Басты тақырыпСараптама
Тоғызыншы ғаламшар
Иә, күн жүйесіндегі 8 ғаламшардан бөлек тағы бір «ғаламшар» пайда болды. Сіз бен біз қалайша сол ғаламшардың тұрғынына айналғанымызды байқамай да қалдық. Ол әлемді жоқ дей де алмайсыз, бірақ монитордан ғана үңілеміз. 3,5 миллиард адам мекен еткен бұл виртуалды әлем – әлеуметтік желілер несімен қызық?
Internet World Stats-тың (IWS) былтырғы санағы бойынша Жер планетасында 7 634 758 428 адам бар. Ал соның ішінде интернет қолданатыны – 4 208 571 287. 5,1 миллиард адам мобильді телефон ұстаса, әлеуметтік желіні пайдаланатыны 3,5 миллиард. Былтыр осынау «тоғызыншы әлем» тұрғындары бірден 10 пайызға көбейген.
Интернет қолданушылар орта есеппен күніне 6 сағат мониторға телміреді. Енді 9-10 сағат отыратындар да барын жоққа шығармаймыз ғой. Біз интернетте, соның ішінде әлеуметтік желілерде не істейміз?
5,6 млн. қазақстандық әлемжеліге «көгенделген»
Тура Жаңа жыл алдындағы телефон тіркеу науқанын әлі ұмытпаған шығарсыздар? Сол кезде айтылған ақпаратқа сенсек, Қазақстанда 26 миллион ұялы телефон бар. Соның 14 миллионы ғана тіркелген.
Осы айда Қазақстан халқының 79 пайызы ғаламторға қосылды. Елімізде 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады екен. Осыдан да шығар, дәл қазіргі таңда жаңа медианың дәстүрлі БАҚ-тан (газет, телеарна мен радиодан) тұтынушысы көп. Мұны медиа алпауыттар да мойындап, бұрынғыдай арқаны кеңге салмай, оқырманын сақтап қалу үшін желіде жанталаса жұмыс жасауға көшті.
Тәулігіне газет оқуға, теледидар қарап, радио тыңдауға қанша уақыт бөлесіз? Ал сайт пен әлеуметтік желілерге ше? Жауабыңызға өзіңіз таңғалған шығарсыз…
Әкімдерге желіде жұмыстану жүктелді
Қазақстандықтар соңғы бір айдағы елдегі саяси өзгерістерге «ілесе алмай» жатыр. Жаңалықтың бәрі әлеуметтік желі арқылы лезде тарап, халық әр қадам, әр тағайындауды жарыса талқылауда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуелден Twіtter-де өзінің көзқарасын бүкпей жазатын қолданушы еді, енді Instagram-нан парақша ашты. Және барлық әкімге желіде жұмыс жасауды тапсырды. Тіпті сенаторларға заңдарды түсіндіруде әлеуметтік желілерді тиімді қолдануға кеңес берді. Қазір әкімдер жаңа ашылған парақшаларында халықтың қарша жауған сұрағына, жеке мәселелеріне жауап беріп үлгере алмай жатыр.
Жалпы, әлеуметтік желінің негізгі функциясы ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату болса, қазіргі қолданушылар оны білім алуға, өзін дамытып, тұлға ретінде қоғам алдында танытуға жақсы пайдалануда. Қазір желі арқасында елге танымал болған адамдар да аз емес.
Шыны керек, кейбір әрекеттер шынайы өмірден гөрі сол әлемде жүзеге аса бастағандай. Telegram пікір алаңына, Twіtter идеялар мен нақты ақпарат құралына айналса, Instagram ауыздың суы құритындай жарқ-жұрқ еткен әдемі ғаламшарға, кейде асыра суреттейтін мақтаншақтау ортаға ұқсайды. Көп адамның өмірде қол жеткізе алмаған арманын сол желіде іске асқандай сипаттап, «ірі» көрінгісі келетіні, айта алмаған сөзін клавиатура арқылы лақ еткізіп тастайтын орта тапқаны содан. Аузы буылған бұйығы қоғамның желілерде ғана «тілі шығып», соңғы кезде тіпті шектен шығып, ойына келгенді жазатындар көбейді. Әсіресе, Facebook саяси алаңға айналып, екінің бірі сарапшыдай саясат соғатын болды. Кейбір әсіресаясатшыл желі қолданушылары өзін «қоғам қайраткері» деп таныстыра бастады. Олармен ешкімнің ісі жоқ, әркім «тоғызыншы ғаламшардан» өз орнын іздеп әлек…
Телефон тіркеу идеясы қайдан шықты?
Желілерге тіркелгеннің әрбір екіншісі өзі жайында мәліметті жасырады екен. Желі қожайындары таратқан мәліметке сүйенсек, қолданушылардың төрттен бірі шын аты-жөні мен жасын, бестен бірі отбасылық жағдайын, тағы сол шамасы жұмысы жайлы жалған ақпарат толтырса, біразы шын бейнесін жасыратын болып шықты. Ал фейктер жайлы әңгіме мүлдем бөлек. Міне, телефон мен нөмірді тіркетудегі Үкіметтің шешілетін шаруасының бірі осы фейктермен күресу екенін екінің бірі аңдамаған да шығар.
Елдегі телефон ұрлығын, оның контрабандалық саудасын азайту, тіпті экстремизм мен терроризммен күрес амалдарын күшейту де телефонның IMEI кодын тіркеу арқылы жүзеге асады делінді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан ұялы байланыс операторлары тіркелмеген құрылғыларға қызмет көрсетпейді, оларды айырып тастайды деді. Абыр-сабыр сарсаң басталды. Бірақ бұл бастаманың да арты сиырқұйымшақтанып кетті.
Әр құрылғыны жеке тұлғаның ЖСН-ымен байланыстырып қою арқылы ол жайлы мәліметке байланыс операторымен бірге құзырлы органдардың да ортақтасуы оңайлайтыны белгілі. Алайда Ішкі істер министрлігі «Бұл – адамды жан-жақты аңду, ізге түсу, жеке өміріне араласу емес, абоненттің қызметтік ақпаратын, дербес деректерін сақтау – басты мақсат» деп мәлімдеді. Ал интернетке қосылудағы бүгінгі басты құрал смартфон мен нөмір анықталса, саңырауқұлақтай қаптай бастаған желідегі фейктерді де қадағалауға болатыны түсінікті еді. Оның алдындағы комментарий жауапкершілігі жайлы заң да түсінігі шикі біраз желі қолданушысын қақпайлап, түзу жолға салғандай болған-тұғын…
Қазақтар желіде немен айналысады?
Әлеуметтік желіні саясаткер қоғамдық қозғалыстарға сипат беріп қарастырса, дәрігер телефонға телмірудің ағзаға зияны тұрғысынан, психологтар сана-сезімге әсерін, теологтар дін жағына мән береді. Иә, зияны да аз емес, пайдасы да шаш-етектен. 3,5 миллиард желі қолданушысы одан өзінің қызығушылығын іздеп, керегіне жаратуға тырысуда. Ал пайдасына асыра ала ма, ол өзінің шеберлігіне байланысты.
Қазақтар өз әлеуметтік желісін жасауға бірнеше рет әрекет етті. Әлі де ұмтылыстар болатыны сөзсіз. 12 және 14 жастағы Амина мен Алиля Нарықбаевалар әлеуметтік желінің жаңартылған түрі – Next Generation жобасын жастар форумында Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырған болатын. Қазақстандық желі Тұңғыш Президенттің көңілінен шығып, іске асырылуын Үкіметке ерекше бақылауға алуды тапсырған еді. Өміршеңдігін уақыт көрсетеді.
Бүгінде Қазақстаннан Вконтакте-де 12 121 000 аккаунт, Facebook-те 6 600 000 аккаунт тіркелген. Алғашқысының Қазақстандағы негізгі аудиториясы 18-34 жас аралығында болса, соңғысында басым бөлік 25-44 жас аралығындағы орта буын.
«Вконтактеліктер» көбінесе көңіл көтеру бағытындағы контент үшін желіге кіреді. Оларды мұнда, әсіресе, музыка сақтайтын плейлист пен кино ұстап тұрғанға ұқсайды. Ал «фейсбукшілер», негізінен, танымдық, іскерлік, қоғамдық-саяси контент тұтынушысы. Үлкендер жағы осы желіде отырғасын түрлі компаниялар мен коммерциялық ұйымдар – маркетинг, мемлекеттік мекемелер мен жекелеген тұлғалар – PR, мемлекеттік БАҚ ақпараттық саясатты осы алаңда жүзеге асыруда.
Ал аудиториясы былтыр 1 млрд. адамға толған Instagram-ның 24 сағаттық контенті Stories-ті бір күнде 500 млн. қолданушы қарайтынын Марк Цукерберг мәлімдеді. Қолданушылардың инста-лентаны төмен қарай ұзақ парақтауды жөн көрмейтінін түсінген қазақстандық блогерлер бүгінде сол сториске көбірек мән береді. Былтыр ұзақ видео салуға мүмкіндік беретін IGTV (InstaGram TV) функциясы пайда болғалы телеарналар бұл желіде белсенділік танытып, оқырманы көбейе түсті.
WhatsApp мессенджерін (әлеуметтік желі емес) айына 1,5 миллиард адам белсенді қолданып, Facebook-ті жолда қалдырды. Тіркелу оңай, қолдану ыңғайлы, шаршататын жарнамасы жоқ болғасын көптің көңілінен шығып, түрлі функциялар қосылып, жетілдіріле бастады. Біздің елде де бұл мессенджер арқылы жаңалық өте тез таралғасын сайттар мақаланы WhatsApp-пен бөлісу функциясын іске қосты. Мұндағы ірі топтар мен түрлі чаттардың қоғамға айтарлықтай әсер ететін әлеуеті бар.
Қазақстандық аудитория әлеуметтік желілерді тек қарым-қатынас емес, ақша табу құралы тұрғысында пайдалануды меңгерді. Біздің халық қанша жерден саясиланып кетті десек те, желіде саясаткерден гөрі әншілерді оқығанды жөн көреді. Осы әншілер оқырман санын жарнама көзі ретінде көріп, санын еселеудің алуан тәсілін қолдана бастады. Қазақстандық клипмейкер Айсұлтан Сеитовтің бір сұхбатында «подписчик – жаңа валюта» деген сөзі осыған саяды. Оқырманы 1 миллионнан асатын кейбір әншілер бүгінде Instagram-дағы бір жарнама-пост үшін миллион теңгеден жоғары ақы алатынын ашық айтады. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлер интернет-дүкен ашудың орнына дайын Instagram-ды пайдалануды жөн көреді. Тіпті кез келген бутиктен бастап ірі сауда орындарына шейін осы жолды таңдады. Олардың арасында «үйде отырып ақша табуды үйрететін» декреттегі келіншектер де қаптап жүр.
Желіден желініп жатқан жоқпыз ба?
Адамдардың бір бөлігі «әлеуметтік желілер жастардың тілін шұбар, сөздік қорын жұтаң қылып, сауатсыздыққа апара жатыр» деп қабылдайтыны жасырын емес. Қайта бұрын қолына қалам ұстамайтындар смартфон ұстап, қаласын-қаламасын жазуға, ұялғанынан сауатын ашуға мәжбүр болды емес пе?
Қазақ қоғамы әлеуметтік желілерді қоғамды дамытатын құрал ретінде тиімді пайдаланып отырған жоқ. Бұл бағыттағы кейбір энтузиаст жастардың жобаларын есептемегенде.
Иә, дәстүрлі БАҚ-қа серпін берді. Телеарнадан қаралымы көп вайнерлер, газеттен оқырманы көп блогерлер пайда болды. Бұрын БАҚ бармаған тақырыптарға Youtube арналар мен инста-пабликтер ауыз салды. Олардың сапасы бөлек әңгіме болғанымен, қоғамға жаңа леп, жаңа бағыт келгенін жоққа шығара алмаймыз.
Иә, виртуалды әлем қарапайым адами байланысты ұмыттыра бастағандай. Кездесу, сағыну сезімін сөндіріп, балаларды балдәурен шағынан айырды. Тәуелді болғандардың сағаттап уақытын ұрлады. Желілер қысыр сөзді көңірсітіп, халықты шындыққа иланбайтын күйге түсірді. Көкөрім жасты қатыгездікке үйретті. Сарыауыз өспірімнің дүниетанымын қиратып, талайын торықтырып, кейбірінің ғұмырын қиюға себеп болды. Талайдың құпиясын жария, басын даулы, отбасын ойран етуге жеткізді. Адамдар ортасынан оқшауланып, «тоғызыншы ғаламшардағы» танымайтын «досына» сенетін күйге түсті. Алаяқтар желіде талайдың санын соқтырды.
Иә, желіде көбінесе тұзы татымсыз әңгіме өтімді. Алайда рухани шөліркеген жанның тұщымды дүниеге тоқталары сөзсіз. Бостекі сөйлемей, парықты пайым, парасатты оймен бөлісуді әркім өзінен бастаса, желі жұртты оңға бағыттар…
Нұрлыбек РАХМАНОВ,
журналист,
«Дүрбі» газеті