Сұқбат
Екі айда 12 000 аккаунт діни топтардан шығып кетті
Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ
Атырау облысы Дін істері басқармасы Діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы
Соңғы жылдары әлеуметтік желіде әртүрлі діни ақпараттар көптеп жариялануда. Діни білімі жоқ қарапайым адамдар да дін тақырыбында өз ойларын жазып, қоғамда алуан түрлі пікірлер таратуда. Әр түрлі топтар да өз көзқарастары мен мақсаттарын интернет арқылы қалың оқырманға күштеп сіңіруге күш салуда. Соның ішінде исламдағы деструктивті діни ағымды уағыздаушылар жастарды дәстүрлі мазхаб жолынан тайдыруда әлеуметтік желіні пайланып отыр. Дін мәселелеріне қатысты осындай әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл туралы Атырау облысы Дін істері басқармасы Діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Мұхтар Ізғалиев әңгімелейді.
– Мұхтар Шарапиденұлы! Бүгінде карантинге байланысты халықтың үлкен- кішісі интернет желісінде отыр. Әлеуметтік желі діни ақпараттарға толы… Соның ішінде деструктивті діни ағымды уағыздаған ақпараттарға тосқауыл қойылып жатыр ма? Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз.
– ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 490 және 453-баптары тап осындай теріс діни ағымды заңсыз насихаттауға тиым салады. Атырау облысы Дін істері басқармасы облыс тұрғындары арасында дін саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аталмыш бабтар бойынша түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді.
Алайда, қазіргі таңда басқарма тарапынан жүргізілген түсінік жұмыстарына қарамастан деструктивті діни ағым өкілдері діни қызмет саласында бірнеше әкімшілік құқық бұзушылыққа барып отыр.
Атап айтсақ, 2019 жылы Атырау облысында діни қызмет саласында 57 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері тіркелді. Ал биыл 48 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталып, соның ішінде 17-не айыппұл салынды.
-Бұл бағытта облыс тұрғындары арасында дін саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қандай шаралар атқарылуда?
-Аталған әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында жалпы заң тұрғысынан түсінік беріліп келеді. Осыған орай, облыс әкімдігінде дін мәселелеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мемлекеттік қызметкерлерге арналған жиын өтіп, оларға әлеуметтік желідегі парақшаларына діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды жарияламау керектігі түсіндірілді.
Сондай-ақ, Атырау қаласында орналасқан жергілікті діни бірлестік басшыларының қатысуымен дін мәселелеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтарды түсіндіру бағытындағы кеңес болып өтті. Жиында жергілікті діни бірлестік басшыларына дін саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдары мен көптеген өзекті мәселелер түсіндіріліп, діни мазмұндағы әдебиеттерді заңсыз сату, тарату және әлеуметтік желіге діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды жариялау әкімшілік құқық бұзушылықтарға апарып соқтыратыны ескертілді.
Бүгінде әлеуметтік желі деструктивті діни ағым идеологиясының таралу көзіне айналды. Осы ретте Атырау облысы Дін істері басқармасы бастамашылық танытып, «Kaz Dream» компаниясы ұсынған «Аналитикалық интернет-карта» жобасын орнатқан болатын. Бұл бағдарлама облыс аумағындағы әлеуметтік желіде тіркелген барлық тұрғындардың парақшаларын автоматты түрде мониторинг жасап, діни теріс бағыттағы материалдар табылған жағдайда толық зерттеу жасайды.
Бұл зерттеулердің нәтижесінде теріс бағыттағы парақшалардың қандай діни бағытта екенін анықтап қана қоймай, парақшаның желіні қандай көлемде улап жатқандығы туралы толыққанды ақпаратқа қол жеткізіп отырмыз.
-Өзіңіз айтып өткендей, «Аналитикалық-интернет карта» бағдарламасы өз нәтижесін беруде екен. Енді осы мәселені таратып айтсаңыз.
-Қазіргі таңда орталық мамандары тарапынан «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде отырған кездейсоқ деструктивті діни топтарға тіркелген азаматтардан тазартылды. Нақты деструктивті діни бағытты ұстанатын азаматтарды қалдыру мақсатында нүктелік жұмыстар, яғни, әрбір желі қолданушысына толық аты-жөні, тіркелген діни топ атаулары көрсетіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 453,490-баптары бойынша «ескерту хабарламасы» жіберілді.
Аталған бағдарлама көмегімен ағымдағы жылдың наурыз-мамыр айлары бойынша «ВКонтакте» әлеуметтік желісін атыраулық 14 696 аккаунт қолданғаны анықталды.Осыған орай, 14 696 аккаунттың 6561-не «ескерту хабарламасы» жолданды. Аккаунтары жабық, өшірілген немесе бұғатталған 5 632 аккаунтқа ескерту хабарламасын жіберу мүмкін болмады. «Ескерту хабарламасын» алған 6 561 адамның 745-і діни топтардан шығып кетті. Ал 88 адам әлеуметтік желідегі парақшаларын жойған.
Орталықтың байланыс телефонына әлеуметтік желідегі парақшаларынан діни топтар мен ақпараттарды өшіруге көмек сұрап 270 адам хабарласты. Оларға жауапты мамандар тарапынан кеңес берілді.
Ағымдағы жылдың 24 сәуірінде «Инстаграм» әлеуметтік желісінде өткен онлайн – сұхбатта Атырау облысы Дін істері басқармасы тарапынан «діни ақпараттар тарату» бойынша әлеуметтік желілерде жүргізілетін зерделеу жұмыстарына 1 айға мораторий жарияланған болатын. Бұл мораторийға байланысты орталық тарапынан жарнамалық флаер әзірленіп, әлеуметтік желілерде таратылды.
Таратылған хабарландыру нәтижесінде «құпия сөзді» ұмытып қалған облыс тұрғындары өз парақшаларын бұғаттау үшін Орталық мамандарының көмегіне жүгінді. Парақшаларын бұғаттау мақсатында 17 тұрғын Дін істері басқармасының басшысы Қ.Көшқалиевтің атына өтініш берді. Бұл азаматтарға теологиялық және құқықтық кеңес берілді.
Осыған орай, ағымдағы жылдың 13 мамырында «Инстаграм» әлеуметтік желісінде «Дін мәселелеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар» тақырыбында түсінік жұмыстары жүргізілді. Бұл онлайн- сұқбатқа Атырау облысы Дін істері басқармасы Діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің бас маманы Е.Ерғалиев пен басқарма жанындағы Ақпараттық-талдау орталығы Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Д.Мұханбеталиев қатысып, құқық бұзушыларды заң аясында қандай жазалар күтіп тұрғанын айтып берді.
– Алдағы уақытта интернет кеңістігінде діни экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы тағы қандай жұмыстар жоспарланып отыр?
–Бас прокуратураның сайтында Қазақстан Республикасының аумағында таралуына соттың шешімімен экстремистік-террористік сипаты бар деп тыйым салынған 877 діни ақпараттар (аудио, бейнежазба, мәтін) тізімі жарияланған болатын. Осы тізім желі қолданушыларды таныстыру мақсатында орталықтың әлеуметтік желілеріне салынды.
Бүгінде «Кибернадзор» бағдарламасы арқылы деструктивті діни ағым уағыздаушыларының ақпараттарын тарататын топтарды бұғаттау жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру тобының онлайн режимдегі кездесулерінде тұрғындарға ӘҚБтК-нің 453,490-баптары бойынша тоқтаусыз түсінік берілуде.
Әлеуметтік желілерде жүргізілетін зерделеу жұмыстарына 1 айлық мароторий жариялануына байланысты соттың шешімімен ҚР аумағында таралуына тыйым салынған уағыздарды жүктеген аккаунттарға діни материалдарды өз еркімен өшіру туралы ескерту хаттары жолдануда.
-Бұл бағытта атқарылған жұмыстар нәтижесі қандай?
-Нәтиже көңіл көншітерлік деуге болады. 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында 12 000 аккаунт діни топтардан шығып кетті. Бұл 2019 жылдың төртінші тоқсанымен (10 010 аккаунт) салыстырғанда едәуір жақсы нәтиже. Ал, жыл басынан бері 16 531 аккаунт деструктивті діни топтардан шықты. Бұл жоғары көрсеткіш.
Осыған орай, алдағы уақытта да интернет кеңістігін деструктивті діни ақпараттардан тазарту жұмыстары жалғасын тауып, профилактикалық шаралар ұйымдастырылатын болады.
-Мұхтар Шарапиденұлы, әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз.
Сұқбаттасқан Ұлдай САРИЕВА,
«Дүрбі»