Мақалалар

Зайырлы қоғам құндылықтары 

 

Қайролла Көшқалиев,

 Атырау облысы Дін істері

 басқармасының басшысы

 

ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Иә, зайырлы, себебі қазақ халқының өзі жан дүниесі де жоғарыда айтылған бапқа  сай, тіпті дәлме-дәл келеді. Неге десеңіз, қазақ – ұлы дала кеңістіктігінде еркін өскен, бар болмысы айқын, тілі, діні анық бар болған, бар болатын халық. Бостандықты ту еткен рухы биік, санасы жоғары, намысқа беріспейтін, дінге берік өр халықтың зайырлы сипатқа ие болуы да осыдан шығар.

Көне заманнан бері сөзге шешен, данышпан, сауатты халық екенін білетін жұртшылық көк бөрініңмінезіндей адуын халыққа сескене қарап, батырлығына тамсана қарайды. Осы жерде  «Зайырлылық» ұғымына тоқталсақ,«Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне үңілсек, «зайыр» сөзі «анық», «айқын», «ашық» деген сын есімдердің мағыналарын береді. Осы «зайыр» деген сын есімнен түрленген «зайырлы» сөзі «білгір», «білімдар» деген мағыналарға саяды. Демек, «зайырлылық» деп білгірлікті», білімдарлықты атасақ болады.

Қазақ халқы о бастан жазу-сызуға құштар, оқу – білім жағынан жоғары деңгейге жеткен,бір ауыз қара сөзбенмың ауыздық дауды тоқтата білген сауатты халық болған. Яғни, мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез-келген экстремизм түріне үзілді-кесілді қарсы болып, мойындамаймыз» деген болатын.

Еліміз көп ұлтты мемлекет болғандықтан, әр ұлттың дініне құрметпен қарап, сыйластық көрсетіп отырған қазақ жұртшылығы қашан да озық ойымен алда жүр. Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы деген мағына береді. Зайырлылық ұғымының ауқымы кең.

Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни, зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау. Қазір әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қатынасының екі түрі кең таралған. Біріншісі – мемлекет пен дін бөлек, екіншісі – мемлекетте белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі. Бірінші үлгідегі діннің мемлекеттен ажыратылу қағидатының саяси-құқықтық мағынасы төмендегідей:

— ар-ождан бостандығы – ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек;

– дүниетанымдық, соның ішінде діни емес таңдау. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдырады және оның шешімімен келісуге, қабылдауға, оны қорғауға міндеттенеді;

— мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша, азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды;

— мемлекет іс жүзінде барлық діндер мен азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруға ұмтылады;

— мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатында діни-теологиялық қағидаттарға сүйенбейді және олармен басшылық жасамайды;

— мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдық-құқықтық және азаматтық мәселелерді шешуде мемлекеттің үстемдігі жарияланады. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне (заң бұзылмаса) араласпайды, сондай-ақ, діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды.

Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз болмайды. Зайырлылық қағидаты – діни догманы мемлекеттен алшақтату, бірақ дінді қоғам өмірінен ажырату емес.

Зайырлылықтың құндылықтар жүйесі адамның ойлау мәнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды.

Мемлекеттің зайырлылығы діннен бөлектігінен ғана емес, сонымен бірге басқа дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанымен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. Зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған. Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни, зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.

Зайырлы қоғамның құндылығы жоғарыда айтылған артықшылықтарға сай әрекет ететін ерекшеліктермен амал етеді. Бұл зайырлы деп танылған мемлекеттің нық қадамы.

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close