Жаңалықтар
«Ислам мемлекеті» жеңілді
«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы (Қазақстанда тыйым салынған) Иракта шоғырланғанымен, оның жасырын ошақтары қайта жандануы мүмкін деп хабарлады БҰҰ-ның сарапшылар тобы осы аптада қауіпсіздік жөніндегі халықаралық жиында. Сарапшылар мұндай тұжырымды БҰҰ-ның экстремистік топтар жайлы тоқсан сайынғы есебіне сүйеніп жасап отыр, деп жазады kazislam.kz
Бұл есепте ИМ-нің назары негізінен Иракқа ауып отырғаны, онда топ жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади шоғырланғаны айтылған. Ұйымның сонымен бірге Сириядағы бірқатар аумақта бақылауда ұстағысы келетіні жазылған.
Биыл наурыз айында ұйымның соңғы қорғаны болған Багуз қаласынан айырылғаннан кейін бұл топ жетекшілері «маңызды аймақтарды сағалап, күш жинауға бекінген, жергілікті деңгейде әрі қарай дайындық жасау үшін жасырын ошақ құруға талпынып жатыр» делінген есепте. Онда бұған қоса, ИМ өзінің «әлемдегі жетекші террористік ұйым» деген атын сақтап қалу үшін оны барынша көп насихаттап жатқаны айтылады. Экстремистік ұйымның әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан шабуылдардан қолы босап, қосымша шабуылдарға «уақыты мен мүмкіндігі» туған шақта халықаралық шабуылдарды бастайды делінген есепте. Америка барлау қызметі өкілдері мен кей дипломаттар да бұл пікірмен келіседі.
«Ислам мемлекеті» 2012 жылы Сирия мен Ирак аумағында құрылған. БҰҰ мен әлем елдері бұл ұйымды террористік топ деп таныған. Ирак пен Сирия аумағында шариғат заңымен өмір сүретін халифат құруды көздейтін ұйым 2013 жылы осы екі елдің біраз аумағын басып алған. ИМ қысымы салдарынан миллиондаған адам босып кеткен. Орталық Азия елдерінен ИМ қатарына қосылу үшін жүздеген адам Сирия мен Иракқа аттанған. Ұйым Еуропа және Азияда болған бірнеше терактіні өз мойындарына алған.
2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп ИМ тобының күйрегенін мәлімдеген.