Әдеби әлем

«Арман – адамды алға сүйрейтін қуатты күш»

Былтыр айтыс ақыны, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова мерейлі 75 жасқа толды. Мерейтойына орай Шолпан Батырқызынан «Дүрбі» газеті сұқбат алып еді.

 

– Ақжайықтың ақ алмастай өткір қызы, айтыс ақыны Шолпан мерейлі 75 жасқа толды. Күні кеше жас-кәрісі, әкім-қарасы  құттықтап, ізгі  тілектерін айтты, ел-жұрт абырой биігіңізді бағамдады. Қадір-қасиет­іңізге бас иді. Өзіңіз нені байқадыңыз  бұл жаста?

– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған алақандай ауылда туып-өстім. «Әкенің ұлағаты ұлдан, ананың өнегесі қыздан көрінер, көшенің көзі көп, абайлаңдар, ұят болады»деген сөзбен тәрбиелендік.  Ата-анамыздың айтқаны біз үшін заң. Отызда ойландық, қырықта қамдандық, елуде еңселендік, алпыста абыройландық, жетпістің жемісін жинадық, міне, енді жетпіс бес те жетті жылжып, жымиып…

Қарғын су қаптап, тасқын су таптап, жұртым жылап, баспаналары құлап жатқанда жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның  кері болмасынның, Алла қолдасынның ізін көрдім. Жеке бастың қамын емес, бірліктің таңын көрдім, қабырғалары қайысса да, омыртқалары ойысса да жұдырықтай жұмылған жұртымның женкештілігіне жаным жадырап, еңселі елімнің тілеуін тіледім.

 

– Бәрекелді! Сонау алыста қалған жылдары 17 жасыңызда өзіңіз туып-өскен Қаратөбеден қанаттанып ұшып шығып,  айтыстың аламан дүбіріне қосылған қаршығадай қыз бүгінде Ана-қыранға айналғандай. Сіздің төңірегіңізді қалт жібермес өткір жанарыңыз бен көңіл таразыңыз бүгінге дейін нені көрді, нені түйді, нені безбендеді? Бақыт, бақ, абырой адамды өзі іздеп келе ме әлде…  Сіз үшін бақыт неде?

– Мен үшін бақыт – денсаулық. Денің сау болса, өз өмірің өз қолыңда болады… Жақсы боласың ба, жаман боласың ба, биікке шығасың ба әлде төмен құлдырайсың ба, мына өмірде оның бәрі өзіңе ғана байланысты. Яғни, адам өз бақытын өзі жасайды.  Бақыт дегенді   адамдар әрқилы түсінеді, біреуге бала бақыт, біреуге дүния, біреуге ақша бақыт болуы мүмкін.

Басыңа бақ қонса бақытты боласың. Сол басына қонған бақты  ұшырып алмай, әр сөзің мен қимылыңа сыни көзбен қарап, әрдайым өзіңді бақылауда ұстасаң абыройың арта түсер. Айтарым, қиындықтар болады өмірде, сол қиындықтарға қарамай бақытқа ұмтылу қажет. Бақытты болсыншы бар, адам!

 

– Енді айтысқа оралсақ

– Айтыс демекші, айтыс – атамұра, халықтық өнер. Бұрынғы айтыс пен қазіргі айтыстың көп айырмашылығы, ерекшеліктері бар. Әр заманның өнерпаздарының  биіктігі, сөз саптауы, көркемдігі әр түрлі болады. Біз 1943 жылғы айтысты қағаздан көрдік, Жамбылдан бастап кітаптан оқыдық, кинодан көрдік. Олардың шығармаларына талдау жасалған мақалаларды оқыдық. Соның бәрі айтыстың өміршеңдігін дәлелдейді.

Мен айтысқа 1967 жылы келдім. Біздің үйде 1958 жылы Орал облысында өткен айтыстың кішкентай кітапшасы болды. Әкем  сауатты адам еді, сол кітапты маған оқытатын, ақындар туралы әңгімелейтін.  Соғыстан мүгедек болып оралды, қолы үнемі дірілдеп тұратын еді. Қалам ұстай алмайтын, біздерге, ауылдың мұғалімдеріне ауызша айтып отырып, мақала жаздыратын. Оны «Ара» жорналына, «Екпінді құрылыс», «Октябрь туы» газетіне жіберіп, өзін-өзі дамытып отырушы еді. 4-ші кластан бастап өзіме тете ағам екеуіміз әкемнің хатшысы болдық. Сөйтіп жүріп өзім де жазуға қызыға бастадым. Мектеп бітірген жылы әкемнің аурулығына байланысты  оқуға бармадым. Анам «Оқуға келесі жылы барасың, маған көмектес, әкеңді қарас» деді. «Еңбек туы» газетіне жұмысқа кірдім. Сол жылы ауданда айтыс болды, ол кезде аудандық айтыс екі жылда, облыстық айтыс төрт жылда бір өтуші еді. Аудандық партия комитеті редакторға «Аққозы ауданында ақын жоқ, ақын тап» депті. Совхоздан Тоқсанов Билен деген ағай келді. Астында ақ волга. «Қарағым сен біздің совхоздан айтысқа түседі екенсің, Құмарғали Ғұбайдуллин деген ағаңмен айтысасың»  деді. «Ол кісі үлкен адам, аудандық партия комитетінде қызмет жасайды, менің әлім келмейді» деп, артынша біраз ойланып «әкеммен ақылдасайын» дедім. Билен ағай үйге ке ліп әкемнен рұқсат сұрады. Әкем: «Айтыс үлкен, халықтың өнері, айтыс саған ойыншық емес, ол үлкен жауапкершілік. Өлең жазатыныңды білемін, бірақ айтысқа шығамын, сосын тастамаймын десең шешіміңді айт» деді маған. Сол жерде мен қызығып кеттім бе, «Әке өнерге адал боламын» деп сөз бердім. Әкем батасын берді. Сөйтіп айтысқа қатысып кеттім. Ол кезде жазба айтыс болатын.

 

– Яғни, қазіргі айтыстың сойы бөлек дегіңіз келгені ғой

– Әрине, қазіргі айтыстың беделі жоғары, ақындар сауатты, оқыған, домбыра тартады бәрі. Біздің кезімізде әуелі өлеңді жазып алып, айтысатынбыз. Сосын оны қарап «мына сөзді айтасың, мына сөзді айтуға болмайды» деп тексеретін. Айтыс газетке шығады, сын бойынша жауап беріліп, қателіктер түзетілетін еді. Бүгінгі айтыста ол жоқ, ақындар  барын салып кемшіліктерді айтып, сынды аямай айтады. Бірақ бәрі сол айтылған жерде қалып жатыр. Айтыс заманның идеология құралына айналса екен деймін. Бұрынғы айтыс ақындарының айтыста өз мақамдары, сазы болатын. Халық өзін көрмесе де даусынан танып жататын еді. Бүгінде ақындардың саздары бірдей болып кеткендей, әр ақынның өзінің ерекшелігі болса, бұл да бір ойланатын нәрсе.

Сосын мені мазалайтын нәрсе – айтыс бүгінде басқаша бағыт алып кеткен сияқты. Ақша, бәйге, абырой, атақ алу үшін айтысу ұлттық өнерімізге көлеңке боп түспесе екен. Айтыс – ұлттың қасиеті, киесі. Шын мәнінде өнер сатылмауы керек.

Ал енді ақындардың  жеке басына байланысты  айтылып жататын әңгімелерге қарсымын. Шын талант па, өнер жасасын, қалғаны түкке де тұрмайды. Біз ұлттық өнердің қай-қайсысын да  қадірлеуіміз керек. Айтыс сөз өнерінің шыңы. Сол шыңды адал бағындыруымыз қажет.

 

– Жас кезде нені армандадыңыз, кім болғыңыз келді? Арманыңызға жеттіңіз бе? Қасиет ананың ақ сүті, әкенің қанымен дариды десек те, кімге еліктедіңіз, тұлға болып  қалыптасуыңызға кімдер әсер етті?

– Арман адамды алға сүйрейтін қуатты күш, мына өмірде армандамайтын адам жоқ шығар… Негізі әкемнің әсері болар, мен журналист болуды армандадым. Ол кезде ағам оқуда, анама көмектесемін деп алысқа, Алматыға арман қуып кете алмадым. Орал педагогикалық институтының қазақ тілі – әдебиеті бөліміне оқуға түстім. Мәтжан Тілеужанов, Шәйда апай сияқты керемет ұстаздардан дәріс алдық, Айтысқа қатыстым, Журналист бола алмасам да айтысқа қатысқаным арманымның орындалғаны деп білемін.

Ізденісі бар, арманы, қанатты қиялы бар адам далада қалмайды. Республикалық айтыста Манап Көкеновпен айтыстық. Айтысқа суырып салма ақындар келді де жазып айтысатындар бірте – бірте шеттей бастады. Мен ілесіп кеттім көшке.

Нығмет Нағымов деген керемет суырып салма ақын болды. Сағынғали Мұқанов, Асқар Сұлтанов, Жаңыл апайды көрдік. Осындай тұлғаларды көріп, жырын тыңдау адамның рухани өсуіне әсер етеді. Мектеп Досқалиев деген айтыс ақыны мені көрген сайын «Қызым, қызым» деп тұратын. Бәрімен сыйласып, үлкен өнер мектебінен өттім. Айтыста арқа сүйегендерім, еліктеп, үлгі тұтқандарым  осы аға-апаларым болды.

 

– Айтыстың қайта оралған кезінде жарқ етіп танылдыңыз. 1980 жылы   белгілі халық ақыны Манап Көкеновпен айтысып, 1-орынды жеңіп алдыңыз. Бүгінгі жастар сізді айтыстағы анасындай көреді. Есіңізде қалған айтыстар, тұшымды жыр жолдары бар ма?

– Ия, Манап Көкеновті көру біз үшін дәреже ғой, Ол кісімен айтысқаным, жүлдеге ие болғанымның өзі бір бақыт еді. Жаны жұмақта болғай! Айтыста қарсыласыңның мықты болғаны бағыңды ашады. Манап көкеммен айтысып мен сондай бақытқа ие болған адаммын.

Айтыста талай сөз, сәтті өлең орамдары  болды ғой. Бір айтыста Баянғали маған «сұлусың, қыздай екенсің, ағам сені қалай сақтаған?» деген сөздерді айтып тиісті. Сонда мен оған:

Ұлысың сұлу Көкше пір елінің,

Мен болсам Жайығымның жүрегімін.

Сенің осал болуың мүмкін емес,

Барында Көкендейін тренерің.

Қыздары Ақжайықтың өр келеді,

Әйтсе де  естілерге төр береді.

Тойымның қадірменді қонағысың,

Тілеймін бақ жұлдызың өрлегенін. 

Өткізбек болып тойды жасанып ем,

Алдыңда қыздай күліп жасарып ем.

Жүрегің жарылмасын байғыс бала,

Жайықтың қыздарының нашары мен – деп жауап берген екем.

Ақтөбенің ақыны Елеусіз Кенебаев өте мәдениетті  адам екен. Айтыста «мына кісі домбыра білмейді екен, қолымдағы домбырамды сыйлап кетейінші» деген ой келді де

Ақжайық ән жырының өзегі деп,

Жүргейсіз ақын қыздың көз еді деп.

Үкілі домбырамды сыйға ұсынам,

Келесі кездескенше төзеді деп.

Дина мен Құрманғазы көзіндей көр,

Жалынды Махамбеттің сөзіндей көр,

Аңқыған әнші Мұхит дауысы  деп,

Болмаса мына менің өзімдей көр – деп сыйлап жібердім. Сол айтыс маған жеңіс әкелді.

 

– Өмірдегі ең жақсы, ең жаман нәрсе не?

– Мен үшін өмірдегі ең жақсы – адамдық, ең жаман – сатқындық.

 

– Ауылдан басталған еңбек жолыңыз көтеріліп, облыста басқарма басшысы болдыңыз. Абыройлы еңбек еттіңіз,  адам бетіңізге тік қарап «әй, сен» деген жоқ, мысыңыз басып тұрды. Бұл мінезден бе әлде өмір жолындағы күреспен жүре келе қалыптасқан қорғаныш қалқаны ма?

– Ақ сөйлеп, адал жүрсең, нәтижеге қызмет етсең, өзіңнің орныңды білсең, аузым бар деп оңды-солды айнала жұртқа тиіспей, ананы күндеп, мынаны тағы бірдеғе деп жүрсең, ол әрине, сенің бағаңды түсіреді. Егер сен дұрыс, жақсы адам болсаң, өмірден жақсылық жинасаң, алдыңа келгенді жасына, атағына қараймай  сыйласаң, ара қатынасты сақтасаң әрине, сенің мысың басым болады. Мысың басады дегенді естіп жүрмін… Ал енді  «оның мысы мықты» деген қазақтың сөзі тегін айтылмаған.  Бұл халықтығ маған деген көзқарасы, сыйластығы, берген  бағасы болар. Бойға біткен мінез ғой…

– Аяқтан шалу, көре алмау,  қызғаныш деген қызыл итпен кездескен сәтіңіз болды ма? Болса қалай қабылдадыңыз?

– Өзім ешкімді аяғынан шалғаным жоқ. Ешкімге тіл тигізбедім, абыройын төккенім жоқ деп ойлаймын. Жұрт өзімді қалай сыйласа, оларды мен де солай сыйлаймын. Ал енді қызғаныш, көре алмаушылық, тағы басқа да жаман қасиеттерді  мен елемеймін және айналып өтіп кетемін.

Осалдығым ба, әлде өзімнің қалыптасқан мінезім бе, мен әйтеуір адам бойынан бір жақсылық іздеп тұрамын. Адамға бір жақсылық жасағым келіп тұрады. Кейбіреу өз көзімен көрмесе де біреудің сыртынан өзінің ойын біреу айтты деп айтып, әрлі-бер­­лі сөз тасып, әйтеуір ауадан бір дұшпан тауып алып, оны айнала жұртқа жамандап, ит болып жүреді. Ондай өмірді ит өмір деп есептеймін.

 

– Нені жақсы, нені жек көресіз?

– Өсекшіні жек көремін, екіжүзділікті мүлде жаратпаймын, жек көремін.

Байсалды, айтқан сөзіне тұратын адамдарды жақсы көремін.

 

– Әттеген-ай деген кезіңіз болды ма?

– Әттеген-ай деп өзекті өртейтін өкінішім жоқ.  Өзімнің жанымды қинайтын бір жағдай – мені өнер жолына салған, өзімнің алғашқы ұстазым болған ата – анам бүгінгі күнді көре алмады.  Маңдайға жазған өмірі болады әркімнің. Жүз жасаған адам аз ғой, сонда да кейде «мына дамыған жаңа заманды, соғысты көргендердің бүгін көріп жатқан құрметін әкем де көрсе  бақытты болар еді ғой, сол бақыт оған бұйырмады – ау» деп ойлап, мұңаямын кейде…

 

– Балалық шағыңызға оралып көрейікші, есіңізді білген сәтте  ең бірінші кімді көрдіңіз?

– Балалық шағымда толық, бақытты отбасында тәрбиелендім. Көзімді ашсам да, жұмсам да әке-шешем Батыр мен Бәтима көз алдыма қатар келеді. Олар жанұядағы өз орнын білді, бойындағы барын берді,біздерді ұлым, қызым деп жан жүректерімен сүйді. Біздер бақытты бала болдық. Ата-анамнан, халқымнан, туған жерімнен алған ұлағатымды кейінгі жастарға түйіндеп  ұсынайын деп  әлеуметтік желіде тәрбие сағатымды жүргізіп келемін. Жас ұрпақ тәрбиесіне ұстаз ретінде, ана, әже ретінде қосқан үлесім болсын деп ойладым.

 

– Ия, әлеуметтік желідегі тәрбие сағатыңыз  тұнған ақыл-даналығына қоса ғажап теңеулер мен ұйқастарымен ерекше. Кітап шығару ойыңызда жоқ па?

– Соның бәрін басын біріктіріп, жинақтап жатырмын. Бірақ кітап шығару қымбаттап кетті қазір. Мен өздігімнен біреуден бірдеңе сұраған адам емеспін. Өздері түсініп көмекке келіп, «осылай жасайық» деп жатса қарсы болмаспын. Ал енді «Ойбай маған ақша беріңдер, менің кітабымды шығарыңдар» дей  алмаймын. Бүгінде кітап шығарып алып, өзін-өзі ұлықтап, өздерін ұлы адамдай сезінетіндер бар. Дарынды, керемет өлең жазатын адамдар тасада қалып жатыр. Менің соларға жаным ашиды.

 

– Шоқан ағамызбен қалай таныстыңыз? Бала-шаға отбасыныз туралы айтсаңыз.

– Шоқан ағаңмен бір мектепте оқыдым. Ол менен бір сынып жоғары және орысша оқыды. Балалық көңіл ме, сезім бе, ол кезде балалар қыздарға хат жазады. Ол кезде телефон жоқ. Бір күні құрбым маған хат алып келді. Қарасам Шоқаннан екен, «Шолпан дос болайық, коммунизм щыңына бірге шығайық»  деп жазыпты. Кейінгі жылдары кластастар кездескенде бізге «коммунизм шыңына бірге шықтыңдар ма?» деп қалжыңдап жатады.

Бақытты болдық, екі қыз, бір ұл өсірдік, немере-шөберемізді көріп отырмыз. Аллаға шүкір, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Сыйластық, бағамызды білеміз, көзқарасымыздан түсінеміз. Өмір солай сыйластықтан тұрады. Шоқан да өнерден алыс емес, мектепте жақсы биледі. Осы өнерге икемдігі бізді табыстырған шығар. Жалпы  ағаң өте мәдениетті, білімді, маған, отбасына үлкен қорған, тірек бола білген, бүгінде арқа сүйеп отырған азаматымыз.

 

– Шолпан Батырқызы! Ұшақтан түссеңіз де күн асырмай ілезде берген сұқбатыңызға көп-көп рахмет! Астанадан қанаттанып оралыңыз Ақжайыққа! 

 

Сұқбаттасқан

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі» 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close