Жаңалықтар

ХІХ-ХХ ғасырда қазақ даласында қандай діни оқу орындары болды?

 – Ассалаумағалейкум, ата!

– Уағалейкумсалам, үлкен молда бол қарғам…

(Халық ауыз әдебиетінен)

 

Діни білім алу, медресе бітіріп, ауыл қазысы атану ХІХ ғасырдағы кез келген қазақ жас жігітінің арманы болды десек қателеспейміз. Ислам діни оқыту жүйесі қазақ даласында үлкен дәстүрге ие болып, кемінде ауылдарда хат танытатын молда болғанын классик әдебиетшілеріміздің бәрінің дерлік шығармасынан байқауға болады. Халық ауызында әлі күнге дейін Тәшкен көрген, Бұхар көрген, Қазан көрген деген сөз тіркестері сол кезден қалғандай.

ХІХ ғасырдың орта шені түгелдей бір мұсылман үмбетінің дағдарысқа ұшырауының шарықтау шегіне жеткені болды да, әлемде отарлаушы империалистік елдердің саясатынан аман қалған бірде-бір мұсылман жерін таба алмайсың. Британ империясы Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия (Малайзия-Индонезия), Солтүстік Африканың кейбір елдерін, Франция Солтүстік Африка, Мысыр елдерін, Ресей Кавказ бен Түркістан өлкелерін отарлап, тіптен, мұсылман әлемі ауызына қарайтын Анадолыдағы Османлы дәулеті де сыртқы саясатта Герман империясына қарап қалған өте бір аянышты күй кешіп тұрған кез еді. Осындай тоқырау кезеңіне мұсылман үмметінің білім мен ғылымда, ақыл мен парасатта артта қалушылық, мұсылман медреселерінің ескіруі себеп деп түсіндірген ғалым-ағартушылар болды. Жәмәлуддин Ауғани, Мухаммад Абдухху, Шахабудин Маржани, Риза Фахреддин, Исмаил Гаспыралы, Абай, Шәкәрім сияқты ғалымдардың бәрі сол кезде өмір сүрген, халықты жаңаша оқуға шақырған тұлғалар болды.

Негізінде қазақ тарихында ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан бастау алатынын ескергеніміз жөн. Осыған орай, біздің Түркістан кеңістігінде дін оқытудың өзіндік ерекшеліктері мен тәжірибесі қалыптасқанына мың жылдан астам уақыт өтті. Ислам қабылдамас бұрын, басқа наным-сенімде болған түркілер үшін жаңа діннің талап-парыздарын орындау, негізгі сенім құндылықтарын түсіну тек пайғамбарымыздың хадистері мен қасиетті Құраннан алынатынын ескерсек, аталмыш діни мәтіндер араб тілінде екенін білеміз. Сондықтан ислам дінін үйрену көпсалалы, күрделі араб тілін үйреніп, егжей-тегжейлі жүйелеуді талап етті. Осы орайда, араб тілінің синтаксисін (нахүу), фонетикасын (тәжуидін), морфологиясын (сарф ілімі) арнайы пәндер арқылы оқудың қажеттілігі заңды түрде көрініп тұрды. Біздің араб халқының дін түсінуінен ерекшелік осында жатыр. Яғни, тілді бөлек үйрену, ислам ілімдерін бөлек үйрену екі іліми саланы қалыптастырды. Міне, осы құбылыс Орта Азияда үлкен медреселердің қалыптасуына ықпал етті. Самарқан мен Бұхарадан бастау алған медреселер ислам дінінің шарықтап дамып тұрған кезеңіне тап келді де, қазақ даласында болған Ұлы Жібек жолы бойындағы Баласағұн, Отырар, Сығанақ сияқты ірі орталықтарға да оң әсерін тигізді. Хадис ілімінің атасы – имам Бұхари, сенім ілімінің атасы – Матуриди, тіл (филология) ілімінің атасы – М.Қашғари, философияның атасы – әл-Фараби сияқты тұлғалардың барлығы осы ислам мәдениетінің ең шарықтап, дамыған кезінде өмір сүрген еді.

Қазақ даласындағы оқу орындарының жүйесі орта ғасырлардан бері төрт кезеңнен тұратынын көруге болады. Ең әуелгісі бастауыш мектептер (ибтидаии) – бұл кәдімгі ауыл молдаларынан тәлім алу, хат тану. Екіншісі орта мектеп (сәнәуия) – бұған Абай оқыған Ахмет Риза медреселерін мысалға келтіруге болады, кейінгі арнаулы мектеп және ұлы мектеп (Ғалия).

Жаңа замандағы (ХІХ-ХХ ғасыр басын тарихта жаңа заман деп атайды) халықаралық деңгейдегі гео-саяси өзгерістер қазақ даласына да бір ықпалын тигізіп, Ресей өзінің құрамына қосқан жерлеріне әкімшілік-басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, бекіністер салған тұста, қазақ балаларының медресе оқу дәстүрі Орта Азиядағы қалалардан Ресей құрамындағы Қазан, Уфа, Орынборға ауа бастады. Ислам әлеміндегі жаңа ағарту қозғалыстары, әсіресе жәдидтік оқыту жүйесі Ресей патшалығы тарапынан белгілі түрде қолдау тапты да, жаңа діни оқу орындарының ашылуына оң әсерін тигізді.

ХІХ ғасырдың соңына таман қазақтардың өз күшімен мұсылман мектептерін ашып, ер балалармен қатар қыз балаларды да сауаттандыруға деген ұмтылысы күшейіп отырған. Бұл пікірімізге мына мұрағат дерегі дәлел бола алады. Мәселен, 1865 жылғы мәлімет бойынша Бөкей даласындағы 93 қазақ мектебінде оқыған 3142 баланың 1200-і қыз балалар болған (Б.Боранбаева, Ғ.Қараштың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі).

Осы кезге дейін қазақта діни оқыту бірыңғай, қазақ даласының медреселерінің есігі Бұхара, Самарқанға қараған болса, жәдидтік қозғалыстың ықпалымен, қазақ медреселері Қазан, Уфаның іліми негізінде тұрғызыла бастады. Осы оқиға түркістан халықтары тарихында екі қозғалыстың қадимшілдік (ескі, консервативтік) және жәдидшілдік (жаңа, либералдық) көзқарастардың бір-біріне қарама-қайшы сын-пікірлерін туғызды.

Жаңашылдық көзқарас данышпан Абайдан бастау алды да, барлық алашордалық белсенділерге өз ықпалын тигізді. Аталмыш жаңа жүйенің кезеңінде ашылған оқу орнының бірі – Уфа қаласындағы Ғалия медресесі еді. Медресе Ғалия – Башқұртстанның Уфа қаласында 1872 жылы ашылған мұсылмандық жоғары діни оқу орны. Ғалия деген сөз араб тілінен аударғанда ұлы, жоғары деген мағына береді, сол кездегі медреселердің дәрежесіне сай аталғанын ескерсек, медресе «академия» дәрежесінде болған сияқты. Ғалия деп аталуы осы жоғары, мәртебелі оқу орны екенін көрсетеді. Ресейдің мүфтияты орналасқан, молда-ғалымдары шоғырланған жерде, жаңа прогресшілдік бағытты оқытатын оқу орны пайда болды.

Әлі де болса, Ғалия медресесі егжей-тегжейлі зерттеулерді талап етіп тұрғаны да жасырын емес. Мен өз жеке зерттеуімде Атырау жерінен Ғалияда оқыған үш адамның ұрпақтарымен кездесіп үлгердім (алдағы уақытта зерттеу нәтижелері жарияланатын болады). Құрманғызылық жерлесіміз, атақты педагог Н.Манаевтың да аталмыш медресенің шәкірті екені жөнінде мағлұматтар да бар. Медресе дәл қазіргі уақытта Ресей ислам университеті деп аталады. Өз ғимаратында биылғы жылдың қазан айында аталмыш діни оқу орнында тәлім алған қазақтың біртуар ұлдары М.Жұмабаев пен Б.Майлинге естелік тақтайша орнататын жоспарлары бар.

Қазақ ағарту ісінің, соның ішінде діни жаңашылдану тарихында өзіндік орын алатын медресенің бірі Расулия медресесі. Расулия медресесі – 1880 жылдары Троицк қаласында, башқұрт көпесі Зайнул Русулевтың бастамасымен ашылған. 1886 жылы медресе құрылысына атақты қазақ ағартушысы Ы.Алтынсарин араласып, өз қаражатына жаңа ғимарат және жатақхана салып беруге көмектескен (Д.З.Хайретдинов, Ислам на Урале). Медресе 25-ке жуық ғылымды оқытқан. Оның ішінде иманшарт (ақида), ислам құқығы, орыс тілі, түркі тілі, парсы тілі, араб тілі, құран және хадис ілімдері, түркі тарихы, орыс тарихы, ислам тарихы, қасиетті тарих, математика, т.б. көптеген ілімдер оқытылған. Оқу орнының базасына қарап, медресені жоғарыда көрсеткеніміздей ғалия (академия) дәрежесіне жеткендегін байқаймыз. 1913 жылғы деректерге қарағанда медреседе 240 шәкірт тәлім алған.

Қазақ тарихына көз салар болсақ, ислам дінінің таралу хронологиясын бес кезеңге қарастыруға болатынын бұған дейін жазған болатынбыз. Соның ішінде діннің таралуының 1 – кезеңіне VIII-XIII ғасырларды, 2–кезеңіне XIII-XV ғасырларды, 3 – кезеңіне XV-XVIII ғасырларды, 4 – кезеңіне XIX – XX ғасырларды, 5–кезеңіне 1991 жылдан бастау алатын Тәуелсіздік жылдарын қарастырамыз. Міне, көріп отырғанымыздай ХІХ ғасырдағы діни немесе ағарту саласындағы прогресшілдік бағыт, көптеген жаңашыл зиялылардың дүниеге келуіне ықпал етті. Тарихты ақтарған сайын, біз кеңес үкіметі бізге надан болған, білім алмаған, сауатсыздықтың қамытына енген халық деген бағаны әділетсіз бергендігіне тағы бір көз жеткіземіз.

Ернар АБЗАЛОВ,

тарихшы, дінтанушы

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы»

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close