Басты тақырып

Қатарымызға қосайық, ағайын!

«Жусан-2»

2019 жылдың 5-6 қаңтары күндері арнайы ұйымдастырылған «Жусан» операциясымен 47 қазақстандық Сириядан елге оралған еді. Бүгінде әлі де Сирияның соғыс аймағындағы лагерьлерде отырған жүздеген қазақ әйелі кері оралуды аңсап, елге жылап сәлем айтуда… Міне, олардың ата-аналары төрт айдан бері асыға күткен «Жусан-2» операциясы 7-9 мамыр күндері іске асты!

Бұл жолы Сириядан 231 қазақстандық елге жеткізілді. Оның 16-сы –
террористік ұйым құрамында соғысқа қатысушылар. (Осылай деп жұмсартып айтамыз. Себебі адасқан сорлы өз қазағымды «лаңкес» деуге тіліміз бармайды) 59 әйел мен 156 бала оралды. Олардың 18-і – ата-анасынан айырылған жетімдер. Арнайы ұшақ Ақтау қаласына таңғы сағат 05.20-да қонды. Бірнеше бала соғыс салдарынан жарақат алып, ауыр халде жеткізілген. Зембілмен түсірілген жаралылар мен науқастардың арасында әйелдер де бар.

Жұмақты іздеп барып, исламға үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын қанды соғысты, кісі өлтіру, зорлық-зомбылық сияқты шектен шыққан сорақылықтарды көзімен көрген қандастарымыздың, әсіресе, күнәсіз балалардың халдері өте аянышты. Қазақ ежелден жетімі мен жесірін қаңғытпаған. Олар бір кезде Отанын сатып кетсе де, сол Отаны оларды қайтадан бауырына басып, маңдайларынан сипады. Өздерінің соқыр сенімі кесірінен балаларын жат жерде телміртіп, аш-жалаңаш қорлық көруге себепкер болғандарды кешірді.

«Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс. Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қолұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бей-жай қарамаймыз», – деді өз мәлімдемесінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Әйтсе де, әйелдердің дені ұшақтан беттерін тұмшалап, тұтас қара жамылып түсті… Мүмкін бүкіл ел қарап отырған соң ұялып, жүздерін жасырған шығар. Мүмкін олармен жұмыс істейтін мамандарды талай қиыншылықтар күтіп тұрған шығар алда… Бастысы – адасқан қаракөздеріміз ортамызға қайта оралды. Оларды бауырымызға тартып, қатарымызға қосайық, ағайын!

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,
«Дүрбі»

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close