Мақалалар

Діни сауаттылық – дәстүрлі дініміздің діңгегі

Рахматолла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ,

«Шапағат» қоғамдық қорының теологы

 

Қазіргі таңда ел халқының 90 пайызға жуығы дінге сенеді. Ал олардың 70 пайызынан астамы өздерін мұсылманмын деп есептейді. Бұл дініміздің тілінде «Әһли қыбла»-қыблаға бет бұрушы, қыбла жұрты, өзін мұсылманмын деп есептейтіндер болып табылады.

Қазақ халқы «Қашаннан бері мұсылмансың?» деген сұраққа «Әлмисақтан бері» деп жауап берген. Яғни мына әлем жаралмай тұрып-ақ адамзат баласын Алла Тағала алдында берген уәдесін, «фытри иман»деп аталады.

Алайда, халқымыздың дінге деген ықыласын, ниетін, шын пейілін пайдаланып, әрқилы дінге тартатындар мен жалған уағызшылар қоғам арасында өзіндік идеологияларына тартуға тырысуда. Сол үшін әрбір азаматтың теріс ағымдарға қарсы діни иммунитеті- діни сауаттылық болып табылады. Діни ұстанымдар адам өмірінің бір саласын қамтып, санасына орын алуы үшін де діни сауаттылық, діни бірегейлік, діни сергектік азаматтарымыздың бойында көрініс табуы керек. Осы орайда, Мәулана Руми «Піл туралы талас» деген тәмсілде мынадай әңгіме келтіреді: «Үнді елінен пілді әкеліп қараңғы сарайға қояды. Пілді көрем деушілер күзетшіге ақша беріп, піл тұрған қараңғы сарайға кіреді. Бұлар бұрын піл көрмеген жандар еді. Олар қараңғыда қолдарымен пілдің әр жерін ұстап көріп, піл туралы былайша дәлелдер айтып дауласқан екен. Біреуі пілдің хоботын ұстап, «піл су құбырына ұқсас еке»н дейді, екінші біреу пілдің құлағын ұстап, оны үлкен желпілеуішпен салыстырады, үшіншісі пілдің аяғын сипалап «піл жуан ағашқа ұқсас» десе, төртіншісі пілдің сипалап, «жоқ су құбырына да емес, желпілеуішке де емес, ағашқа да емес, ол кәдімгі тақтаға ұқсас» дейді. Сөйтіп піл көрмегендер, әркім өзінше пілді түсіндіруге тырысқан, бірақ ортақ шешімге келмеген. Ал егер олардың қолында шам болса, жарықта мұндай мәнсіз таластар болмас еді. Адамдарға істің мәнісін түсіну үшін шамның жарығы қажет екенін Руми осы тәмсілдің негізгі идеясы етіп алған. Шамды діни білім сауаттылық деп айтсақ, білімнің арқасында діннің толық сұлбасын көрінгендігін байқаймыз. Әйтпесе халқымыздың нақылына сай: «Қисық арба

жол бұзады, дүмше молда дін бұзады», Шәкәрім жырларында айтылғандай «шала дін», «жарты мұсылман», «жарты адамгершілік» ұғымдары орын алады. Дін дегеніміз әркім өзінің ыңғайына бұра тартып пайдаланатын нәрсе емес, керісінше бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар екендігін ұғынуымыз тиіс.

Діни білімнің болмауы, шала сауаттылық экстремизмге әкеліп соқтырады. Жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, адамгершілік тәрбиеге діни құндылықтарды пайдаланудың, сондай-ақ, дін мен мектепті шебер байланыстырудың бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам, мемлекет және дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбиелеуге күш жұмылдырса ғана көздеген мақсат айқын, болашақ жарқын болады.

Қазақ халқының салт-дәстүрін, бұрынғы ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан Ханафи мазхабы аясында құлшылықтарымызды үйренгеніміз жөн. Бұл азаматтарымыздың дәстүрлі діни танымына септігін тигізіп, оң ықпалын берері сөзсіз деп есептейміз.

Атырау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close