Жаңалықтар
Радикалды идеологияның алдын-алу құралы не?
Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, Атырау қаласындағы №38 мектеп-лицейінің жоғарғы сынып оқушыларына «Рухани құндылықтарды жаңғырту – радикалды идеологияның алдын-алу құралы» атты кездесу өткізілді.
Аталған шараға Атырау облысы Дін істері басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» бөлім басшысы Даурен Мұхамбеталиев, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Сұлтангелді Сариев және «Жусан» операциясымен Сириядан елімізге оралған отбасы мүшесі Нұржамал Юсупова қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сұлтангелді Сариев дін мәселелеріндегі заңнамалық өзгерістерді, дін саласына арналған мемлекеттік тұжырымдаманың негізіндегі зайырлылық қағидаттарын, сондай-ақ дәстүрлі діндер мен дәстүрлі емес діни ағымдардың айырмашылықтарын, сипаттамаларын түсіндірді. Дәстүрлі діни көзқарас – ол пайғамбар заманынан бері басталып, кейін ғасырлар бойы мәдени құндылықтармен жалғасқан көзқарас. Дәстүрлі емес діни көзқарас – әр түрлі бағытта қалыптасқан классикалық діннің негіздерін бұзып түсіндіретін және соны ұстанатын діни ағымдар. Сонымен қатар, маман мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындардағы діни жоралғылар жасау мен насихаттаудың да заңнамалық шеңберіне тоқталды.