Фото-жаңалық

 Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт мол…

Бүгінгі қоғамдағы күрделі дін мәселесі Қазақ елін ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Ислам атын жамылған сыртқы соғыстар мен терактілерді айтпағанда,  қасиетті ислам дінін бұрмалаушылық айналып келгенде, қазақтың ұлттық құндылықтарына нұқсан келтіріп,  ата-бабамыз ұстанған жолды, ғасырлар бойғы қазақтың  салт-дәстүрін жоққа шығара бастады.  Діни сауатсыздың салдарынан кейбір қазақ жастары  адасуда.  Олар өздері туып өскен қазақ елін, ақ сүт берген анасын, асқар таудай әкесін түсінуден  қалды. Ұлтымыздың тамырына балта шабуға арналған сыртқы жат саясаттың құрбанына айнала бастаған қаракөздерді үйірге қайта қосу, жат ағымдардан сақтау,  олардың діни сауатын ашу – бүгінгі күннің басты мәселесі. 

Міне, осы бағытта  кешенді жұмыстар жүргізіп отырған Атырау облысы үшін өтіп бара жатқан 2018  жыл табыссыз болған жоқ. Тарих қойнауына жол тартқан бұл жылғы жетістіктердің біразымен бөлісуді жөн көрдік.

 

          Марапатыңызбен, Мұқтар Шарапиденұлы!

 Атырау қаласында «Рухани келісім күні» Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына болған салтанатты шарада қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, елдегі діни, рухани келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін бір топ сала маманы облыс әкімі Н.Ноғаевтың алғысхатымен марапатталды.

Олардың қатарында Атырау  дін істері басқармасының діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және талдау бөлімінің  басшысы Мұхтар Ізғалиев те болды.

«Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат идеологияға жұтылып кетпес үшін  «Үлкенге – ізет, кішіге – құрмет» тағылымы арқылы адамгершілікке, бауырмалдылыққа баулитын қазақтың салт-дәстүрлерін нығайтуға тиіспіз. Қоғамның тұтастығы, ұлттың болашағы отбасына тікелей байланысты. Ендеше, балаларымызды деструктивті ағымдар ықпалынан сақтап қалайық, ағайын!» – дейді  бөлім басшысы. Біз Мұхтар Шарапиденұлын марапатымен құттықтап, осынау қиын да жауапкершілігі ауыр қызметінде табыс және отбасына амандық, ұзақ өмір  тілейміз!

 

Үздіктер мәресінен көрінді

 Қарашаның 23-ші жұлдызында Астана қаласында  ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінде «Қазақстандық қоғамның рухани қауіпсіздігі: тәжірибесі мен келешегі» атты форум өтті. Зайырлы мемлекетіміз ұстанған дінаралық татулық, рухани құндылықтарымыздың дінімізбен қабыса  даму жолы,  қауіпсіздігі мен болашағы қаралған жиында үздік қызметкерлер марапатталды.

Атырау облыстық дін істері басқармасы әкімшілік-ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қаһарман Мұсаев пен «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орта­лығы» қоғамдық қоры директорының орынбасары Артур Айтмағамбетов дін саласындағы мемлекеттік саясатты ілгерілетуге, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауға қосқан зор үлестері үшін ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің алғысхатына ие болды. 2019 жылы да табысты жыл болсын, еліміздің дамуы жолындағы ерен еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер!

 

«Шапағат» қоры министрдің сыйлығын алды

Астана қаласында өткен VIII Азаматтық форум аясында Атыраудың бір топ қоғамдық ұйымы арнайы сыйлықты иеленді. Олардың қатарында «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы да бар.

«Жат ағымнан жапа шеккендерге рухани, психологиялық тұрғыда көмек беріп, көптеген адамның хақ дінге қайта оралуына мүмкіндік жасап, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесіміз үшін арнайы сыйлықты иемдендік. Республикалық деңгейде мұндай марапатты иелену – біздің ұйым үшін үлкен мәртебе», – дейді «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының директоры Мұрат Тұрлыбеков. Жоғары марапатыңыз құтты болсын, Мұрат Әйіпұлы!

 

Жігіттер, жарадыңдар!

 Жыл соңына қарай Орал қаласында ҚР Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесі дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау республикалық оқыту семинарын өткізді.

Семинарға  Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының 120 мүшесі қатысты.

Аттестациядан өткен 120 қатысушының ішінен терең білімімен ерекшеленген 50 адамға ғана ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің «Өңірлік дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі» куәлігі берілді. Олардың қатарында Атырау қаласындағы «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» ҚҚ-ның теологтары Ернар Абзалов пен Сұлтангелді Сариев, Атырау облыстық дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының қызметкері Аслан Үмбетәлиев бар. Енді атыраулық теологтар басқа облыстарға да шығып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысатын болады. Біз білімді мамандарға бүгінгі қоғамда өткір тұрған дін мәселесінде аянбай еңбек етіп, еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауға елеулі үлес қосады деп сенеміз. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

 

«Дүрбі» үздік басылым қатарында!

Желтоқсан айының басында Астана қаласында ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінде дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған семинар-тренинг болды.

Семинарға еліміз бойынша дін тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистер қатысты. ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің төрағасы Қайсар Жанаханов семинар жұмысына сәттілік тілеп, жиынды ашты.

Семинардың екінші бөлімінде Қайсар Қадырұлы БАҚ-та діни тақырыптағы және дін саласындағы мемлекеттік саясатты үздік жариялағаны үшін бір топ журналисті марапаттады. «Абай.кз» порталының редакциясы, «Дүрбі» газеті және Ұлдай Сариева, Баян Жанұзақова (Атырау), журналистер Қалкөз Жүсіп (Ақмола), Еркеш Нәрембаева (Ақтау), Торғын Нұрсейітова, Нина Крамер (Қарағанды), Сахаба Тілеуберді (Павлодар), Жадыра Аққайыр (Астана) ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің дипломы мен қаржылай сыйлығына ие болды.

Басқа газеттерден бір тілші ғана ие болған марапатқа «Дүрбі» аймақтық қоғамдық-танымдық газеті және бас редакторы Ұлдай Сариева, меншікті тілшілері Еркеш Азаматқызы (Маңғыстау облысы) және Баян Жанұзақова (Атырау облысы) қол жеткізді. Бұл жарыққа шыққанына екі-ақ жыл болған аталмыш басылымның дін саласындағы ағартушылық, танымдық бағытының айқын және журналистердің өзекті мәселелерді сәтті көтере білуінің нәтижесі болса керек.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close