Жаңалықтар
Балалар терроризмге қарсы
Атырау облысы дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының қолдауымен қала көлемінде «Біз діни экстремизм мен терроризмге қарсымыз!» атты сурет байқауы жарияланған болатын. «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырған байқау облыстық дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының мәжіліс залында қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды.
Жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді дәріптеу, қазақстандық патриотизмді насихаттау мақсатында өткен байқауға облыстық дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев, басшының орынбасары Г.Қожағұлова, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теологі С.Сариев, мектеп оқушылары мен олардың жетекшілері қатысты.
Орталық басшысы М.Құбышев байқауды ұйымдастыруда көзделген мақсаттарға тоқталып, сурет салу шеберлігімен көзге түскен оқушыларға алғысын білдірді. «Терроризмге жол жоқ», «Ұлт достығы – басты байлығымыз», «Бірлік пен бейбітшілік – біздің ортақ мүддеміз», «Мәңгілік ел – болашақтың бастауы» тақырыптарын қамтыған сурет байқауына 150-ге жуық мектеп оқушысы қатысты.
Байқау нәтижесінде «Терроризмге жол жоқ» тақырыбы бойынша М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы А.Ибрашева, «Ұлт достығы – басты байлығымыз» тақырыбы бойынша Ю.А.Гагарин атындағы №4 орта мектептің 7-сынып оқушысы Н.Ахметкереева, «Бірлік пен бейбітшілік – біздің ортақ мүддеміз» тақырыбы бойынша Ә.Жангелдин орта мектебінің 7-сынып оқушысы Х. Зинор, «Мәңгілік ел – болашақтың бастауы» тақырыбы бойынша И.Тайманов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы А.Тағаллемова бас жүлдеге лайық деп танылып, арнайы марапатқа ие болды.
Қалған қатысушыларға І орын, ІІ орын, ІІІ орын жүлдесі беріліп, 12 оқушы алғысхат иегері атанды. Барлық қатысушыға арнайы сертификат берілді.
Байқау соңында ұстаздар қауымы қазіргі таңда қоғамда орын алып отырған өзекті мәселені қозғап, жас өрендерді өнерлі, жан-жақты етіп тәрбиелеудегі шараның маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта осындай шаралар жалғасын тапса деген ұсыныстарын білдірді.
Өз тілшіміз