Сараптама

Интернеттегі жат идеологиялы сайттар жіті бақылауда

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, өткен жылы интернет желілерінде 73 мың деструктивті материал бұғатталған. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 80 мыңнан астам діни танымдық материалдар жарияланған.  

Дін істері комитенің төрағасы Ержан Нүкежановтың  айтуынша,  жыл басындағы  есеп бойынша интернеттегі радикалды топтарға тіркелген қазақстандықтар саны 44 пайызға азайған. Жат идеологияда адасып жүрген  3 мыңнан астам адам дәстүрлі исламға қайтып оралған.  

Статистикаға сүйенсек,  бүгінде Қазақстан халқының 81,9%  пайызы интернетте отыр. «B kонтакте», «Whatsapp», «Facebook», «Instagram», «Twitter» желілері қазақстандықтар үшін жаңалық емес. Әсіресе  жастар білімді кітаптан іздемей, қажет деген ақпараттарды  «Google» -ден тауып алады.

Әлемнің ғаламат ақпарат құралына айналған әлеуметтік желілердегі жат идеологияны насихаттаған сайттарды бұғаттау ҚР-ның Конституциялық құрылысын, тәуелсіздігін, ел тұтастығын бұзудың алдын алуға,  ел ішінде әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты қоздыруды болдыртпауға қол жеткізеді.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді  бағдарламасы арқылы зайырлылық қағидаттарын нығайту, дінаралық татулықты үйлестіру,  діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қолға алынды.

Бұл бағытта Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы 2018 жылдан бастап интернет желісіндегі діни теріс сайттар, топтар мен парақшаларға мониторинг жұмыстарын күшейтті. Басқарма жанындағы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы» «Kazdream Technologies» компаниясының «Интернет аналитикалық карта» жобасын жүзеге асырып келеді. Аталмыш жоба  интернет кеңістігінде діни алауыздықты, араздықты қоздыруға, терроризм мен экстремизм идеяларын насихаттаушы азаматтардың әрекеттерін әшкерелеуге арналған.

Ел халқы көп қолданатын «Вконтакте» әлеуметтік желісі тексеруге алынып, діни жат идеологияға насихаттайтын топтарға тіркелген аккаунттар тексерілді. Топтарға тіркелген әр аккаунтқа екі тілде хабарлама жіберіліп келеді.

Атап айтсақ, 2020 жылы аталған топтарға тіркелген 7066 аккаунт парақшаларына хабарлама жіберілді. Нәтижесі жаман емес. 6061 аккаунт иелері теріс бағыттағы топтардан шығып, 144 парақша бұғатталды. Хабарлама жіберілген 1467 аккаунт иелері  кері байланыс орнатып, 458-і телефонмен, 1009-ы хабарлама хаттар арқылы кеңестер алды. Өткен жылы 8711 аккаунт иесімен жұмыс жүргізілді.

Ал үстіміздегі жылы теріс діни топтарға тіркелген 8618 парақшаға  екі тілде 11373 хабарлама жіберілді. 99 парақша бұғатталды. Қоңырау шалу арқылы 361 парақша, хат арқылы 993 парақша иелерімен кері байланыс орнатылды. Топтан қалай шығу керектігі туралы кеңес алған 3235 парақша иелері теріс топтардан шығып кетті. Сараптау нәтижесі «Вконтакте» желісіндегі діни топтарға тіркелушілер 18-35 жас аралығында және олардың дені студенттер екенін көрсетіп отыр.

Әлеуметтік желідегі парақшаларында діни мазмұндағы бейне, аудио және мәтіндік материалдарды ашық түрде сақтап, жариялаған Маңғыстау облысының 12 азаматы  ӘҚБК 453/490 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 20 АЕК және 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

«Киберқадағалау» бағдарламасы теріс діни материалдарды насихаттайтын топтар мен парақшаларды бұғаттауға арналған.  Жүргізілген жұмыс нәтижесінде «Instagram» және «Вконтакте» желісінде анықталған 592 парақша тексеруге жіберілді.

Әлеуметтік желілерде діни профилактикаға қатысты 8119 қарсы насихаттық материал жарық көрді. Оның ішінде, Фейсбукте 2 974, ВКонтактеде 1 147, Инстаграмда 3 661, Телеграмда  134 материал, Ютуб каналында 203 бейнеролик жарияланды.10 айдың ішінде Дін істері басқармасы 4672 материал жариялап, 64729 қаралым жинады.

Соңғы жылдары интернеттегі күдікті сайттар пен парақшаларлағы жат идеологиялы уағыздармен ауызданған діни теріс ағымды ұстанушылардың қылмысқа бейімділігі артып отыр.  Мысалы, 2020 жылдың 7- тамызында атыс қаруын жасау және сақтау фактісі бойынша Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының деструктивті діни ағымды ұстанушы тұрғындары ұсталды. Ұсталған екі тұрғыннан үш пистолет, екі автомат, дыбыссыз ату құрылғысы және оқ-дәрілер тәркіленді.

Маңғыстау облысында адам ұрлап, олардан ірі көлемде ақша талап еткен деструктивтік ағым  өкілдері тұтқындалды. Олардың үйінен экстре­мистік мәтіндегі діни материалдар мен заңсыз қарулар табылды. Заң бұзушылар  ҚР ҚК 125-бабының 1, 3, 4 және 2-тармақтары бойынша қылмыстық жауапқа тартылды. Бұл заңбұзушылықтың бастауы күдіктілердің әлеуметтік желілердегі діни теріс  идеологияларға еріп,  адасқандарын көрсетіп отыр.

Бүгінгі қоғамды мазалаған экстремизм мен терроризмді  болдыртпауда интернеттегі діни жат идеологиялардың  алдын алу аса маңызды. Бұл тұрғыда Маңғыстау  облысы Дін істері басқармасының мамандары ннтернет желісіндегі діни теріс ағымды насихаттайтын  сайттар мен парақшаларды анықтау, талдау, бұғаттау және олардың иелерімен түсіндіру жұмыстарын  үздіксіз жүргізуде.

Әсет НҰРОВ,

Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы

Діни бірлестіктермен байланыс және діни

экстремизм мен терроризмге қарсы насихат

жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің

бас маманы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close