Жаңалықтар

«Ұлттық бірегейлік және мәдени құндылықтар»

Дәл осындай тақырыппен Атырау қаласындағы №9 Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте кездесу өткізілді. Шара Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Аталған шараға Ішкі істер қызметінің ардагері, Ауған соғысы ардагерлер одағының мүшесі, облыстық АТТ мүшесі Толыбай Шакиров, Атырау облысы Дін істері басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» бөлім басшысы Даурен Мұхамбеталиев, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Сұлтангелді Сариев және «Жусан» операциясымен Сириядан елге оралған Нұржамал Юсупова қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Алғашқы болып сөз алған Т.Шакиров: «Қазіргі таңда өмір үнемі өзгеріп, қоғам үздіксіз дамып отырған шақта ақыл-ойы озық, білімі мен біліктілігі жоғары, ұлттық рухы күшті жастардың қатарында болу күн озған сайын артып отыр. Халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, ерекше ізгі қасиеттермен қатар отансүйгіштіктің де керемет үлгілерін көреміз. Бүгінгі күні егеменді ел болып, қазақ деген ұлт болып отыруымыздың өзі ата – бабаларымыздың теңдесі жоқ ерлігінің арқасы. Отансүйгіштік сезімді, білім мен біліктілікті, дағды мен шеберлікті, адамгершілік қадір – қасиеттерді қалыптастыру үлкен қажеттілік. Сондықтан да сендер адал, шыншыл, сергек, өмірге құштар, көзі ашық, көкірегі ояу, қуаныш пен ренішке ортақтаса алатын, өз Отанын сүйетін, өз жерінің, елінің иесі бола алатын, еркін ойлау қабілеті бар, мәдениетті, іскер, адамдық қасиетке ие, рухани жан дүниесі бай, жаны, ары таза азамат болуларыңның міндеті тұр» дейді.


ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктері» туралы заңның талаптары, сондай-ақ ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 453 және 490-баптарында көзделген құқықтық жауапкершілігі туралы  Атырау облысы Дін істері басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» бөлім басшысы Д.Мұхамбетқалиев түсіндірді.
«Жусан» операциясымен Сириядан елімізге оралған Н.Юсупова Сириядағы бастан кешкен қиын тағдырын айта отырып, қазіргі таңда «Шапағат» қоғамдық қорына қызметке тұрып, түсіндірме жұмыстарын жүргізудегі мақсатын жеткізді.
Ал, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы С.Сариев жалған діни ағымдардан сақтанудың жолдары мен зияндарын түсіндіріп, қандай да бір діни сұрақтар туындаса арнайы дін мамандарынан сұрауға кеңес берді.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close