Көкейкесті

«Бұл – ислам емес, бұл –нағыз бүлік»

Мектеп ауласының сыртында намаз оқу арқылы балаларының оқуға діни киіммен келуін талап еткен ақтөбелік бір топ әйелдің іс-әрекеті қоғамда әжептәуір талқыға түскен тақырып болды. Мектептегі хиджаб мәселесін Парламент депутаттарымен талқылауға келген ниқабтағы әйелдердің кездесуден кейінгі бұл әрекеттері шариғатқа қаншалықты сәйкес келеді дегенге келсек, діндар азаматтардың өзі мұны «Ислам емес, керісінше, бүлік» деп бағалауда. Діндарлардың пікірінше, намаз, ең алдымен, таза жерде оқылуы тиіс. «Намаз кез келген жерде оқылмайды. Ислам, ең алдымен, тазалықты сүйеді. Ал төрт әйелдің әрекеті – жай ғана әртістік» – дейді сала мамандары.

Осы жағдайда байланысты Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде құзырлы органдардың қатысуымен шұғыл баспасөз конференциясы өтті.

Атырау облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Қаһарман Мұсаевтың айтуынша, діни рәсімдер заңмен рұқсат берілген орындарда ғана жүргізілуі тиіс. «Мәселен, өткен жылы «Атырау» қайырымдылық мекемесі өз ғимаратында заңсыз діни рәсім жүргізді. Сол себепті мекеменің жұмысы үш айға тоқтатылған болатын. Демек, мұндай жағдайлар бәрібір заңмен реттеліп отырады» – деп атап өтті ол.

Қазіргі таңда Атырауда діни сеніміне байланысты ата-анасы мектепке жіберуден бас тартып отырған оқушылар саны 53-ті құрап отыр. «Оқу жылының басында мектепке хиджабпен келген оқушылар саны 328 болатын. Ата-аналармен арада жүргізілген түсінік жұмыстарының нәтижесінде бұл көрсеткіш азайды», – дейді Атырау облысы білім басқармасының бөлім басшысы Байжан Шамұратов.

Айта кетелік, ата-анасы мектепке хиджабсыз әкелуден бас тартып отырған оқушылардың арасында 11-сынып шәкірттері өз алдына, мектепалды даярлыққа тіркелген бүлдіршіндерге дейін бар.

Тағы бір жағдай – облыста діни ахуал әлі де алаңдатарлық жағдайда сақталуда. Атырау облысы ішкі істер департаментінің аға жедел өкілі Талғат Әмірхановтың айтуынша, «Экстремизм, терроризм» бабы бойынша өткен жылы Атырауда он бір қылмыстық іс қозғалған. «Қазіргі таңда он іс сотқа жолданды. Бұдан бөлек, 23 адамның үстінен әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қозғалып отыр», – деп атап өтті спикер.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

меншікті тілші,

Атырау облысы

  

Болатбек НҰРМАНОВ,

зейнеткер, бұрынғы имам,

Ақтөбе қаласы:

– Бұл – Құдайдан шын ниеттен тілек тілеу емес, бұл – өздерінің келіспейтіндіктерін ашық көрсету. Ислам дінінде намазды көшеде оқуға тыйым салынған. Намазды таза жерде ғана, үйде, мешітте, егер оған жағдай болмаса, ішінен оқуы керек. Кез келген жерде намаз оқуға болмайды. Бұл әйелдердің қылығы – әртістік. Бұл – ислам емес, бұл – нағыз бүлік.

 

Қахарман МҰСАЕВ

Атырау облыстық дін істері басқармасының

бөлім басшысы:

– Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес, кез келген жерде діни рәсімді орындаушылар әкімшілік жазаға тартылады. Рұқсат етілмеген жерлерде намаз оқығаны үшін жеке адамдарға 50 АЕК, ал мекеме-ұйымдар үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

 

Сәния САРТАЕВА,

оқырман,

Атырау қаласы:

– Мен зейнет жасындағы адаммын. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері намаз оқимын. Зекетімді беріп тұрамын. Денсаулығым көтерген жағдайда орталық «Иманғали» мешітіне келіп, жұма намазына қатысатыным да бар. Құранда да, хадисте де «Кез келген жерде тұра қалып, намаз оқыңдар» деп айтылмаған. Оның үстіне, әйел адам үшін, ең алдымен, оның мешіті ақ босағасы болуы керек. Егер Ақтөбеде шу көтерген әйелдер шынайы діндар болатын болса, даудың тууына себепкер болып, мектеп маңында айғай-шу көтермес еді. Және мұның артында қыз балалардың құқығын шектеу жатыр деп те ойлаймын. Бесіктен белі шықпаған бірінші, иә бесінші сыныптың бүлдіршіндей ғана оқушы қызы орамалға байланысты барлық нәрсені байыбына барып түсіне ала ма? Исламның білім алуға үндейтін талабы қайда қалады? Біздің ұрпағымыз дүниелік ғылымды да меңгеруі керек. Ал имандылық жүрек тазалығының еншісінде.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close