Жаңалықтар
Теологтар өрт сөндірушілермен кездесті
Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, Қызылқоға аудандық №10 өрт сөндіру бөлімі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұжымымен «Діни сауаттылық дініміздің тұғыры» атты кездесу өтті.
Кездесуге облыстық Дін істері басқармасы ақпараттық-талдау орталығының маманы Н.Ғизат, аудандық «Бәйтерек» мешітінің бас имамы М.Сұлтанов, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Ш.Темірқұлұлы қатысты.
Орталық маманы Н.Ғизат дін мәселесіне байланысты қарым-қатынасты реттейтін Қазақстан Республикасындағы заңдар мен онда қарастырылған жауапкершіліктер туралы әңгімеледі. Ал аудандық «Бәйтерек» мешітінің бас имамы М.Сұлтанов қазақ халқының ұлттық дәстүр-салттары, оның дәстүрлі дінмен байланысы, теріс діни ағымдардың негізгі мақсаттары туралы айтты. Теолог Ш.Темірқұлұлы Ислам дінінің құндылықтары, оның қазіргі зайырлы мемлекеттік құрылыспен үйлесімділігін айтып, теріс діни ағым өкілдерінің кескін-келбетін, қандай негізгі қағидалары барын, олардың қоғам үшін де, жеке тұлға үшін де қауіптілігін түсіндірді.
Кездесу соңында мекеме қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарына тұщымды жауап ала алды.