Жаңалықтар
Сириядағы қырғынды көрген келіншек жастарды жат ағымнан аулақ болуға шақырды
Атырауда «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қақтығыс аймақтардың бірі Сирияға барып келген М.Таженова мен студент қыздар арасында кездесу ұйымдастырылды.
Аталған шараға «Шапағат» ҚҚ психологы С.Нұрбекова, теолог К.Миланбек, теолог М.Рустамқызы, маман М.Таженова қатысты.
Шара жастарды теріс идеологиядан сақтандыру, діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында өткізілді.
Семинарды Қ.Миланбек «Харижиттер деген кімдер?» тақырыбында түсіндіру жұмысымен бастады.
Сирияға барып өз көзімен көріп келген М.Таженова жат ағымның жетегіне қалай түсіп қалғанын, ол елде болып жатқан соғыстың астарында ислам жоқ екенін, өз басынан өткен барлық қиыншылықтарын әңгімелеп берді. Ол жаққа барудың қаншалықты оңай, кері қайтудың соншалықты қиын болғанын баяндады.
Студенттер аталған шараның берері мол екенін айтып, алдағы уақытта өтетін шараларға қатысуға ниет білдірді.