Көкейкесті

Ғалым ШОЙКИН, ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы: «Мектепте хиджаб киюге рұқсат берілмеуі қажет»

Durbi.kz  ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Nur.kz  порталына берген сұқбатында  мектепте орамал тартуға қатысты пікірін білдірді.

«Мектептерде орамал тағу мәселесі тек біздің елде ғана емес, басқа да бірқатар елде үнемі қызу талқыланып келеді. Бірақ Қазақстан зайырлы мемлекет және мектеп те зайырлы мекеме. 2016 жылы қабылданған бұйрықта талаптар көрсетілген.

Дегенмен әр түрлі топтардың инклюзивтілігін қамтамасыз ету маңызды екенін көріп отырмыз. Мысалы басына орамал тағу мүмкіндігі болмағандықтан ата- анасы сабаққа жібермейтін қыздардың мәселесін алып қарауға болады. Осындай себептерге байланысты балалар мектепке бармаса немесе қашықтан оқуға көшуге мәжбүр болса, онда ол кері әсерін  тигізеді. Жалпы біз инклюзивті қоғам болуымыз керек» – деді министр өз сөзінде.

Білім министрінің  бұл пікірі қоғамда қызу талқыға түсіп, әлеуметтік желілерде дау – дамайға айналып бара жатқандай ма, қалай?! Тәуелсіз еліміздің болашағына алаңдаған қоғам белсенділері әлеуметтік желіде  мектепте орамал рұқсат берілген жағдайда орамалдың  ілезде өңі айналып, арабтың хиджабына айналып шыға келетіні, балиғатқа толмаған бастауыш сыныпта оқитын қыздарын орамалға емес, хиджабқа орап тастап, мектептің ережесіндегі киім үлгісін қабылдамайтындар деструктивті діни ағым мүшелері екендерін айтып, сондықтан да мектепке діни атрибуттарды кіргізбеу туралы өз көзқарастарын  білдіруде.

Қазақстан Республикасы мұсылман елі емес, зайырлы, құқықтық мемлекет. Ал мектеп – өркениетке, ғылымға, дамуға апарар  білім ошағы.   Ендеше, Қазақстанның болашағы –  білім ордасына дінді енгізу қаншалықты дұрыс? Бұл туралы біз  ҚР Ақпарат және Қоғамдық келісім министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мырзамен хабарласып,  әңгімеге тартқан болатынбыз.

-Мемлекеттің болашағы – зайырлылықта. Зайырлылық – мемлекеттік басқару, діни емес, парламент қабылдаған демократиялық заңдармен  жүргізіледі. Зайырлылық – мемлекеттік ұйымдардың діннен бөлінгенін білдіреді,  мемлекет өз қарамағындағы ұйымдарда дінді насихаттауға жол бермейді. Шын мәнінде зайырлылық мектепте қалыптасады. Қазақстанның болашағы – зайырлылықта.

Біз жастарды дінге емес, білім мен ғылымға баулуымыз қажет. Бұл болашақ алдындағы  біздің қоғамымыздың парызы деп ойлаймын. Зайырлылықтың нышаны – мемлекет заңдарының басымдығы, тек сонда ғана біз құқықтық және демократиялық мемлекет боламыз. Сондықтан әр дамыған мемлекет дінге саясатқа араласуға жол бермейді. Дін жеке адамның ісі, оның рухани даму жолы ретінде қарастырылады. Біз де  соған тырысуымыз маңызды.

Хиджаб – діни атрибут және басқа елдер мәдениетінің бөлігі деп қарасақ,  оны біздің рухани бесігіміз – мектепке кіргізсек дұрыс  болмайтыны анық.

 

Ғалым Нұрмағамбетұлы, егер мектепке хиджаб киюге рұқсат берген жағдайда еліміздегі діни ахуалда қандай өзгерістер болуы мүмкін? Ол өзгерістер мемлекетіміздің құрылымына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Әрине, бұл жағдай еліміздегі діни ахуалға тікелей әсер етеді. Дін мектепке кірсе не болады? Ең алдымен мектептерде жанама түрде діни насихат пайда болады, балалар арасында діншілдік өседі. Балаларға шығармашылықпен айналысуға  және толыққанды дамуға көп шектеу енгізіледі. Хиджаб киген қыздардың ата-аналары тарапынан мектепте намазхана ашуға, қыздар мен ұлдарды бөлек оқытуға, биология, анатомия, сурет, музыка пәндерін оқу бағдарламасынан алып тастау сияқты талаптар пайда болады. Хиджаб – діннің зайырлылықты жеңгенінің жалауына айналады. Екіншіден, жалпы қоғамда біртіндеп діндарлық қанат жаюы ықтимал. Бұл қоғамда мемлекет заңдарының үстемдігін азайтады, діни заңдардың ықпалының өсуіне әкеледі. Ия, бір сәтте, бірден емес, бірақ біртіндеп соған келуіміз ғажап емес.

Болашақта бұл үрдіс мемлекеттің саяси жүйесіне де әсер етеді. Яғни, дін саясатқа араласуы ықтимал. Мемлекеттің заңдарын діни заңдарға бейімдеу, діни партиялар құру және тағы да басқа. Бұл әрине, пессимистік сценарий, бірақ осылай болуы әбден мүмкін. Сондықтан осының барлығының алдын алу үшін біз өз мектептерімізде дінді насихаттауға жол бермеуіміз қажет. Мектеп – зайырлылықтың бесігі, балалар мектепте діни шектеулерсіз білім мен тәрбие алуы керек. Бала мектеп бітірген соң өз болашағын өзі таңдауы қажет. Сондықтан мектептерде бірыңғай зайырлы киім үлгісі болғаны дұрыс деп санаймын. Балалар қандай ма бір діни, тілдік, әлеуметтік т.б ерекшеліктерге бөлінбей сапалы білім алуы қажет.

Ал мектептегі ережеге сай киім үлгілерін жетілдіруге болады. Ол үлгі оқу және тәрбие процесіне ыңғайлы болғаны маңызды. Мектеп оқушыларының киім үлгісі бекітілген. Мектепте қысқа немесе тым ұзын киімге жол берілмеуі қажет. Ашық – шашық киімге, мини юбкаға мектепте баяғыда тиым салынған, мұндай киім кию шектен шыққандық болады. Сондықтан ата – аналар мен мұғалімдер мектеп үлгісін бұзатын мұндай өрескелдікке жол бермеуге, балаға ыңғайлы, тәртіпке бағыттайтын мектептің киім үлгісін сақтауға және бақылауға міндетті.

Ал дін ұстанған қыздарға үйінде, көшеде орамал тағуға шектеу жоқ. Ол өз құқығы. Ал мектептің өз тәртібі бар. Дұрысында қазақ жерінде ғасырлар бойы қыз балалар орамал тақпаған, орамалды тек тұрмыс құрып, бала тапқан әйелдер ғана тартқанын ескерейік.

 

-Осы орамалға орай әлеуметтік желілерде Еуропа мен Америка елдерін Қазақстанмен салыстырып, ол елдерде діни атрибуттарға шектеу қойылмаған деп таласушылар бар.

-Дамыған елдерде халық білімге, ғылымға бет бұрады. Еуропа мен Америка елдерінде құқық мәдениеті жоғары болғасын қоғам радикализмге ұрынбайды. Яғни, оларда қауіп жоқ, сондықтан оларда діни атрибуттарға рұқсат берілген. Ал бізде қауіп жоғары, себебі біздің қоғамда зайырлы мәдениет қалыптасқан жоқ. Біз мектептің есігін дінге ашсақ дүниетанымыздан және ұлттық кодымыздан айырыламыз деп ойлаймын. Біз қазақтың ұлттық мәдениетін жоғалтып, басқа елдердің мәдениетіне тәуелді болуымыз ғажап емес.

-Бұл жерде тағы бір үлкен мәселенің құлағы қылтиып тұрған сияқты. Егер  мектепте хиджаб киюге рұқсат берілсе, еліміздегі исламнан өзге діндер тарапынан да осы тақылеттес талаптар болуы мүмкін ғой.

– Әлбетте. Бұл мәселеге де көңіл бөлу маңызды. Зайырлы мемлекетте барлық діндер бірдей құқыққа ие. Хиджабқа рұқсат етілсе, басқа діндердің киімдеріне де мектепте жол ашылады. Әсіресе елімізде 6 миллион басқа этнос өкілдері тұратынын ескерсек, сонда біздің мектептер неге айналады? Осыны да ойлау керек.

Мектеп – дін ұстанатын жер емес, мектеп – білім, өркениет ошағы. Тағы да айтамын, біз жастарды дінге емес, білім мен ғылымға баулуымыз қажет. Бұл болашақ алдындағы  біздің қоғамымыздың парызы деп ойлаймын. Мектепте хиджаб киюге рұқсат берілмеуі қажет.

-Ғалым Нұрмағамбетұлы, құнды әңгімеңіз үшін рахмет!

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

Durbi.kz

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close