Жаңалықтар

Дәурен Абаев: Кейбір адамдар діннің атын жамылып, экстремизмді насихаттап жүр

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдында аса маңызды, ерекше жауапты жұмыс тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде тарихи тұрғыда қалыптасқан ислам діні біркелкілігімен, төзімділігімен және дәстүрімізбен астасып жатуымен ерекшеленеді. Алайда бүгін де, өкінішке қарай, кейбір жекелеген адамдар діннің атын жамылып, экстремизм мен терроризмді, діни фанатизмді насихаттап жүр. Олар қазақ жеріндегі сан ғасырлық тарихы бар исламды, бабаларымыз әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн, Абай мен Шәкәрім дәріптеген дәстүрлі дінімізден сырт айналып, деструктивті діни ағымдардың жетегінде кетті», – деді Дәурен Абаев елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумында. Министр сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдында аса маңызды, жауапты жұмыс тұрғанын атап өтті.

«Ол – еліміздегі мұсылман үмбетін қолда бар «алтынымыздың» қадірін білуге, оны қастерлеуге шақыру, бабалар мұрасы – асыл дінімізді көздің қарашығындай сақтауға үйрету. Оған қоса, ислам дінін ұстанушы азаматтарымыздың діни білімін арттырып, ғаламдық сұраныстарға лайықты жауап бере алатын «сапалы үмбет» тәрбиелеу де кезек күттірмейтін шаруа. Осы мақсатта біздер нақты жұмыстарды бастадық. Бүгінгі форумда қабылданатын «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы атты құжат – халқымыздың ұлттық рухани мұрасы мен құндылығын жаңғыртып, бұқараға кеңінен насихаттауға арналған», – деді Дәурен Абаев.

Ведомство басшысы сондай-ақ, форумда «Діни лауазымдар тізілімі», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер реті», «Діни лауазымдардың қызметтік міндеттемелері» атты құжаттар қабылданатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ауқымды құжаттар – діни саладағы өзекті мәселелерді шешуге, мұсылман үмбетінің рухани сұраныстарын қанағаттандыруға, Діни басқарманың беделін көтеруге, жұмысын жүйелеуге оң ықпал етеді.

Айта кетсек, бүгін елордада 500 имамның қатысуымен ІІІ республикалық имамдар форумы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына құттықтау хатын жолдады.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close