Тал бесік

Балалар терроризмге қарсы!

Атырау қаласында оқушылар мен студенттер арасында «Экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында  шығармашылық байқау болды.  Шарада Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев экстремизм мен терроризмнің пайда болуы және оның себеп-салдары туралы слайд  арқылы балаларға түсіндіріп, олармен ашық пікірлесті. Сайыстың қорытындысы бойынша 8 шығарма үздік деп танылып, жүлдеге ие болды. Балалар мен жастарды діни теріс ағымнан сақтандыру мақсатындағы бұл байқау аталмыш басқарма тарапынан атқарылып жатқан қыруар жұмыстардың бірі ғана.


Бізде лаңкестікке баратындай проблемалар жоқтың қасы

XХІ – ғасыр жаңа ғасыр.Жаңа заман, жаңа адам. Жаңа проблемалар. Бүгінгі тұрақтылық жоқ, өзгеріс көп дәуірде өзекті мәселелердің саны күн санап өсуде. Оның бір айғағы – экстремизм мен терроризмнің әлем бойынша кең етек жаюы. Діни-саяси экстремизм – діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін дінді қару етіп әрекет етуші, дінге мүлде қатысты емес іс-қимыл.Бұл жағымсыз құбылыс тәуелсіз еліміз Қазақстанға да зиянын тигізбей қоймады. Дүние жүзіндегі құқықбұзушылыққа қарсы алдын алу мақсатында қоғамдық тыныштыққа қауіп төнбеу үшін заңдар жарық көруде.

Лаңкестік жайлы сөз болған кезде көзалдыма қатыгездік, аяусыз шапқындық сықылды әрекеттер елестейді. Мұндай үлкен қылмыс тек бір адамның қолынан келмейді. Ол үшін белгілі бір ұйым жұмыс атқаратыны анық. Ендімән салып қарасақ, Алласын аузынан тастамайтын, діни сауаты бар, көзі ашық, тәрбие көрген, жүрегінде иманы бар, ділді де аса маңызды санайтын жандардың мұндай іске баруы мүмкін еместігін байқаймыз. Сондықтан әр адам әртүрлі болғандықтан, жаппай «дін өкілдеріне» кінә тағу дұрыс емес.Елімізде лаңкестік мақсатта бірнеше қауіпті  құқықбұзушылық орын алды. Соның салдарынан халыққа діни сауатын ашу мақсатында дұрыс таңдау жасау қиынға түсуде.Біз өмір сүріп жатқан қоғамда біреуге сеніп, аңғалдық танытуға болмайды. Және осы қағиданы мәңгі есте сақтаған жөн. Алайда «Бес саусақ бірдей емес» демекші, арамызда әлдебіреудің айтқанына көндігіп, ғаламтор беттеріндегі теріс нұсқаушы сайттар арқылы бұрыс жолға бет бұрып,кейін дінді сылтау етіп, оны өзгелерге таратып, лаңкестік шаралар ұйымдастырып, халық арасына іріткі салып, ел арасына алауыздық туғызып, исламда, шариғатта жоқ адам сенгісіз қылмыстар жасап, мұсылман, дін,ислам деген атауға кір келтіріп, күнәға батқан адамдар да бары шындық.

Енді экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін не істей аламыз? Қандай ұсыныс тастай аламыз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Біріншіден, әр адам өзі үшін жауап беріп, «Алдымен өзіңнен баста» деген қағиданы ұстанып, бес күн жалғанда біреу үшін емес, өзіміз үшін өмір сүріп, өзгенің улы сөздеріне бас қатырмай, жарқын өмірімізді жауыздықпенбайланыстырмауымыз керек.Бақытты ғұмырымызды  баянсыз қылмай, тағдырымызға балта шаппай, одан әрі жалғастыру – барша адамзаттың өмірлік мақсаты.

Екіншіден,  қарапайым халықтан мемлекетке көшіп, заң күшін одан әрі арттырған жөн. Себебі қылмысты тоқтату заңның ғана қолынан келеді.

Үшіншіден, жасөспірімдер мен орта жастағы (50-60 жас аралығында) адамдар арасында дінтану пәнін енгізіп, діни сауатылықты күшейту, мектеп бағдарламасында, тіпті ЖОО-да «Дінтану» пәнінің маңызын арттырған жөн. Ғаламтор бетіндегі қорқынышты, теріс бағыттағы сайттарды бұғаттап,санын азайтып, мүлде жойған дұрыс.

Төртіншіден, әр отбасы қазақы дәстүр мен ділімізге сай тәрбиеге аса мәнберуі тиіс. Және әр адам лаңкестік жағдай орын алған жағдайда заң қызметкерлеріне  хабарлап, қылмыс жайында ескерткен абзал.

Егер діни сауаттылықты насихаттайтын осындай игілікті істерді бүкіл мұсылман баласы жаппай қолға алса,адамзатқа қауіп төндірер экстремизм мен терроризмнің алдын алуға болатынын естен шығармауымыз қажет.Біз егемен елдің ұрпағымыз. Бізде лаңкестікке баратындай өзекті проблемалар жоқтың қасы. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр Бауыржан атамыз айтқандай, елдегі тәртіпке мойынсұнған жағдайда ғана экстремизм атымен жойылары анық.

Мұсылман болсаң да, ұлтыңның қазақ екенін ұмытпа! Біз келешек ұрпақ ретінде  құқықбұзушылыққа бармай, елімізді мұндай жайттардан құтқарып,мемлекет дамуын тежейтін әрекеттердің алдын аламыз.

Ләззат ҚАЛМЫРЗА,

1-орын иегері,

М.Өтемісов атындағы мектептің оқушысы

    


Көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ болайық!

Экстремизм мен терроризм – бір ғана мемлекеттің емес, ғаламдықпроблемалардың бірі.Тіпті Шанхай ынтымақтастық ұйымының Санк-Петербургте өткен жиынында осы мәселе кеңінен қаралды.Біз экстремизм, терроризм деп жатамыз.Бірақ оны бүгінгі адамдар, жас буын қалай түсінеді?

Жасөспірім ретінде өзімнің кішкене ойым мынадай.Осы екі түсінік –  ислам дінінің теріс бағытты ұстанып,өмірге, әлемге басқаша қарайтын адамдардың ісі.Тіпті барлық діннің ішіндегі ең асылы, тазасы – ислам дінінің атын жамылып, неше түрлі бүліктер істеп жатқан адамдар бар және олар қаншама?

Осыған байланысты экстремизмнің қозғаушы күші – мұсылмандар деген түсінік бар.Көбіне батыс елдер осылай ойлайды және осындай жат пікірдің салдарынан барлық бүлік ислам діні өкілдерінен деп күдіктеніп жатыр.Мұның барлығы мүмкін тәрбиеден немесе бала кезгі қалыптасқан түсінік болар.Ал енді мұның алдын қалай алуға болады?Әрине, барлық бастама тәрбиеден, бала кезден бойыңа сіңіретін ұлт-санадан басталады.Менің ойымша, сол бүлікті істейтін адамдардың 60-70 пайызының кінәлары жоқтың қасы.Мүмкін ол адамға тәрбие,білім солай беріліп, ой-өрісі солай қалыптасқан болар.Бала кезінде мүмкін ата-анасы тиісті мейірім көрсетпегендіктен, махаббатты бойына сіңірмей, ақыр соңында ешкімді тыңдамай, жат ағымға еріп кеткен болар.Баланы осыншама төмен ойға апаратын нәрсе оның бала кезінен жан-жақты дамымай қалғаны болса керек. Өмірге ешқандай қызығушылығы жоқ, өмірдің, әлемнің әдемілігін көрмей, жат жерде, қауіп-қатердің ортасында жамандық жасап, жер жастанады.Сирияға тіпті өзімен бірге отбасында әкетіп жатыр. Ал сол соғыс ортасында неше түрлі қатыгездікті көріп өскен бала қолына қару алмай қайтеді?

Екінші, ол – мектептегі білім мен тәрбие.Бала мектепке білім алу үшін келеді, достарын да осы жерде кездестіреді. Егер достарының арасында теріс ағымда жүрген бір адам болса, оның  достарын елітіп, жат ағымға ілестірмей қоймасы анық. Сондықтан балаға білімді дұрыс беру, балаға болашақтың  қандай жарқын екенін түсіндірсе, қызығушылығын оята білсе, ол жат ағымға ермес еді. Білімді, көзі ашық ұрпақ ешқашан ондай қадамға бармас еді. Қолдамас та еді. Ал өсе келе алатын діни сауаты өзіне байланысты. Бала ақылының таяздығынан, басқа істейтін нәрсе болмағандықтан, сондай жерлерге барады, қате білім алып, соңында бармағын тістеп жатады.

Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ болайық! Ұлт болашағы, ел тыныштығы  жастардың қолында. Ал жастардың басты міндеті – білім алып, еліміздің көркеюіне үлес қосу.

Мая ҚАПАРОВА,

2-орын иегері,

Қ.Смағұлов атындағы мектептің оқушысы

 

 


Оң-терісін байқамай,

Таза жолдан тайқамай,

Лайлап тұнық шайқамай,

Тура жолмен кет,халық!

                                                                              Шәкәрім Құдайбердіұлы

 Дінді қате түсінбейік!

      Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастайын. Әр адамзат баласы «іңгәлап» жарық дүниенің есігін ашқаннан кейін өмір атты тіршіліктің кемесіне мініп,ескегін есіп, маңдайына жазылған тағдырдың жолаушысына айналады. Адам өзінің дінін, шыққан тегін, ана тілін,салт-дәстүрін,тарихын, әдет-ғұрпын білуге міндетті екенін ешқашан да ойынан шығармауы керек.Біздің қасиетті ислам діні – сонау Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) заманынан бері ешбір өзгеріске түспей, әлем мұсылмандарына сара  жолын салып келе жатқан, барша адамзаттың наным-сеніміне, нәсілі мен тегіне қарамастан,ынтымақ пен бейбітшілікке,тазалық пен сабырлылыққа шақырып келе жатқан Алла тағаланың соңғы және бірегей діні. Ислам діні бейбіт өмірді,тыныш тіршілікті,ынтымақты қарым-қатынасты насихаттайтын болса, мұсылман осы аталған ұғымдарға айрықша көңіл бөліп,назарда ұстап, ізгілік пен жақсылық жасау арқылысауапқа кенеліп, жаратушыға қол жеткізуді көздеуі керек.

Дін – ең нәзік құбылыс. Елбасымыз Н. Назарбаев: «Біз тегімізтүрік, дініміз ислам екенін ұмытпауымыз керек»деп, дінімізді берік сақтауымызқажеттігіне айрықша назар аударған.Халқымыздың салт-дәстүрімен,әдет-ғұрпымен үндесіп,зайырлы қоғамды ізгілікке шақыратын ислам діні–өнегелігімен және діни толеранттылығымен ерекшеленетін гуманитарлық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дәстүрлі діннің құндылықтары негізінде еліміздегі түрлі ұлт өкілдері өзара татулық пен достықта өмір сүріп келе жатыр. Оның негізі  Мұхаммед пайғамбарымыздың өзге дін өкілдерін сыйлауға,құрметтеуге шақырған хадистерін ата-бабаларымыздың өз ұрпақтарына өсиет етуінің нәтижесі деп білемін. Алайда елімізде соңғы жылдары террорлық жағдайлардың орын алуықоғамда үрей туғызатын, агрессивті ағымды исламофобияның дамуына ықпал жасап,салт-дәстүрлерімізді мойындамау сияқты кертартпа іс-әрекеттер наразылық тудырып,ел арасына іріткі салуда. Халқымыздың тамаша салт-дәстүрлерін жоққа шығарып, намаз оқымағандардың бәрін «кәпір» атандырып,ата-анасының ержеткенше немесе бойжеткенше берген тәрбиесінен «намаз оқымай берілген тәрбие дұрыс емес» деп безініп,кертартпа іс-әрекеттерімен үрей туғызушылар саны көбеюде.Мұндай іс-әрекеттерге барып,қатерлі індетке  ұрынып жатқандардардың басым бөлігіоңы мен солын жөнді ажырата алмайтын, теріс діннің жетегінде кеткен,ой-өрісі таяз жастар жағы.Жат пиғылды ағымдардың жетегінде кеткен жастардың қоғамға қайта оралуы да өте қиын. Санасы  уланған радикалды ағым мүшелерінің отбасынан, ата-анасынан безініп, қылмысты жағдайларға баруы, өз жерінен,елінен жасырын қашып,Сирия мемлекетіне асып кетуі мемлекетіміздегі көп толғандырып,көп ойландырар өзекті мәселе болды. Олардың  ислам дінін қате  түсініп, ұстазсымақтардан дәріс алып,олардың іші-бауырына кіріп айтқандарына еріп кетпеуі үшін, психологиялық тұрғыдан басы шырмалып, экстремистік немесе террористік әрекеттерге бармауы үшін,тіпті өз өмірлерін сол үшін қиюға бел бумауы үшін көпшілік болыпақылға салып, әрекет етуге жұмылуымыз керек.

«Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр.Біз қоғамда, әсіресе,жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек» деген болатын Елбасымыз. Кез келген дәнектің демде өсіп шықпай, мезеті жеткенде жеміс беретіні секілді,ұрпақтарымыз бен жақындарымыздың тағдыры үшін бірлесе жұмыстансақ, «үмітсіз шайтан» демекші, жақсы нәтижелер шығары сөзсіз деп сенемін. Ол үшін сауатты білім керек, түсінікті сабақ керек.Білімді де сауатты имамдар мен теологтар жеңдерін түріп,білектерін сыбанып, қызу  жұмыстар атқаруы керек. Себебі өзіміздің Атырау қаласында да түрлі дінді ұстанушыларды кездестіріпжатамыз.Сақалдарын үрпі-түрпі етіпсабалақтандырып қойғандар, сайқымазақтар сияқты шалбарларының балақтарын тобықтан шорт кескендер, беті-аузын тұмшалап, қап-қара киім кигендер толып кетті. Көпшілігі ерсі іс-әрекеттер жасап,боқтық, лас сөздер айтып жатады,мұның өзі олардың надандығын, ішкі жан-дүниесінің ластығын дәлелдейді. Осындай адамдардың жамандықтар ұйымдастырып, экстремизм мен  терроризмге бармауына кепілдік барма ?!

Наданның көңілін басып тұр

Қараңғылық пердесі.

Ақылдан бойы қашық тұр,

Ойында бір-ақ шаруасы.

Сол себепті алдымен  жасөспірім кезден-ақ діни сауаттылықты арттыру керек деп ойлаймын. Дипломы бар жастарды үйде бос жатқызбай, жұмысқаорналастырса, мекеме мен кеңселерде жұмыстан кейін демалыс уақытында қосымша курстар ашылса, жақсы болар еді. Жұмысы жоқ жастар өзмамандықтары бойынша жұмысқа кіре алмағасын, ақшасы жоқтықтан әртүрлі қылмыстар жасап немесе теріс бағыттағы діни ұйымдарға кіріп кетіп жатады.Сонымен қатар олардың қатарында жағдайы төмен отбасы мүшелері,өмірде өз орнын таппай, рухани ізденістер мен күйзелісте жүргендер, жеке басының қиындығын шеше алмағандар,дәстүрлі дінді терең білмейтіндер де бар. Бұл адамдар қаймағы бұзылмаған қайран дініміздің ластануына, қадір-қасиетін жоюына үлес қосатындар санының артуына әкелері сөзсіз.

Құйрығы шаян,басы адам,

Байқамай сенбе құрбыға.

Жылмыңы сыртта,іші арам,

Кез келер қайда сорлыға.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінекей,бұзған жоқпа елдің сиқын?»-деген Абай атамыздың сөздері осындай жандарға арналғандай әсер қалдырады.

Кертартпа топтардың зайырлы мемлекетіміздің ұстанымдарын жоққа шығарып,ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін діни экстремизм мен жалған діни ұйымдар тарапынан орын алатын құқыққа қайшы әрекеттер мен жат ағым идеологиясынан жастарымыздың аулақ болып,олардың бойларында рухани-адамгершілік құндылықтардың қалыптасуына қоғам болып жұмыстануымыз керек.Пайғамбар даналығындағы  тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алу туралы өсиетті қару етіп, еліміздің тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салатынын ұмытпай, исламның ізгілігі мен ұлы мұратын жетік түсініп, адамзат ұрпағының адал жолдан адаспай, иманды қоғам құрып,ибалы адамдарын тәрбиелеу үшін тамшыдай болса да үлес қосқанымыз жөн болар. Экстремистік немесе радикалдық көзқарастағы адасқан азаматтар – өз сенімдеріне өздері тұншығып қалғандар. Олар – өз сенімдерінің шеңберінен басқа өзгелерді көрмейтіндер,бір терең шыңырауда қалып қойғандай басы айналып қалғандар. Бұл олардың кінәсі емес,қасіреті десе де болады. Ендеше, оларға қолұшымызды созайық,олардан теріс айналмайық! Адам болып дүниеге келген соңең бірінші иманымыз берік болып, ұлттық болмысымызды жоймауымыз керек. Ұлттың өзін-өзі сақтайтын басты белгілері – ол тілі мен діні.Ислам діні ғана емес,әлемдегі дәстүрлі діндердің бәрі экстремизмге қарсы.Әлемде лаңкестікті,экстремизм мен соғысты жақтайтын бірде-бір дін жоқ. Кезкелген халықты құрту үшін оның дінін құртса,ол халықтың тұтастығы кетеді. Ал дініне мықты халықтың санасы сергек,іргесі тұтас болары сөзсіз. Н.Назарбаев «Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы, діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады»деген болатын.Осы шығармам арқылы экстремизм мен терроризмнің алдын алып, оларды болдырмау үшін барлық адамзатты ауызбіршілікке,ынтымақ пен достыққа шақырамын.

Алла Тағала жаны жайсаң, дархан жұртымызды бірлігінен айырмасын!

Ырыздық ТОҒЫЗДАҚОВА,

3- орын иегері,

Атырау сервис колледжінің студенті

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close