Көкейкесті

Қазақ қайтыс болған адамын қашан өртеп еді?

Кремация – ұлттық құндылықтарымызға жасалғалы тұрған сұмдық шабуыл

Нұр-Сұлтан қаласында қайтыс болған адамның сүйегін өртейтін крематорий салынады. Бұл туралы «Ашық бюджеттер» порталына сілтеме жасаған Sputnik және Stan.kz. сайттары хабарлады. Құрылысына 1 миллиард 519 миллион 285 мың теңге бөлінген крематорий құрылысы биыл басталып, 2022 жылы пайдалануға берілмек.

Қазақ елінде, қазақтың түсіне де кірмеген сұмдық – мүрдені өртейтін крематорий салуға Үкіметті не итермелеп отыр? Сөйтсе, мақсат- зиратты азайту екен. Яғни, ұлан- байтақ қазақ даласында қазақты мұсылманша, салт- дәстүрімізге сай арулап жерлеуге жер жетпей қалуы әбден мүмкін екен-мыс…

Крематория салу туралы әңгіме бұдан бірнеше жыл бұрын да қозғалған болатын. Бірақ 5 тамызда жобасы жарияланған крематорияның құрылысына жергілікті және республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылысқа жауапты адамдардың белгіленуі нақты шешім алынғанын көрсетіп отыр.

Ал дәм-тұзы таусылып, о дүниелік болған ата-анасы, перзенттері мен туғандарының мүрдесін өртеп жіберуге қай қазақ келісер екен? Ойласаң төбе шашың тік тұратын бұл сұмдықты қоғам қалай қабылдап жатыр?

Елімізге белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «Біз өлігін өртейтін Үндістан елі емеспіз» деп алғашқылардың бірі болып наразылық танытты.

«Астана қаласында 1 миллиард 519 миллион 285 мың теңгеге мәйітті өртейтін крематорий салынбақшы. Бұл қалай? Біз өлігін өртейтін Үндістан емеспіз. Мәйітін арулап жерлейтін мұсылман елінде мұнша қаражат шашып крематорий салудың қажеті қанша?! Жерлеу біздің мәдениетіміз, дініміз. Еліміздегі тарихи зираттарға қарап, жердің иесі екенімізді білеміз. Әруақ сыйлау біздің қасиетіміз. Осынау байтақ далада мәйітті жерлеуге орын жетпейді деу ақылға сыйымсыз.

Әрине мына заманда жерлеуді белгілі бір стандарттарға келтіру қажет. Бай болсын, кедей болсын бөлінетін жердің мөлшері шектеулі болуы керек. Қалай болса, солай шашыраңқы, ыйқы-жыйқы бейіт тұрғызуды доғаруымыз қажет. Ысырап қылып зәулім-зәулім күмбезді зират тұрғызуды тоқтатуға тиіспіз. Жалпы зират аумағын ғана қоршап, белгі ретінде құлпы тасқа кісінің аты-жөні жазылса, жеткілікті. Мұның бәрін заңды түрде реттеуге болады. Мүфтият крематорий салуға ресми түрде өз позициясын білдіруге, зиярат тұрғызу, жерлеу тәртібін ұсынуға тиіс» дейді дінтанушы.

– Жан иесін ол адам бола ма, жәндік бола ма, оны өртеу харам,- дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов. – Зираттар қазір әкімшілікке немесе жеке меншік ритуалдық қызмет орталықтарына қарасты болғандықтан шариғаттағы тәртіппен көп есептесе бермейді.

2020-2022 жылдарда крематория салу туралы қала бюджетіне енгізіліп қойған жоба жайында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жауап бермей, Әділет министрлігіне сілтеді. Ал ол министрлік «крематорийге қатысты әзірге ештеңе айта алмаймыз» деп отыр. Бұған дейін таратқан ақпараттарында, мұндай шешімді төтенше жағдай кезінде мемлекеттік комиссия қабылдаған. Құны 1,5 миллиард теңге тұратын крематорийдің нақты қайда және қашан салынатыны туралы ешкім тіс жармай отыр»

Мәселе коронавируста ма?

Хасан Аманқұлов айтқандай, егер бұл бастаманы төтенше жағдай кезінде мемлекеттік комиссия қабылдаса, мәселе коронавирус індетінде жатыр. Яғни, жұқпалы ауруды таратпау үшін қайтыс болғандарды жерлемей, сүйегін өртеп жіберу керек дегенге саяды.

Маусым – шілде айында жүздеген қазақ отбасы індеттен қаза болған ата-анасын, ұл-қызын, бауырларын оң жақта күтіп, жер қойнына салтымызға сай тапсыра алмады. Шариғатқа сай ақ жуып, арулай алмаған, жөнді қоштасасуға да мұрша берілмеген бұл жұқпалы ауру марқұмдардың артында қалған туыстары үшін нағыз қасірет болды. Қазақтың жаны жараланды, жүрегінде мәңгі тарқамас өкініш пен қайғы қалды… Тарихқа көз жүгіртсек, жалғыз коронавируы емес, өткен ғасырларда оба, басқа да неше түрлі індеттер халықты қынадай қырғаны белгілі. Алайда қазақ мүрдені өртеуге ешқашан жол бермеді.

Өмірге келген адам баласын өлген соң да о дүниеге ардақтап, құрметпен аттандыру мұсылманның, қазақтың міндеті емес пе? «Мүминун» сүресінің 12-аятында: «Адамды біз топырақтың ең асылынан жараттық» делінген. Мұсылман баласы өлген соң да сол топыраққа тапсырылып, жер қойнынан мәңгі дамыл табуы тиіс. Қазақ атам заманнан бері аруақты сыйлаған, басына не күн тусада ата- бабамыз салып кеткен сара жолмен жүріп, салт- дәстүрді мығым ұстаған халық. Крематория салу, яғни мүрдені өртеу – ғасырлар бойғы сақталған ұлттық құндылықтарымызға жасалғалы тұрған сұмдық шабуыл.

Ендеше, кремация мәселесіне Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қандай пәтуа айтады екен?

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі»

Кремацияның дініміздегі үкімі

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы

Кремация (лат. crematіo, cremare – өртеу) – мәйітті арнаулы тәсілмен өртеу әдісі. Алғаш рет соңғы неолит пен қола кезеңдерінде пайда болған (б.з.б. 3 – 2-мың жылдықтар). Ежелгі гректер мен римдіктер адам мүрделерін өртеуді кеңінен қолданды. Жапонияда, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерінде кремация ертеден бар. Кремация будда дінінің өлік жөнелту қағидаларымен байланысты қалыптасқан. Еуропа елдерінде кремация христиан шіркеуі шамандық, яғни «дінсіз» халықтардың салты деп жарияланды. Оның үстіне, христиандар ұғымында кремация библиялық «қайта тірілу», «о дүниедегі өмір» ілімдеріне қайшы келетін болды. Тек 19 ғасырдың екінші жартысында ғана Еуропада кремация қайтадан қолданыла бастады. Арнаулы пештер – крематорийлар кеңінен тарады (алғаш рет 1876 ж. Милан қаласында салынды). Еуропада өртенген мәйіттің күлін жерге көмеді немесе арнаулы урналарда сақтайды.

Қайтыс болған адамның денесін арнайы пеште өртеп, күлін жерлеу; көптеген ежелгі заман халықтарындағы «жалынмен жерлеу», соның ішінде ежелгі славяндардың жерлеуінің бір түрі.

Ислам шариғатында мұсылмандардың мүрделерін кремация (өртеу) арқылы жерлеуге болмайды. Бұл – адамзат жаратылысының ардақтылығына қайшы келетін іс. Жаратқан Иеміз Құранда адамзатты ардақты етіп жаратқанын айтады.[1]

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُمْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَى كَثِيرٍ مِمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلا.

Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық.Құрлықта, теңізде алып жүрдік, жақсы нәрселерден ризық бердік әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік»[2], – дейді.

Әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір жәндікті отпен жазалауға болмайтынын ескерткен. Басқа хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең»[3]. Яғни адам баласы тірі бола ма, дүниеден өткен бола ма құрметке ие.

Жалпы мұсылман үмметі адам дүниеден өткен соң оны жерлеу керектігіне бір ауыздан келіскен. Ал оны өртеу болса мәйітті, қорлау, азаптау болып саналады. Тіпті Алла елшісі қабірді баспаңдар деген. Бұл да болса дүниеден өткен марқұмға құрмет ретінде айтылған.

Құран Кәрімде жерлеу үлгісі Абыл мен Қабыл оқиғасында баяндалған. Шариғатымыз бойынша адам баласы дүниеден өтсе оның денесін жер қойнауына тапсырады. Ал өлген адамды өртеу дінімізге жат.

[1] «Жаназа және жерлеу рәсімдері» 114-бет

[2] «Исра» сүресі 70-аят

[3] Ибн Мәжә риуаяты

 

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы

Кремация – исламға жат дүние

Қазіргі таңда кремация халық арасында жан-жақты талқыланып жатқан мәселе. Қоғамда бұл мәселе қаншалықты керек деген мәселе өрбіп жатыр.

Кремация – бей-жай қарайтын мәселе емес. Осыған байланысты, жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы пәтуа шығарды. Мұның сыртында қоғамға белгілі көптеген ғалымдарымыз, ғұламаларымыз өз пікірлерін білдіріп жатыр. Ол пікірлердің дені «көз жұмған адамның денесін өртеу – шариғат бойынша дұрыс емес» дегенге саяды.

Жалпы, исламда марқұм болған адамның сүйегін арулап, жер қойнына тапсыру парыз. Себебі, адамға тірі кезінде қалай құрмет көрсетілсе, өмірден өткеннен кейін де соншалықты құрмет көрсетілуі керек. Өйткені, Құран – Кәрімде Алла Тағала көптеген аяттарда адам баласын ардақтап жаратқандығын жеткізген. Мәселен, «Исра» сүресінің 70-аятында «Сөз жоқ, біз адам балаларын ардақтадық. Құрлықта, теңізде алып жүрдік. Жақсы нәрселерден ырзық бердік. Әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік» делінеді. Марқұмға құрмет көрсету мәселесі күллі мұсылман үшін темірқазық болған Құранда және хадистерде де көтерілген. Айталық, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) адам тұрмақ, жәндіктің өзін отпен жазалауға болмайтындығын ескерткен. Мәселен, «өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең» деген хадис бар. Осы аят пен хадистерге сүйене отырып, адам тірі күніндегідей, өмірден өткеннен кейін де құрметке ие екендігін атап өткіміз келеді.Тағы бір хадистерде қабірдің үстін баспау керек екендігі де айтылады.

Жалпы, қазақ халқының ұстанымында, салт-дәстүр, әдет-ғұрпында марқұмның сүйегін өртеу деген дүние тарихта болмаған. Сайын даламызда дара тұлғаларымыздың кесенелерінің сақталуы, дұға оқылуы, Құран бағышталуы – о дүниелік адамға құрмет көрсетудің қазақ халқының болмысында, ұстанымында ежелден келе жатқан дәстүр екендігін де көрсетеді.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close