Басты тақырыпЖаңалықтар

Өзекті өртеген өкініш немесе ұлынан айырылған әкенің сыры

Екі жыл бұрын лаңкестік ұйымға қосылып, сүйегі жат жерде қалған өрімдей жас жігіт Жанболат Әміровтің әкесі Болат ақсақал редакцияға келді. Қолында қат-қат бума қағазы бар. Құжат мөрі басылған әр парақ қағазда жұлдызы жанбай жатып, сөнген ұлының тағдыр талайы  жатыр екен. Әңгімесін шерлі кеудесінен сыр суыра отырып, ақтарыла айтты…

Жанболатты ара-тұра көріп қалатынмын. Өзіммен шамалас жігіт ылғи жымия амандасатын. Иегінде жұқалтаң сақалы бар еді. Ылғи күлімсіреп жүретін. Бала күнінен ата-ана әмірімен қалаға ерте келгенімен, ауыл адамдарын тегіс танитын. Сәлемі түзу еді. Намаз оқитынынан хабардар болатынбыз. Түрлі діни ағым туралы алыпқашпа сөз халық арасында гуілдеп жатқан кез. Университеттегі оқуымызды бітіріп, оң-солымызды тани бастағанбыз. Жұма намазына барып, уағыз тыңдап, имамдар арқылы діни таным-түйсігіміз толыға бастады. «Балақ кесіп, сақал қоятындар» туралы дақпырт-дабырасы аралас әңгіме жүріп жатқанымен, Жанболатты жамандыққа қимайтын едік. Иманжүзді келбеті, жылыұшырай амандасатыны көңілге күдік туғызбайтын. Бірақ… Тағдырға не шара? Бірнеше жылдан соң Қырғызстанда опат болғаны туралы хабар жетті. Анау-мынау дабыра емес, қантөгіс, лаңкестік ұйым туралы… Арнайы жасақ операциясы… Мұндай жаңалықты жәлекедей жалаңдап, сол кезде «аш отырған» сары жағал сайттар мен тілі тұтықпайтын телекеруен көші бірінен соң бірі іліп әкетіп, дүйім жұртқа таратып жатты…

Содырлар сапынан  бір-ақ шықты

Қамкөңіл әкенің қайғысы ұшан-теңіз екен. Болат ағаны жете танимыз. Ақжарқын, ақкөңіл кісі. Екі алақанын еңбек табы қажаған шаруа адамы. Жанболаттың жат жолға түсіп, жарға жығылғаны жұртқа мәлім. Жан дүниесі уытты іріңнен іштей мүжілсе де, сыртынан сыр алдырмайтын ел ағасы елгезек қалпында қалды. Көз алдында өсіп-өнген ұлының тағдыр сорабы тұйықталып,дәрменсіз күй кешетінін ертеаңдамағанына қапалы. Әңгімені турасынан қойып, «Неге!» деп қоғамға сауал қойғысы келетінін айтты.

Алайда алғашқы жолығуда аманат арта келген ақсақалдың үміт үдесінен шыға алмадық. Тақырып ауыр еді. Батылымыз бармады. Бүгінгі қазақ трагедиясына айналып отырған дүдәмал діннің кесірі соқталдай жігітті содырлар сапынан бір-ақ шығарғанын есту өте ауыр еді.

Болат ақсақал баласының тағдыр талайын айтам деп, биыл тағы да іш тарта келген соң, қағазға түсіруге бел буудан басқа амал қалмады. Қария әңгіме  үстінде көзіне жас алғанда, тау тұлғасы шөгіп қалғандай болып көрінді. «Мен сияқты мұңлық аз деймісің. Жастарға сабақ болсын бұл әңгіме. Басымды тау мен тасқа ұрсам да, тағдыр теперішін қайдан жоққа шығарайын?» деді.

Қала қағынан бездіріпті…

2000 жылдардың басында ауыл баласы Жанболат қаладағы мектепке орналасады. Ата-анасы ол кезде «Қаланың оқуы озық қой. Қазіргі қазақ жұртына таңсық компьютер тілін ерте білсін. Білім бәйгесінен қалмасын», – деген ниетпен жіберген.  Замана көшін аңғарған баланың ата-анасы бірақ алда қандай тағдыр тауқыметі күтіп тұрғанынан хабарсыз еді. Жанболат ислам әліппесін, иман шартын ерте таныған. «Әкесі мешітке ертіп әкеліп, бар білгеніңді үйрет» деп, қолыма табыстады. Қағілез бала еді. Құран сүрелерін тез жаттады. Намаз оқуға төселе бастады. Бірақ екі-үш  ай өткен соң, қалаға кетіп, содан кейін көз жазып қалдым», – дейді ауыл имамы бізге телефон арқылы.

Шаһар тірлігін ерте таныған баланың соңынан еріп, көп ұзатпай  әке-шешесі де қалаға қоныс аударды. Жанболат мектепте оқи жүріп, жұма намазынан қалмайтын. Өзінен бес жас кіші Жанбатырды да қасына ертіп жүріп, дін жолына баулыды. Бірақ қала өмірі ғажайыпқа толы емес екен. Дін жолына түскен жастарды сан тарау жол, бұралаң соқпақ күтіп жатады.

«Кейде өзіне туралап сұрақ қойып, теріс бағытқа түспеуді ескерте бастағанымда, уәжін айтып, көңілімдегі алаңды басып қоятын. Сауатты сөйлейтін. «Сақалды ата-бабаларымыз да өсірген. Балағымды қысқартқаным – шалбарыма шаң тимесін деп тазалықты сақтағаным» дейтін. Әр сөзіне дәлел келтіреді. Күдік туғызбайтын. «Ең бастысы, Құран оқып, дін жолына түсті. Мұсылмандық жолында жүр. Ата-баба жолы ғой» деген ой көкейге сенім ұялатты. Қазақ балалары әке қабағына қарап өседі. Маған сыр алдырмаған да шығар. Кеңестік кезеңде шаруаға ерте араластық. Кәлимамыздықайырамыз, дәстүр, жөн-жоралғы жолын білсек те, діннен жеткілікті хабарымыз бола қоймады, – деді Болат Кишкалиев.

Жанболат

 «Жанболатпен бір курста қатар оқыдық. Болашақ мамандығы әлеуметтанушы еді. Группасында жігіттер аз болды да, біздің топтың студенттерімен жақсы араласты. Алғашқы жылдары ортақ дәріс оқылған соң, бір аудиторияда бас қосып тұратынбыз. Философия пәнінен сабақ бергендер көбі атеист болып келетіні белгілі. Олар адамзат баласы эволоюциялық жолмен өсіп-өнгенін жиі айтатын. Бірде Жанболат сөзге келіп қалды. «Бізді Алла топырақтан жаратты» дегеніне дәріс оқып тұрған адам келісе қоймады.  Сонда Жанболат «Сіз – маймылдың, ал біз – адамның ұрпағымыз» деп нүкте қойғаны бар. Студенттер осы қисынға ду күлгені есімде.Оқыған-тоқығаны мол екені салмақты сөзінен аңғарылатын. Екеуміз де Жәнібек ауданынанбыз. Тез тіл табысып кеттік. Ораза ұстаған уақытта ауызашарға бірге барып жүрдік. Бірақ кейін қасындағы жігіттерінің сөз райы келіспеген соң, іргемді аулақ сала бастадым. Жолдастарының бет-әлпеттері де ұнамады. Жанболат еті тірі жігіт еді. Студент кезінен саудамен айналысты. Ұялы телефон сататын. 3-4-курстарда сабаққа қатысуды сиретті», дейді ауылдасы Асылбек.

Оқу бітірген Жанболат мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған. Қаладағы сауда нүктелерінде нәпақа айырды. Әкесінің айтуынша, 2011 жылы баласы үйленуге бел байлаған. «Құдалар Атырау өңірінен келді. Бірақ бала қалыңдығын алып, бөлек үйде отырды. Кафеде тойды құдалармен арқа-жарқа өткіздік», деді Болат аға. 2012 жылы сәуір айында немере сүйді. Азан шақырып, баласына Юсуф деген ат қойды. Егер жас жігіттің тағдыр жолы кілт бұрылмағанда бейбіт тірлік осылай жалғаса берер ме еді?

 

Ресми ақпаратқа жүгінсек…

 Жанболат Болатұлы Әміров 1988 жылы Жәнібек ауданында дүниеге келген. 2014 жылы тамыз айында Қырғыз Республикасының шекарасын кесіп өткен. Қыркүйек айында тергеу абақтысында ұсталған. Жанболаттың есімі 1991 жылы туған жаңақалалық Альберт Абхинмен қатар аталады. Екеуі де Қырғыз елі арқылы шетел аспақ болғаны үшін «шекараны заңсыз кесіп өтті», «жалған құжаттар жасады» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қырғыз жерінде Әміров 4 жылға, Абхин 3 жылға сотталды.

– Ұлымның көрші елге өтіп кеткенін ҰҚК қызметкерлері жұмыс орныма келіп хабарлады. Келінді төркініне жіберіп, маған «Тайпақ жақта қарбыз өсіріп, сатамын» деп кетіп еді. Төбемнен жай түскендей болды. «Мүмкін емес» дедім. Қырғызстанда өткен сот отырысына қатыстым. Шартты түрде сотталып, апта сайын ішкі істер органына қол қойып тұруға үкім шығарылды, –деді әкесі.

 

Түрмеден қашып шыққан

 Қазақстандық екі жігіт түзету мекемесінен 2015 жылғы көктемде қашып шыққан. Маусымның 25-інде олардың қайда екені анықталғанымен,  ұстау мүмкін болмаған. Шілденің 1-і күні қырғыздың арнайы жасағы қолға түсірер алдында Альберт өзін-өзі гранатамен жарып жіберген, Жанболат бой тасалап үлгерген. Альберт жантүршігерлік әрекет алдында туысқандарымен хабарласып, «елге орала алмайтынын, оған ешқандай үміт қалмағанын» айтқан. 24 жастағы жігіттің артында төрт баласы жетім қалған.

 

Сүйегі Қырғызстанда қалды

 Қырғызстанның арнайы жасағы 2015 жылы 16 шілде күні Бішкек қаласында антитеррорлық операция жүргізген. Оларға Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетініңкөмектескені жөнінде мәлімет бар. Операция барысында халықаралық террорлық ұйымның мүшелері ұсталған. Атыс кезінде сол ұйымдағы төрт адам оққа ұшып,қалғандары тұтқындалған. Қарулы қақтығыста қаза тапқандар арасында Жанболат Әміров те болған. Террорлық ұйымға «Ала-Тоо алаңындағы айт намазы  кезінде жарылыс жасамақ болды» деген ауыр айып тағылған. Тіпті, Ресейдің әскери әуе базасына шабуылдамақ болғанын Қырғызстанның ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Альберттің сүйегін туған жеріне туысқандары жеткізген. Гранат марқұмның бір қолын тұтасымен жұлып әкетіпті. Мүрдесі аман қалған. Ал Жанболатқа жат жерде топырақ бұйырған. «Баламның қайтыс болғаны туралы куәлік беруін Бішкекке сұрай барғанымда, әуре-сарсаңға түстім. Қырғызстандық лейтенант маған Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті сұраныс жіберуі керегін айтты. Біздің елдің комитет өкілдері «Әміровтің қайтыс болғаны туралы куәлік сұрату міндетімізге жатпайды» деп бас тартты. Бір жылдан соң құдағайым Орал қалалық АХАТ бөлімінен берілген куәліктің көшірмесін алып келді», – деді Болат Кишкалиев.

 

  Келін де Қырғызстанда ұсталды

 Қырғыз Республикасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу басқармасының бастығы, әділет  полковнигі К.Кадинов Орал қаласының тұрғыны Б.Кишкалиевке 2015 жылы 11 тамызда жолдаған хатында Қырғызстан заңнамасына сәйкес террорлық қылмыс жасағандардың денесі жерлеуге берілмейтіні және олардың қабірі орналасқан жер туралы хабарланбайтыны жайында хат жолдаған. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2015 жылдың 22 қыркүйегінде жолдаған хатында Жанболат Әміровтің зайыбы А-ның  17 қыркүйекте Қырғызстанда ұсталғаны хабарланған. Ол шекараны заңсыз кесіп өткені үшін бірнеше жылға сотталған. Жат жерде қалған баласын келіні өзінің ата-анасының қамқорлығына беретіні жөнінде сенімхат жазып берген.

 

«Немерем ата тегін білмейді»

 Баласынан айырылған Болат Кишкалиев немересін әлі күнге бауырына баса алмай жүр. «Немеремізді өз қамқорлығымызға алатынымызды айтып, Атырау облысы Жылыой аудандық прокуратурасына, Орал қалалық білім бөліміне де бірнеше мәрте хат жолдадық. Юсуф 2017-2018 жылдары Орал қаласындағы №13 мектепте оқыды. Осы аралықта келіннің сіңлісінің қамқорлығында болды. Кейін Атыраудың Құлсары қаласында тұратын нағашы ата-әжесінің қолына барды. Заң жүзінде қамқоршылық мәртебесін тағайындап алған құдағайымыз Амина баланы бізге беруге келісімін бермей отыр. Екі жыл бұрын Жылыой аудандық білім бөлімінен айына бір мәрте, оның өзінде, бір сағатқа Құлсары қаласына келіп, немереммен жүздесуге қамқоршының келісім беретіні жөнінде хат қолымызға тиді. Сондықтан жиі жолығудың сәті түспеді. Қазіргі уақытта немерем ата тегін білмейді. Бір мәрте ауруханаға түскенде, баланың қасында зайыбым,  туған әжесі Баян бірге болуға рұқсат алды. Юсуфты өзіміз бағып-қағуға жағдайымыз толық жетеді. Заңгерлерге сан мәрте жолықтым. Олар баланы соттасып қана өз қамқорымызға алуға болатынын айтады. Дау-жанжал тудырғым келмейді. Түбінде, немерем атасын іздеп келетініне сенемін. Сол кездегі сағыныш мөрі басылған, сұрау салған құжаттарымды көрсетемін», –деді мұң-шерін ақтарған ақсақал.

Жанболат пен Альберт

Түйін: Бір отбасындағы ағайындылардың адасуы ата-анаға тауқымет тартқызуда. Жат ағымға шырмалған Жанболаттың немере інісі Жанбатыр да із-түзсіз ғайып болған. Оның Ресей арқылы Сирия асқаны туралы болжам ғана бар. Талайға тажал болған, Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ лаңкестік ұйымының құрған тұзағы қазақ жігіттерін опат қылды. Береке-бірлігі суып, ошағы ойран болған отбасының артында опық жеп әке-шешесі қалды. «Дін жолын бірге ұстанған достарының бірде-бірі келіп, көңіл айтқан емес. Олар  талай мәрте шаңырағымыздан дәм татты. Басына іс түскеннен кейін ұшты-күйлі жоқ болды. ҰҚК өкілдері келіп айтқанда, шекара асып, заңбұзушылық жасағынына көңілім сенбеді. Маған ерте ескерткенде, бір шара қолданар едім. Әлпештеп өсірген ұлым ғой. Арнаулы құрылымдар артынан аңду салған болса, Сирия асуға ниеті бары мәлім болса,  ата-анасына неге хабар бермеген? Жат діни ағым халықтың соры екен. Талай жасты құрдымға түсірген осы ағымның алдын неге алмады?» деп күйзеледі Болат ақсақал.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Дүрбі»

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close