Бас редактор бағаны

Ұлттық құндылықтар ұлттық рухтың уызында

Бас редактор бағаны

Ұлдай САРИЕВА,

ақын, «Ақпарат саласының үздігі»,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

 

 Міне, 2018 жылды да аяқтап, Үміт пен Мақсатқа толы 2019 жылды қарсылағалы отырмыз. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтеріміз мол, әрине!

Миссиясы талай атан түйеге жүк болардай «Дүрбі» газеті өзінің 2 жылдық ғұмырында не тындырды? Оқырман жүрегіне айтарын жеткізе алды ма? Қазақ еліне, өсіп келе жатқан ұрпаққа нендей тәрбие, қандай бағыт бере алды?

Осы сұрақтар төңірегінде ойланып көрсек, бәрі көсілетін көрпеңе байланысты екен. «Экстремизм, террорризмге қарсы  қызметіңе» деп грант бөлетін жоғарыда тіреп тұрған «көкелерім» немесе «Апатайым-ай, мынау дәстүрлі дінімізді  талан-таражға салған  заманда батыстағы төрт облыстың арасында сабылып, адасқан қазақ баласын қазығына қайтарам деп шырылдаған еңбегіңнен, жалғыз өзің көз майыңды тауысып газет шығарып, тұрмыстың ауырлығын қайыспай көтеріп, сонда да сырт жүніңді қампайтып, сыр бермеген батыр болмысыңнан айналып кетсең болмай ма? «Мә, алшы, айналайын, Ұлы қазақтың ұл-қызына еткен еңбегіңнің есесі, «қазағым» деп тескен өзегіңнің өтеуі болсын, бола алмаса да артқан жүгіңді жеңілдетуге септігі тиер» деп миллиондарды лақтырып тастайтын аға-інілерім болмаса да, ешкімге наз-базына айтпай, 2019 жылға да жеткенімізге Аллаға шүкір!

Ежелден  қонақжай, ежелден салт-дәстүрге мығым Атырау облысы қолдаған «Дүрбінің» арманы жоқ  та шығар, бәлки?!  Не болса да Атыраудың батыр, жауға жалғыз шабатын апайтөс ұлдары  аман болсын!

Жаға астынан бас көтеріп, үй ішінен үй тігіп, ата-бабамыз салған сара жолдан айнып, Қасиетті Ислам дінін теріс түсініп, атасы ат байлаған қазықты теуіп, әке-шешеге қасірет болған қанша қазақ баласы адасып жүр екен?! Бұл сұрақ әр қазақтың өзегін өртей алса ғой, шіркін?! Исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, сыртқы жаулардың БИЛІК, АҚША, ДІНИ ИДЕОЛОГИЯЛАР МЕН КӨЗҚАРАСТАРға құрылған террористік пиғылдары салдарынан қазақтың діни санасы сан-саққа бөлінді. Соңғы бес жылда  елімізде болған 14 терактіде 144 полиция қызметкері опат болды. Осы бес жылда 50 адам жарақат алып, 90 адам қаза тапты. Соның  14-і бейбіт тұрғын, 54-і террористер, 22-і құқық қорғау қызметкерлері.

Бүгінде «халифат», «жиһад» деген жалғандыққа құрылған қақпанға түсіп, Сирия мен Иракқа асып, елден қашып кетудің қажеті де болмай қалды. Себебі Сириядағы жағдайды бүкіл әлем көріп отыр. Сол Сирия мен Иракта бір кезде өздері сатып кеткен Отанына қайтуға зар болып  қазақтың қаншама жігіттері мен әйелдері отыр? Қаншама бала от пен оқтың ортасында өсіп жатыр? Бұл – ұлтымыздың қасіреті! Қазақтың санасын саңылаулап тескен жат идеологияның салған ылаңы!

Біз мұсылманбыз, соның ішінде Әбу Ханифа мазхабын ұстанатын сүнниттерміз. Ата заңымызда мемлекет пен дін бөлек деп көрсетілгенмен, бұл екеуін қоғам біріктіріп отыр. Зайырлы мемлекетіміз дінаралық татулықты, халықтар достығын берік сақтауда. Алайда соңғы жылдары қазақ санасы жат ағыммен тұманданды. Дінді білу, дінді дұрыс түсіну- бүгінгі күннің ең басты мәселесіне айналды.

Ұлттық  құндылықтар ұлттық рухтың уызында. Ұлтыңа деген махаббат өз тарихыңды, салт- дәстүр мен әдет- ғұрпыңды, тіліңді білуден тұрады. Міне, сондықтан біз бар күшіміз бен қаржымызды түрмедегі террористі түзеуге немесе олардың артындағы асыңды ішіп отырып, Әнұран орындалғанда  қолын жүрегіне қоя алмайтын, мізбақпай, орнынан қозғалмай отыратын әйелдеріне ас-су, киім алып беруге жұмсамауымыз қажет

Біз бар күшіміз бен қаржымызды  қазақ шаңырағында өмір есігін ашқан әр сәби бесік жырын тыңдап өсті ме, жеті атасын тани ма, Қобыланды, Алпамыс батырды біле ме, хандарымыз қайда жерленді, қазақтың тілі мен ділі, баға жетпес адами асыл қасиеті осы күнге қалай жетті, жер мен елді ұрпаққа кім аманаттап, табыстады, өскелең ұрпақ отбасын, Отанын қорғауға дайын ба? деген ұлтымыз үшін ең маңызды жұмыстарға жұмсаумыз қажет.

Жастар әлемдегі ең ізгі ислам дінін таза қалпында сақтаумен қатар ата дәстүрін ардақтауға тиісті. Осы  құндылықтарды біз бала санасына бесіктен сіңіруге міндеттіміз. Ендеше, осы Ұлы мақсат жолында 2019 жылда да бірге болайық, ҚАЗАҒЫМ!

Tags
error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close