Сараптама

Коронавирус: Қазақстанның Батыс аймағында да ахуал күрделене түсуде

COVID-19 инфекциясы әлемді дүрбелеңге салып тұр. Қытайда шыққан аждаһа-індет бұғалыққа көнбей, Еуропаны еңіретіп, АҚШ асып кетті. Жер бетінде коронавируспен ауырғандар саны 900 мыңға жуықтады. Індет салдарынан 43 500-ден астам адам қайтыс болды.
Қазақстанда індетке шалдыққандар саны 372-ге жетті. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы ауруханадан 26 адам жазылып шықты. 3 адам қайтыс болды.
Осы екі шаһарда коронавируспен ауыратындар көбейе түсуде. Наурыздың 13-інен бері жұқпалы індет Қостанай облысынан басқа барлық өңірге таралып үлгерді.

Атырау

Атырау облысында 16 адам коронавирусқа шалдыққан. Қалалық емхана медбикесі 17 наурыз күні «Алматы-Атырау» рейсімен келген студенттен қан талдауын алған. Енді инфекция зарарын медбике тартуда. Алматыдан келген жолаушылардың ауру жұқтырып алып жатқаны анықталған. 21 наурызда «Нұр Сұлтан-Атырау» бағытындағы пойызға мінген қызбен сөйлескен 25 және 50 жастағы әйелдер де індетке шалдықты. «Алматы-Атырау» ұшақ рейсімен келген 14 жастағы қызбен байланыста болған 1999 жылғы қыз бен жігіт сырқаттанып, үшеуіне КВЖ диагнозы қойылды. Наурыздың 30-ы күні Атырау қалалық емхананың екі медқызметкері де дертке шалдыққаны анықталды.
Қызылқоға ауданының 28 жастағы тұрғыны ЖРВИ сипмтомымен Атырау облыстық ауруханасына түскен. Кеше оның коронавирусқа шалдыққанын тест нәтижесі расталуына байланысты, онымен байланыста болған медқызметкерлер мен емделушілер оқшауланды. Облыстық аурухана екі күн карантинге жабылып, ғимарат зарарсыздандырылуда.
30 наурыз сағат 00:00-ден бастап, Атырау облысы бойынша күшейтілген карантин енгізілді. Барлық автобекет қызметін тоқтатты. Облыс және ауданаралық жолаушылар тасымалына түгелімен тыйым салынды. Атырау қаласына кіріп-шығу тоқтатылды. Сәуірдің 1-інен бастап облысаралық пойыздар рейсі шектелуде. Жасы 65-тен асқан тұрғындарға үйден шықпау ұсынылды.

Батыс Қазақстан облысы

Наурыздың 29-ы күні Батыс Қазақстан облысында екі адамның коронавируспен ауырып жатқаны белгілі болды. Соған байланысты келесі күні өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев кеңінен түсінік берді.
Олардың біреуі наурыздың 24-і күні Ресейдің Саратов облысынан келген. Тасқала ауданындағы шекара бекетінен өтіп, Ақсай қаласына барған. Наурыздың 28-і күні 1967 жылғы ақсайлықтың денсаулығы сыр беруіне байланысты «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласқан соң, Бәйтерек ауданындағы правизорлық госпитальға жатқызылған. Екінші 1972 жылғы тұрғын наурыздың 27-сінде Атырау облысынан Орал қаласына келген. Келесі күні денсаулығы нашарлағанын айтып, 1406 колл-орталыққа телефон шалған. Колл-орталық қызметкерлері «103» нөміріне хабарласуды ұсынады. Науқас Кумыска елді мекеніндегі правизорлық стационарға өзі жеткен. Қазіргі уақытта екі науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланған. Эпидемиологиялық тексеру арқылы коронавирус жұқтырғандармен тікелей қатынаста болған 10-ға тарта адам анықталып, правизорлық стационарда медициналық бақылауға алынды. 40-тан астам адам үйлерінде карантиндік талапты сақтауға көшті. Екі әйелмен байланыста болғандарды анықтауға байланысты эпидемиологиялық тексеру жалғасуда. «Қазақпарат» агенттігі мәліметінше, сәуірдің 1-і күні Атырау қаласының 37 жастағы тұрғыны инфекция жұқтырғаны белгілі болды. Ол оралдық әйелмен байланыста болған адамдардың бірі екен.
Науқастар тұрған үйлерге адамдардың кіріп-шығуына шектеу қойылған. Әр пәтерден бір адам ғана азық-түлік және дәрі-дәрмек алуға маска киіп шығады. Сондай-ақ қажетті тауарды тапсырыс беру арқылы үйге алдыртуға рұқсат етілген.
Көпшілікті ақсайлық тұрғынның Саратов арқылы қалай өткені толғандырғаны мәлім. «Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, төтенше жағдайға байланысты арнайы талап қойылмастан бұрын басқа елге шығып кеткен ҚР азаматтары шекарадан өте алады. Соған байланысты шекара бекетінде санитарлық талапқа сай сауалнама толтырып, қызуын өлшеткен. Ол кезде тұрғын бойында аурудың клиникалық белгілері байқалмаған», – деп түсіндірді Нұрлыбек Мұстаев.
Оның айтуынша, облыс бойынша 92 адамның екеуі жұқпалы аурулар ауруханасына, қалғандары правизорлық және карантиндік стационарға жатқызылған. 600-ден астам адам үйде оқшауланған.
31 наурыздан бастап Батыс Қазақстан облысында күшейтілген карантиндік режим енгізілді. Қалалар мен аудандарға кіру рұқсат қағазын беру арқылы жүзеге асуда. Облыстағы елді мекендер шегіне 90 блок-пост қойылады. Олардың 8-і – Орал айналасында. 31 наурыз бен 1 сәуір күндері блок-посттар мен көшелерде карантиндік режим талаптары түсіндірілді.
Шектеулер:
Қалада қоғамдық көліктер таңғы сағат 06:00-ден кешкі сағат 19:00-ге дейін жүруде. Таксистер көлікке үш-ақ адам ғана алады. Жұмыс орнына баратын адам қолында ресми бланкіде көрсетілген анықтама болуы, құжатта мекемеге қатысты нақты деректер жазылуы тиіс. Қоғамдық орындарда үш адамнан артық топталып жүруге болмайды. Бұл талаптың бір отбасы мүшелеріне қатысы жоқ. Қолындағы үй жануарын сейілдетуге шыққандар тұрғылықты жерінен 500 метр аспауы тиіс. Ол үшін 30 минут қана уақыт беріледі. Кәмелеттік жасқа толмағандар көшеде бейсауат жүруіне болмайды. Қасында ата-анасы не үлкен адам болуы тиіс. Туысқандар, көрші-көлем, таныстар үйіне қонаққа баруға тыйым салынады. Тұрғындарға үйінен 2 километр қашықтықтағы азық-түлік дүкені мен дәріханаға баруға рұқсат. Халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысанның қызметі тоқтайды. Банктердің де қызметі шектеледі. Азық-түлік дүкендері мен тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, тағы басқа маңызды объектілер қызметін жалғастырады. ПИК-тер үйлерге күшейтілген дезинфекциялық жұмыстар жүргізуі тиіс.

Ақтөбе

Наурыздың 22-сі күні Ақтөбе облысында коронавирусқа қатысты бірінші жағдай тіркелді. Бүгін облыста COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны төрт адамға жетті. Сәуірдің 1-і күні тіркелген жағдайды сараласақ, ақтөбелік әйел 13-22 наурыз күндері Мәскеуде болған. Орынбор қаласына пойызбен жеткен соң, 25 наурызда Ақтөбеге таксимен жеткен. Екі күн өткенде, дене қызуы болған соң, провизорлық госпиталға жатқызылған. 28 наурызда вирусологиялық талдау нәтижесі инфекция жұқтырмағаны көрсеткен. Сәуірдің 1-күнгі тест оның коронавирусқа ұшырағанын анықтады. Індет жұқтырғандардың бірі – ер адам наурыз айының ортасында бір апта Мысырда болған. 20 наурызда Ақтөбе қаласына келісімен, үй карантиніне алынған. Тоғыз күн өткен соң температурасы көтеріліп, КВЖ диагнозы расталуына байланысты қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауланды. Сондай-ақ Түркиядан Ақтау арқылы ұшып келген әйелдің сырқат екені 29 наурыз күні анықталды. Екі рейс бойынша ұшақта бірге болғандардың бәрі карантинге жатқызылған. 31 наурыздағы жағдай бойынша Ақтөбе облысында 225 адам стационарлық бақылауға алынған. 535 адам үйде оқшауланған.
Сол күні Ақтөбе облысы бойынша карантин режимі іске қосылды.Барлық балабақша, ірі сауда үйі, шипажайлар, саябақтар, спорт және ойын клубтары қызметі тоқтады. Тамақтану орындары тәулік бойы өнімдерін үйге жеткізіп беру қызметін қолданады. Мемлекеттік мекемелер мамандарының көбі онлайн оқуға көшті. Облыс бойынша елді мекендер шегіне 40 блок-пост қойылған.

Маңғыстау облысы

Наурыздың 28-і күні Маңғыстау облысында коронавирус ауруына қатысты бір дерек тіркелді. Ыстамбұл қаласында екі апта болған. Кейін Ақтау қаласына ұшып келген. Онымен бірге болған 72 жолаушы коронавирусқа байланысты тест тапсырды. Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Е. Сыдымановтың қаулысы бойынша, облысының аумағында 3 сәуір сағат 00:00-ден бастап 2020 жылдың 15 сәуірі 07:00-ге дейін карантин режимі енгізіледі. Қоғамдық көліктер орындық санына қарай жолаушы алады. Барлық автовокзал мен автобекет қызметі тоқтатылады. Барлық тұрғын төлқұжатын алып жүруі тиіс. Жұмыс орнына баруға, азық-түлік пен дәрі-дәрмек іздеуге шықпаса, үйінен 200 метр ұзамауы тиіс. Үйінің айналасында серуендеген жағдайда, отбасы мүшелерінен 1 метр қашықтықты сақтауы керек. Теңіз айлақтарына жолаушы тасымалдау тоқтатылады. Азық-түлік және дәрі-дәрмек дүкендерінен басқа, кәсіпкерлік нысандары қызметіне тыйым салынады. Жұмысшы және жолаушы рейстері шектеледі.
Наурыздың 13-інен бері Қазақстанда коронавируспен ауыратын 375 науқас тіркелді. 26 адам сауығып шықты. Олардың қатарында екі жасар бала да бар. Үш адам ауыр індеттен көз жұмды. Еліміздің бас мемлекетік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавируспен ауыратын бір науқас төрт адамға жұқтыратынын айтты. Індетке шалдығу дерегінің 70 пайызы аурумен байланысқа түсуіне байланысты. Қазіргі уақытта СOVID-19 жұқпасы жергілікті тұрғындар арасында кең таралуда.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,
«Дүрбі»

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close