Жаңалықтар
Атырауда дін саласындағы байқауға қатысқан журналистер марапатталды
Конфессияаралық келісімді нығайту, діни экстремизм мен терроризм идеялары таралуының алдын алу мақсатында Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының тапсырысы бойынша журналистер арасында дін саласындағы өзекті мәселелері туралы шығармашылық конкурс өтті. Конкурс ережесінің талаптарына сәйкес әділқазылар алқасы байқауға өтінім жіберген 10 журналистің материалдарымен танысып, жеңімпаздарды анықтады.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау Құрманғазы мәдениет үйінде өтті. Әсем бимен басталған кеште қазылар алқасы байқауға қатысты өз ойларымен бөлісіп, журналистерді диплом мен арнайы сыйлықтармен марапаттады:
«Үздік телевизиялық бағдарлама» номинациясы бойынша
I-орын – «Qazaqstan Atyray» телеарнасының редактор-жүргізушісі Г.Кәрімжанқызы,
II-орын – «Caspian NEWS” телеарнасының редакторы Е.Қарақойшы,
III-орын – «Qazaqstan Atyray» телеарнасының редакторы Н. Мағриденұлы иеленді.
«Үздік мақала» номинациясы бойынша
I-орын – «Ақ Жайық» газетінің тілшісі Н. Аухаденұлы,
II-орын – «Прикаспийская коммуна» облыстық газетінің журналисі
Қ. Сатаев;
III-орын – «Дүрбі» газетінің меншікті тілшісі Н.Алтайұлы иеленді.
Конкурсқа қатысқан Б.Жанұзақова, Ж.Жұмағалиева, Д.Махимов, К.Дуржанова ынталандыру сыйлығын алды.
Әділқазылар алқасының төрағасы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-журналист Т.Жаңабаев қатысқан журналистердің материалдарына қатысты пікір білдіріп, алдағы уақытта дін саласына қатысты мақала мен телевизиялық шығарылымдарды көбейту керектігін атап өтті. Ал, Х.Досмұхамедов атындағы АТМУ гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті журналистика кафедрасының аға оқытушысы, қазылар алқасының мүшесі Л.Мажитова журналистердің тақырыптық зерттеу материалдарын жазуға көбірек көңіл бөлу керекгін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Ақпараттық талдау орталығының басшы орынбасары Г.Қожағұлова облыста дін саласындағы өзекті мәселелерді халыққа дұрыс әрі шынайы жеткізуде журналистердің орны ерекше екендігін және журналистер арасындағы конкурс дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп отырғанын баса атап өтті.
Шара соңы қатысушыларды құттықтауға ұласып, журналистер естелік суретке түсті.