Жаңалықтар

Дінді дәстүрден бөлу – бірлікті бұзу

Бүгін Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы 4 желтоқсан күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Атырау магистралдық желі бөлімшесі» Вокзал шаруашылығының Атырау аумағы бойынша филиалы қызметкерлеріне «Дінді дәстүрден бөлу – бірлікті бұзу» атты кездесу өткізді.

Аталған шараға Ауған соғысының ардагері, АТТ мүшесі Шакиров Толыбай, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Омаров Мұхиддин және Сириядан «Жусан» операциясымен елімізге оралған отбасы мүшесі Еркінбай Перизат қатысты.

Ауған соғысының ардагері Т.Шакиров: «Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Сыбайлас жемқорлық – бұл ғаламдық мәселе, одан әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір саяси жүйе, бірде-бір саяси тәртіп қорғалған емес. Сондықтан, бұл індетке бірлесе қарсы тұруымыз керек» – дей келе әрбір адам Абай Құнанбаевтың «Пайда ойлама, арды ойла» деген ұстанымда болса бұл індеттің алдын алудың бір жолы екендігін жеткізді.

Теолог М.Омаров: «Еліміздің тарихын, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңірген ислам дінінің өзіндік даму жолы бар. Бұл дәстүрлер қазақ халқының ұлттық бір­тұтастығының белгісі болып табылады. Бүгінгі қоғам жастары өздерінің мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтау керек. Бұл дегеніміз – рухани негізді игерудегі бүгінгі жаһандану заманында мәдениеттің құлдырауынан сақтайтын, сан түрлі сипаттағы деструктивті ағымдарға қарсы тұруды қалыптастыратын қорған болып табылады» – дейді. Сонымен қатар, теріс ағымдар мен дәстүрлі дінді ұстанушылардың ара-жігін ажырату, олардан қалай сақтану секілді ойларымен бөлісті.

Ал, жалған діни ағымдардың жастайынан құрбаны болған П.Еркінбай Сириядағы бастан кешкен қиын тағдырын айта отырып, жастық шақтың қанша уақытын жоғалтқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар студенттерге соқыр сенімнің жетегінде кетпей, ата-ананың, бауырлардың, Отанның, білім алудың, уақыттың қадірін түсіну керектігін жеткізді.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close