Басты тақырыпТарих

Атырау өңіріндегі ислам мәдениетінің жәдігерлері

             Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі. Қазақ халқының арғы тегі болып есептелетін көне түркілер исламның қалыптасуы мен көптеген жетістіктеріне өз үлестерін қосты.

            Тарихи жазбаларда Орталық Азия мен Қазақстан даласына исламның енуі VII-VIII ғасырларға жатқызылады. Алғашқы араб-дін таратушылары 670 жылдардан бастап келе бастады. Қазақ халқы ислам дінін қабылдамас бұрын да, олардың тұрмыс-салтының дінмен астас болғандығын ғалымдар жазып қалдырған көне еңбектерден көруге болады. Мұның өзі ислам мәдениетінің қазақ халқының қанына сіңген дүние екендігін де көрсетеді.

Қасиетті Атырау жеріне алғашқы сапарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз мүфтияттың қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті жаңғырту мәселесін қолға алуды көздеп отырғандығын хабарлаған болатын. Асыл дінімізді насихаттауда, дін мен діл сабақтастығын дәріптеуде бұл әрине, ұтымды бастама болар еді. Осы ретте мұсылмандық мектепті қалыптастыруда Атырау өлкесінің де тарихта ерекше маңызға ие болғандығын атап өткен парыз. Мәселен, тарихтан белгілі Әйіп қажы  тұтас жайық руының молдасы атанған аузы дуалы ақсақал болған. Құлсары жеріндегі Дүйсеке хазірет дінді таратуда, насихаттауда үлкен роль атқарған. Тарихта есімі қалған Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамбетовтің дінді таратудағы еңбектері өз алдына зерттеуді қажет ететін ғылыми нысан бола алады.   Негізгі тақырыпқа ойыссақ, Атырау өңіріндегі ислам мәдениетінің жәдігерлері өз алдына үлкен тақырып.

Қойнауы қазынаға толы Атырау өлкесі талай сырды бүгіп жатыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ұлттық жобасын жүзеге асыру міндеті жүктелгені белгілі. Осы ретте, Атырау облысында Қазақстанның барлық киелі орындары бойынша кең ауқымды кешенді зерттеу жүргізу, материалдарды жинау және жүйеге келтіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Археологиялық және сәулет ескерткіштері, ерекше құрметтелетін діни нысандар, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты киелі жерлерді картаға түсіру көзделуде.

Қазіргі таңда Ақмешіт қорымы, Сарайшық қалашығы, Ұшқан ата мен Махамбет Өтемісұлының кесенелері Қазақстанның киелі орындарының жалпы тізіміне енді.

Ақмешіт

Ақмешіт –  тарихи және көркемдік жағынан емес, сонымен қатар, зор рухани мағынаға ие болатын ескерткіштердің бірі. Тарихи нысан Атырау облысының Жылыой ауданында Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерде атақты діндар, ағартушы Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813) туып-өскен. Аңызға сүйенсек, Бекет ата төрт мешіт салды, алғашқысы осы Кұлсарыдағы Ақмешіт. Оның қабырғалары қатты бор жынысынан қашалған. Мұнда Бекет атаның әкесі Мырзағұл, анасы Жәния және бауыры жерленген. Екіншісі, борлы жартастарда Бейнеу ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан, үшіншісі Үстірт жонында Байшатыр деген жерде, соңғы төртіншісі Оғланды шатқалында борлы жартас мүйісінде салынған. Ол акустикасы осы күнге дейін жақсы сақталған жеті бөлмеден тұрады.

Ақмешіт қорымы рухани, тарихи және сәулетті ескерткіш болып табылады. Қорымның негізгі нысаны – Жем өзені бойында орналасқан жер асты мешіті. Мешіттен басқа Ақмешіт қорымына 32 құлпытастан, екі қойтастан, екі күмбезді кесенелерден тұратын орындар кіреді.

Ұшқан ата қорымы

 

XIV-XV ғасырларда тұрғызылған кесене Жылыой ауданы, Құлсары қаласының оңтүстік шығысына қарай 50 шақырым жердегі Мұнайлы кентінде орналасқан. Бір деректерде кесене атауын Ұшқан ата әулиенің есімімен байланыстырса, екінші деректе қазақ пен қалмақ арасындағы шайқасқа байланысты «үш қан» деген мағынаны білдіреді деген аңыз бар. Мұнда 200-ден астам қабір орналасқан. Қорымдағы кесене-ескерткіштердің дені жинақылығымен ерекшеленіп, Жем және Сағыз өзендері тобына жатады.

Ұшқан мекені орналасқан жер ағып жатқан бұлақ суымен ерекшеленеді, әсіресе, көктем мен күз айларында ертедегі көшпелі қазақтардың өмір сүруіне, ортағасырлық сауда-саттық жасаумен айналысқан керуен-жүкшілердің тыныс алуына аса қолайлы орын — керуен сарайда болған. Ұшқан ата қорымында бірнеше ғасырлар бойы әр алуан пошымда діни жерлеу салттарымен тұрғызылған кесенелер тобы қалыптасты. Қорымның оңтүстік-батыс жағындағы Ұшқан ата зираты ертедегі дәстүр бойынша үстіңгі жақ беті топырақпен үйіліп, басына ағаш белгі қойылған. Өткен заманда осыған таяу шағын мешіт бой көтергенімен, ол кейін бұзылып қалған. Үйінділер арасында шикі кірпіштен қаланған сәулет құрылыстарының жұрнақтарын айқын байқауға болады: бұларда XVIII—XX ғасырлардағы қазақ сәулет өнеріне тән көптеген белгілер сақталған. Әсіресе, олардың арасында шикі кірпіштен тұрғызылған сағаналар тобы — “үй там”, төрт бұрышты қоршаулар — “төртқұлақ” және тастан қашалып, ою-өрнекпен әсемделген құлпытас пен “қойтастар” ерекше көз тартады. Қорымдағы кесенелерге қойылған құлпытастарды үш топқа бөліп айқындауға болады: шағын қобдиша түрінде текше тастан қашалып, сәнді өрнектермен безендірілген төбесі жұмырланып бітетін құлпытас XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың басында жасалғанын аңғартса, ұзынша тақта бетіне оюлы әсем араб жазуларына толы (қайтыс болған адамның аты мен шығу тегі жазылған), басы дөңгелене бітетін құлпытастар XIX ғасырдың ортасына қарай қойылғанын білдіреді, ал XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында бой көтерген биіктігі 3—5 м-ге жететін алып бағана іспетті құлпытастар қомақтылығымен қоса аса көрнекілігімен де ерекшеленеді.

Сарайшық қалашығы

Сарайшық – орта ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған тарихи орда. Ежелгі тарихта дамыған ең ірі қалалардың қатарынан аталған Сарайшық Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылында орналасқан. Мұнда Ноғай ордасы ханының, кейінірек, алғашқы қазақ хандарының ордалары орналасқан. Сарайшықта жеті хан жерленген: алтынордалық – Сартақ, Берке, Тоқтақия, Жәнібек (өзге деректерге сәйкес, Меңгу Темір хан да осында), қазақ ханы – Қасым және ноғай хандары Измаил мен Ораз жерленген. Сарайшықтың тарихи-мемориалдық кешені 1999 жылы 2 мамырда басталып, сол жылы 3 қыркүйекте ашылды. Кешен құрамына хандар пантеоны, мешіт және мұражай кіреді.

Айта кету керек, хандар пантеонын тұрғызу идеясының авторы – сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Биіктігі – 17 метр, 8 қабырғалы. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Бұл құлпытастарға, қара мәрмәрға жазылған хандардың есімдері, хандық құрған жылдары жазылған.

Мешіттің ұзындығы он үш, ені алты жарым метр. Ішкі бөлігіне Михраб, Мінбарлар қойылған. Келушілер әуелі мешіт үйіне кіріп Құран оқытып, дұға етеді. Мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылып, XIV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған.

Қайнар діни-тұрмыстық кешені

Қайнар діни-тұрмыстық кешені – Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 196 шақырым жерде орналасқан. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарымен шектеседі. Кешенде 2 мазар, 1 мешіт-медресе, 35 сағанатам (қабір үстінде тұрғызылған үйлер), 75 қойтас, 350 құлпытас, 80 қоршау және 300-ден астам қабір үйінділері бар. Кешеннің тұрған орны – көлемі үлкен әрі кең ойыс. Сондықтан қорымды биік жерден, яғни, айналасын қоршай орналасқан төбелердің үстіне шығып, толық тамашалауға болады. Зерттеулерге сүйенсек, мешіт-медресені өз заманының белгілі тұлғасы Досжан ишан (Досеке) (1812-1896 жж.) салдырған. Биіктігі күмбезімен қоса есептегенде 4 метрдей, қабырғаларының қалыңдығы жарты метрге жуық. Алайда, уақыт өте күмбездері опырылған. Мешіттің ортасында бағана бар. Қалыңдығы 1 метрге шамалас бағанадан төрт жаққа аркалар таралған және ол мешіттің төбесіне тіреу болып тұр.

            Бүгінгі мақаламызда Атырау халқы арасында кеңінен танымалдылыққа ие тарихи нысандар – Ақмешіт, Ұшқан ата қорымы, Сарайшық қалашығы және Қайнар тұрмыстық кешені туралы баяндадық. Аталған мекендерді ислам өркениетінің, жалпы, ел руханиятының игілігіне айналдыру жолында нақты қадамдардың басталғандығы қуантады. Бұған дейін Атырау жеріндегі бірқатар тарихи нысандардың Қазақстанның киелі жерлері географиясына енгізілгендігін хабарлаған болатынбыз. Қазіргі таңда Қазақ хандығының астанасы болған көне Сарайшықты туризм орталығына айналдыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Атырауда Сарайшық туралы сыр шертетін «Сарайшыққа саяхат» балаларға арналған мультсериалы да түсірілді. Тарихын білмейтін халықтың болашағы да болмайтынын ескерсек, өткенді саралап, ақтаңдақтарды аршып алу жолындағы игі қадамдардың басталуы – ұлт болашағына салынған негізгі капитал. Бұл жердегі дін мамандарының міндеті – ислам өркениетінен сыр шертетін жәдігерлеріміздің тарихын ғылыми айналымға енгізіп, кейінгі буынға дәріптеу болып қала бермек.

Батыржан МАНСҰРОВ,  

Қазақстан мұылмандары діни басқармасының

Атырау облысы бойынша өкіл имамы,

 облыстық «Иманғали» мешітінің Бас имамы

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close