
Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап- залалы өте зор болуы мүмкін. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау – саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек»
Қазақстанда ниқаб, паранжа мен буркаға тиым салу қажеттілігі туралы қоғамда айтылып та жазылып та жүр. Мәжіліс депутаттары да мәселе көтеруде.
Жақында Tengrinews.kz тілшісінің (14 маусым 2024 жыл) хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың айтуы бойынша қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салу мәселесі Парламентте қаралуы мүмкін.
«Біз үшін ең маңызды мәселе – еліміздің ұлттық мүддесін, ұлттық дәстүрін, ұлттық мәдениетін сақтау. Ал қазіргі жағдайға қарасақ, қоғамда қара киінген қазақтар көбейді. Бұл жағдай болашақ ұлттық мүддемізге елеулі зиян тигізеді» деген Е.Бапи.
Депутаттың айтуынша, дайындалған заң жобасы алда, яғни күзгі сессияда Парламентке енгізіледі.
Биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда ҚР Президент Қ.Тоқаев кейбір қазақ жастарының діни фанатизмге бой ұрып кеткенін, дін ұстанған қазақ қыздарының бет – жүзін бүркеуі қазақ халқының дүниетанымына жат екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы Наурызнамаға үлкен мән беріп, дамыту қажеттігін айтып, әсіресе Наурыз мейрамы аясындағы Ұлттық киім күніне ерекше мән беру керектігін ескертті.
«Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек», деді Қасым – Жомарт Кемелұлы.
Президент діни теріс ағымды ұстанушылар өзге елдің киім үлгісін кию арқылы қазақ қоғамына жат діни идеалдарды насихаттап жүргеніне де тоқталды.
«Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Айтса айтқандай, соңғы жылдары елімізде бетін бүркеген қара киімді әйел, қыздардың көбейгені байқалады. Олар тіпті ашықтан – ашық әлеуметтік желілерге шығуда. Көбі керітартпа әңгіме айтып, сұхбат жасап ТикТок та отыр…
Ниқаб, паранжа, бурка
Ниқаб (көзі ғана ашық), паранжа (жеңсіз, халат тәрізді бүкіл денесін, бетін жауып тұрады) бурка (кеудені тұтас жапқан) киімге әлемнің біршама елдерінде, атап айтқанда Нидерланды, Франция (мемлекеттік мектептерде), Бельгия, Болгария, Австрияда, Испанияда, Каталониидың кейбір қалаларында және Германияда мемлекеттік мекемелерде киюге тиым салынды. Ал Данияның сот залына бетін жапқан киіммен кіруге тиым салынған.
Әлем елдерінің бұл шешімдері неден туындап жатыр десек, бұл – адамдардың діни наным-сенімдеріне тіпті де қол сұғу емес, басты мәселе – бұлардың қоғамдық орындарда адамның бетін жасырып, жеке тұлғасын анықтауға мүмкіндік бермейтін киім екендігінде. Яғни, мемлекеттің және сол ел азаматтарының қауіпсіздігін сақтау мақсатына орай алынған шаралар.
Қажылықта ниқабпен кіруге тиым салынған
Меккеде қажылыққа барған кезде әйелдерді ниқабпен кіргізбейді. Меккеде бетін жабуға арнайы тиым бар. Қажылығын өтеуге, ғибадат етуге кірген әйелдер ниқабы мен қолғабын шешіп, бет – жүздерін көрсетіп жүруге міндетті.
Өзбекстан мен Тәжікстан елдері қоғамдық орындардар ниқаб пен паранжа киюге тиым салды.
Ал өткен жылы «Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенешінің отырысында депутат Шарапаткан Мәжитова қоғамдық орындарда паранжа киюге тыйым салуға ұсыныс жасады» деп хабарлаған болатын «ҚазАқпарат».
Депутат соңғы кезде елде бетін тұтас жапқан, яғни паранжа киген әйелдердің көбейіп кеткенін, Ош қаласында әрбір төртінші әйелдің ниқаб киіп жүргенін тілге тиек еткен.
«Бұл – өте қауіпті. Олардың саны күн санап артып жатыр. Мен әйелдердің орамал тағуына қарсы емеспін. Сонымен қатар, қоғам үшін өзін танытуға мүмкіндік бермей, беттерін қара жамылғымен жабуды қауіпті деп санаймын. Бұл ұлттық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін. Үкіметтен кеш болмай тұрғанда, мемлекеттік деңгейде шара қабылдауды талап етемін», – деген Ш. Мәжитова.
Бауырлас Қырғыз елі мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының көтеріп отырған мәселесі қоғамда туындап отырған заңды талаптар. Заң жобасы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың жеке тұлғасын анықтау қажеттіліне байланысты көтеріліп отыр. Яғни, бұған қосымша елімізде өмір сүріп жатқан барша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу. Дәлірек айтқанда, қоғамдық орындарда бетін жасырып, қарамен бүркенген адамдардың қасында еліміздің әрбір азаматы өздерін қалай сезінеді? Олар өздерін қауіпсіз қоғамда өмір сүріп жатырмыз деп сезіне ала ма? Міне, мәселенің бір ұшы осында жатыр.
Тағы бір мәселе бар…
Ол – намазхан қазақ әйелдердің қара орамалдарды бірінің үстіне бірін қабаттап, орап жүрген хиджабы. Кең, қара көйлек толықтырған бұл қара «хиджаб» та қазақ қоғамында көзге оғаш көрініп, адамдар арасына жік салып жатқаны жасырын емес.
Хиджаб туралы бір кездегі ҚМДБ төрағасы, бас мүфти болған Әбсаттар қажы Дербісәлі былай деген еді:
«Бізде кейінгі кезде жастар «хиджап» деп, соған әуес болып жүр. Біздің тілімізде “хиджап” деген сөз жоқ. Біздің апа, келіншектерімі, әжелеріміз де өзіміздің ұлттық дәстүрімізге сай киім киген екен. Біз дәстүрімізді ұмытпауымыз керек. Дұрыс, біз – мұсылманбыз. Бірақ, біз араб халқы емеспіз. Біз Ауғанстан, Пәкістан немесе Иран емеспіз. Мәселенің екінші жағы тағы бар. Жүз жерден үгіттеп, мың жерден насихаттасаң да, дәл қазір ешкім салпылдатып сәукеле, тобықтан қамзол кие қоймас. Ол үшін ұлттық киімді жаңғырту кере».
Міне, ардақты ақсақалымыз айтып кеткендей, бүгінгі таңда Қазақстанда қазақтың ұлттық киімін заманауи үлгіде дамыту белсенді түрде қолға алынды. Аллаға шүкір, бес уақыт намазын оқып жүрген әже-апаларымыз, замандастарыз ұлттық киімдерімізді киіп, ата – бабамыздың салт- дәстүрлерін жаңғыртуды қолға алды. Сан ғасыр бойы ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып, нәрін, бояуын жоғалтпай келе жатқан салт-санамыз бен дәстүрімізді, қазақы төл мәдениетімізді көзіміздің қарашығындай сақтауда әр қазақтан бастап Мемлекет те мүдделі деп ойлаймыз.
Ұлдай САРИЕВА,
«Дүрбі