Сұқбат

Достық қиындықта сыналады

Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында 2024 жылдың 28 наурызы күні Орал қаласындағы Достық үйінде Ассамблея жастарының бастамасымен  Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қабылдау пункті ашылған болатын. Аталмыш пунк  бұл бағытта қандай жұмыстар атқарды? Бұл  туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі  Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Айгүл Түркинаны сөзге тарттық.

-Айгүл Серікқызы! Су тасқыны кезінде қандай жұмыстар атқарылды?

-Біз Достық үйі ғимаратының бірінші қабатынан қабылдау пункті үшін арнайы кабинет бөлдік.   Қабылдау пунктіне келген гуманитарлық көмекті қабылдау және ұйымдастыру жұмысы үшін жауапты тұлғалар белгіленді. Сол күннен бастап бүгінгі күнге дейін толассыз жұмыс жасап келеміз.

Гуманитарлық көмекті қабылдау және ұйымдастыру жұмыстарын «Respublica» партиясының облыстағы ресми өкілі Дулат Мақатов, «Бірлік» Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, «Еріктілер қозғалысы» орталығының жетекшісі Элгун Джаналиев, ҚХА «Ассамблея жастары»  облыстық филиалының төраға орынбасары – Саясат Жарасов атқаруда.

Табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету жұмысын ұтымды ұйымдастыру үшін біз облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен, орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен, облыстық төтенше жағдайлар департаменті және барлық мемлекеттік ұйымдармен өзара бірігіп, тығыз байланыста жұмыс жасап отырмыз.

Сонымен қатар республикалық ҚХА штабымен және барлық облыстық штабтармен өте тығыз байланыстамыз. Соның арқасында гуманитарлық көмектің барлық маршрутын алдын ала біліп отырмыз. Және қандай да бір тауарға қажеттілік болған кезде оларға тікелей шыға аламыз.

Тасқынның алғашқы күнінен бастап су басқан аудандармен тікелей байланыс орнаттық. Осылайша біз оларға не қажет екенін нақты біліп отырмыз. Аудандарға келген гуманитарлық жүкті қарсылау, орналастыру, таратуды жоспарлаймыз.  Бұл байланыс  су тасқынынан зардап шеккен адамдарға нақты және қажетті көмекті беруге мүмкіндік жасауда.

Қатарымызда өңіріміздегі «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымы, «Biz birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры, «Аманат» партиясы, «Respublica» партиясы БҚОФ, Жастар ресурстық орталығы, «Азаматтық альянс» сияқты ұйымдардың жастары, еріктілері бар. Ел басына күн туған кезде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін осы игі істен тыс қалмай, ел болып жұмылып көмек көрсетіп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш.

–  Гуманитарлық көмек қай өңірлерден келді?

-Осы кезге дейін бізге тек облыс аумағынан ғана емес,  еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, көмек көрсеткісі келетіндердің саны артты.  28 наурыз – 29 сәуір аралығында  біздің қабылдау пунктың қоймасына Шымкенттен 3, Алматыдан 4, Түркістаннан 5, барлығы 12 фура гуманитарлық жүк келді. Жүктің көлемі 255 тонна 812 кело, сомасы 286 740 160 млн теңгені құрады. Мұның ішінде азық-түлік, жеміс пен көкөніс, дәрі-дәрмек, санитарлық-гигиеналық құралдар, алғашқы керек-жарақ, киім-кешек, тұрмыстық, шаруашылық, құрылыс және басқа да тауарлар бар.

Ассамблеяның жастары, еріктілер қозғалысы және біздің ұжым қызметкерлері де бір күндік жалақыларын аударды. Бұл жастардың бастамасы болғанмен біздің ұжым бұл істен тыс қалып жатқан жоқ, жастармен бірге кіші қызметкерлерге дейін осы гуманитарлық жүкті жинау, бөлу, тиеу, түсіру сияқты жұмыстардың басы қасында жүр. Тағы бір команда осы жасалып жатқан істің уақтылы және тез әлеуметтік желілерде жариялануын қамтамасыз етіп отыр. Ұжымның әрбір мүшесіне, бастама көтерген жастарға алғысымды білдіремін.

– Ауыл, аудан тұрғындарына қандай көмек көрсетілді?

-Бүгінге дейін гуманитарлық көмек Сырым ауданына 5 рет, Қаратөбе ауданына 6 рет, Бөрлі ауданына 6 рет, Теректі ауданына 1 рет және Бәйтерек ауданына 4 рет жөнелтілді. Сондай- ақ Ақжайық ауданына, «Мейірім» облыстық мамандандырылған бөбектер үйіне, «Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мекемесіне, Орал қаласындағы уақытша орналастыру пунктеріндегі тұрғындарға таратылды. Одан бөлек өз өтініштері бойынша су тасқынынан зардап шеккен 350-ден астам отбасына   көмек көрсетілді.

-Суға кеткен саяжай тұрғындары қамтылған шығар?

– Әрине, сонымен қатар «Энергетик», «Ромашка», «Урожайный»,  «Коммунальник», «Мелиоратор»,  «Урожайный 206 участок»,  №2,№3 саяжай,   №1саяжай,  «Ёлочка» бау-бақша қоғамы,   № 2 саяжай «Энергетик ТЭЦ» саяжай бірлестіктеріне,   «Аналар үйі», «Мейірім» балалар үйі,  «Орал Сервис» техникалық колледжіндегі эвакуациялық пунктке  көмек жеткізілді.

Ораза айында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды эвакопункттерге орналастыруға  көмектесіп, алдыңғы шепте жүрген жастарға және   эвакопункке орналасқан  тұрғындарға  ауызашар дастарханы жайылды.

-Ассамблея құрамында қанша кәсіпкер бар? Олар қандай көмектер көрсетті?

-Кәсіпкерлерді Ассамблея құрамында деуге келмейтін шығар. Алайда Ассамблея жастарының белсенді мүшелері, гуманитарлық көмекті қабылдау және ұйымдастыру жұмысы үшін жауаптылардың бірі «Respublica» партиясының облыстағы ресми өкілі Дулат Мақатов тек облыс ғана емес, еліміз бойынша «Respublica» партиясының құрамындағы кәсіпкерлерді осы игі іске жұмылдырды. «Бірлік» Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, «Еріктілер қозғалысы» орталығының жетекшісі Элгун Джаналиев қаладағы ірі, шағын және орта кәсіп иелерінің басын біріктірді. Бәрінің атын атап, түсін түстесек газеттің бетіне симас. Меценаттар марапатталып та жатыр. Баршасына алғысымыз шексіз. Су тасқынында сыналған достығымыз, ел басына күн туғанда мызғымаған, керісінше нығая түскен достығымыз мәңгілік болғай!

 

 

Әңгімелескен          

Жанат ҚАЙЫРҚОЖИНА,

«Дүрбі», Орал қаласы  

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close