Жаңалықтар
«Ұлт бірлігі мен қауіпсіздік мәселелері»
Осындай тақырыппен Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді.
Аталған шараға Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Мәдениет қайраткері, АТТ мүшесі Серік Мұхамбетов, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Мұхидден Омаров және Сириядан «Жусан» операциясымен елімізге оралған Перизат Еркінбай қатысты.
Мәдениет қайраткері С.Мұхамбетов: «Дін де, дәстүр де қоғамды біріктіруші рухани бастаулар. Сондықтан қоғамдық санада дін қағидаттары мен салт-дәстүрлерімізде қайшылық болмауы қажет» дейді. Сондай-ақ, зайырлылық түсінігі мен дін түсінігінің қарым-қатынасы жайлы мысалдар келтірді.
Теолог М.Омаров халықаралық деңгейдегі терроризм қаупін, шеттен шыққан көзқарастардың кері әсерін, дәстүрлі емес діни бағыттардың ықпал ету жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, елімізде тарап жатқан дәстүрлі емес діни қозғалыстардың тарихына тоқталды.
Ал, жастайынан жалған діни ағымдардың құрбаны болған П.Еркінбай Сириядағы бастан кешкен қиын тағдырын айта отырып, жастық шақтың қанша уақытын жоғалтқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар студенттерге соқыр сенімнің жетегінде кетпей, ата-ананың, бауырлардың, отанның, білім алудың, уақыттың қадірін түсіну керектігін еріксіз көзіне жас алып жеткізді.