Жаңалықтар
Атыраудағы жалған лаңкес бес жылға сотталуы мүмкін
Тәртіп сақшылары Атыраудағы мектептердің біріне «бомба қойылғаны» туралы ақпаратты тексерді, деп хабарлайды Терроризмге қарсы комитеттің ресми сайты.
17 қаңтар күні «102» қызметіне Атырау қаласындағы №27 орта мектепте бомба бар деген ақпарат түскен. Мектептегі барлық адам қауіпсіз жерге шығарылып, ғимарат қоршауға алынды. Жарылғыш затты іздеуге төтенше жағдайлар департаменті, ҰҰҚД және полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Мектепке жедел жәрдем көлігі келді.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі бүгін хабарлағандай, мектеп ғимаратынан жарылғыш зат табылмаған.
Жалған ақпарат берген 45 жасар атыраулық ұсталды. Енді оны ҚР Қылмыстық Кодексiнің 273-бабы (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша жаза күтіп тұр. Ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы екі жылда Атырауда осындай 8 жағдай тіркелген. Барлық «жалған террористер» ұсталып, жазаға тартылған.
durbi.kz