Жаңалықтар
Денсаулық пойызы жолға шықты
Қазақстанның шалғай аудандарын тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ететін медициналық пойыз өз жұмысын бастады. Денсаулық пойызы Атырау облысына 13 қыркүйек пен 4 қазан аралығында қызмет көрсетеді.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Диас Әзбергенов биылғы жылы пойыз баратын облыстардың санын артқанын айтады.
«Пойыз 14 облысты аралай отырып, 21 желтоқсанға дейін жолда болады. Медициналық пойыз кестесіне сәйкес, бірінші болып Алматы облысының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіледі. Осы өңірден соң пойыз Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына бағыт алады. Бұдан әрі «Денсаулық» пойызының батыс өңірлерге алған бағыты оңтүстікке жалғасады да, Жамбыл облысында өз бағдарын аяқтайды. Жалпы алғанда пойыз 195 бекетті айналып өтеді, ал жалпы жүріп өту қашықтығы 19 000 шақырымнан асады», – дейді спикер.
Пойыз неміс және жапон өндірісіндегі жетекші фирмалардың заманауи диагностикалық құрылғыларымен жабдықталған. Мұнда жалпы және биохимиялық анализдер, рентгенография және флюрография, ішкі ағзалар мен тамырларды УДЗ-зерттеуден өткізу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік бар. Медициналық бригадалар құрамы терапевт, тіс дәрігері, окулист, маммолог және басқа да мамандармен қамтылған.
Еске сала кетейік, «Медициналық пойыздар» жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесе 2010 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Жобаға еліміздің тоғыз аймағы – Алматы, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтитын «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» атты екі пойыз тартылды.
Пойыздардың жүру кестесі туралы ақпаратты www.medpoezd.kz және www.sk-trust.kz/ru сайттарынан алуға болады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА