Сұқбат

Батыржан МАНСҰРОВ: «Қасиетті Рамазанның сауабы мол»

Сәті түскен сұхбат

Батыржан МАНСҰРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы:

«Қасиетті Рамазанның сауабы мол»

Барша мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айы баршамызға құтты болсын! Құран Кәрімде айтылған Рамазан айының ерекшелігі жөнінде айтып өтсеңіз?

– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Бұл мезгілде жасалған кез келген қайырлы амалдың сауабын санау мүмкін емес. Айлардың сұлтаны болған Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген сыйы әрі нығметі. Бұл айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартып, Алланың разылығын алуға мол мүмкіндік бар.
Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді:
«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Әрине,сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтер. Және сондай оразаға дәрмені жетпейтіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 183, 185-аяттар).
Мүбәрак Рамазанның құндылықтары мен қадір-қасиетін жақсы түсінген ізгі жандар оразаға алты ай қалған сәттен бастап «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» деп дұға жасап, Жаратушымызға жалбарынады екен. Өйткені адамның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалы Алланың мейіріміне бөлеп, разылығын алуға жақындата түспек.

Оразаның адам саулығына, жан рақатына пайдасы жөнінде не айтар едіңіз?
– Асылында, ораза – Алла Тағала мен пенде арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Хадис-құдсида Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен (әтірден) де артық» дейді. Иман жолы сабырлық пен тақуалықты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалық пен сабырлыққа жетелейді.
Ал оразаның денсаулыққа пайдасы ұшан-теңіз. Бұл мәселе тіпті медицина ғылымында да дәлелденген. Себебі бір жыл бойы тоқтаусыз қызмет еткен асқазан оразада демалып, адамның саулығын жақсартуға әсер етеді.

Оразаны қалай өткізген дұрыс? Көп жағдайда адамдар оразаға ішіп-жеуден ғана тыйылу деп қарап жатады.
– Асылында, оразаның мұраты мұсылманды рухани кемелдендіріп, тақуалық дәрежеге жеткізу. Ал тақуалық нәпсіні тәрбиелеумен жүзеге асады. Нәпсі дегенің – бойдағы алып-ұшқан құмарлық сезім. Адам сол бойындағы құмарлық сезімін тізгіндеу арқылы айналасына мейірімді, кешірімшіл бола бастайды.
Ораза жан-дүниені тәрбиелеп, сауаптарға кенелтеді. Сондықтан оразалы адам, ең алдымен, жақсы сөздер сөйлеп, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап, байсалдылық танытқаны дұрыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен ұрысқысы келсе, оған «Мен оразамын» десін» деп айтқан. Рамазан айын бекер өткізіп алмай, ізгі амалдарға ұластырған қандай жақсы?! Әсіресе, аузы берік адам бос уақытын нәпіл ғибадаттармен, Құран оқумен, тәспі санап, Алланы ұлықтаумен, салауат айтумен өткізгені жөн.

Сұхбатты жүргізген Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
меншікті тілші,
Атырау облысы

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close