Мақалалар

Әке-шешеңді жылатпа!

Әке мен ана – өміріміздіңмәні де, сәні осы жандар. Әрқайсысының орны ерекше, құрметті! Алайдабізді өмірге әкеліп, бағып-қағып, өз махаббатын сыйлап, қорғаштап өсірген, әр жетістігіне болысып, қандай жағдай болмасын,«менің балам алтын» деп демеу берген ата-ананы етегі толғанша зар жылатып кете барамыз. Ортамыздаата-анасын ренжітіп, оларға қатты сөйлеп, тіпті қол көтеретіндер декездеседі.Баласы ауырғанда көз жасын төгіп,«О, Құдайым баламды емес, мені неге ауыртпадың?» деп шырылдап жылаған ата-ана біз үшін отқа да, суға да түсті. Бірақбұны түсінетін саналы бала саусақпен санайтындай дәрежеде.

Дінімізде «Ата-ана разылығы – Алланыңразылығы»деп,оларға қатыгездікпен емес, мейіріммен қарауды әмір еткен. Жүрегімді зар жылататын бір нәрсе – бұларамызда жүрген мұсылман бауырларымыздың, қыз-келіншектеріміздің осындай қатігездікке баруы. Осы арқылы ислам дінінің сырт бейнесін жеккөрінішті етіп көрсеткендігі. Намаз оқимын деген әр бала ата-анасына қуаныш емес, уайым-қайғы, қасірет әкелетіндейқорқынышты күйге жетті.

«Жәннат аналардың аяғының астында» деген ұлағатты сөзді білмейтін адам жоқ шығар.Алайда бұл асыл сөздің астарына тереңінен көз жүгірте бермейді. Жәннатқа жетудің ең асыл жолын білмей, жиһадқа шығып, мұсылмандарды қорғаймыз деген сөзге еріп, ажал құшып, ата-анасын зар жылатқан жандар қаншама?!

Әй, Алланың пендесі!Қасиетті Құранда ата-анаға қарсы шық деп емес, керісінше, ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті емес пе? Тіпті «Бір себептермен оларға «түф» демеңдер!» деді.Хадис шәріпте: «Ата-анаға жақсылық жасаунамаз оқудан, ораза ұстаудан, қажылыққа барудан, умра жасаудан, тіпті Алла жолында соғысып, шейіт болудан да артық»делінген.Ал сен ше?! Намаз оқып, ораза ұстаған жеткілікті деп ойлайсынба? Жоқ, дініңе қанша берік болсаңда, ата-анаға жақсы қарым-қатынаста болмасаң, істеген бар амалың зая екендігін түсін.

Бір күні ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына бір әйел келіп: «Сіздің жақын сахабаңыз әрі сырласыңыз болған Алқама қатты қиналып, өлім төсегінде жатыр» – деп хабар берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкір Сыдық және Біләл азаншыны (р.ғ.) жіберіп, Алқамадан хабар алуды бұйырды. Әбу Бәкір келіп, Алқамамен сұхбаттасқандаАлқама өзінің жағдайынан хабар берді. Алайдатілін кәлимаға келтіріп, «Лә иләһа иллаллаһ» деп айта алмады. Бұл ғажайып жағдайды естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі келіп көрді де, сахабаларына қарап: «Бұл Алқаманың ата-анасы бар ма?» – деп сұрады. Сахабалар: «Әкесі ертеректе дүние салған, анасы болуы керек», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол қасиетті анаға хабар беріңіздер. Егер келе алса, менің құзырыма келсін, келе алмаса, өзім барайын», – деді. Хабарды алған Алқаманың анасы: «Ол ұлық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына мен өзім барамын», – деп Расулалланың құзырына келді. Сыртта көлеңкеде ауырып жатқан баласының маңайынан өтіп барып, тіке Расулалланың (с.ғ.с.) алдына келіп, сәлемін берді. Пайғамбарымыз одан: «Сіздің балаңыз Алқама қандай бала еді?» – деп сауал қойды. «Балам жақсы, сіздің маңайыңызда қызмет атқарады», – деді.Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ, сізбен мәмілесі қалай еді?» – деп сұрады. «Мен баламнан көңілім қалғаны қашан, бұл баланы балам деп ұмытқалы көп уақыт болды», – деп көз жасын тыя алмады.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) себебін сұрағанда: «Баламның сәби кезінде әкесі дүние салды, жесірліктің тауқыметін тартып, күйеуге де шықпадым. Осы жалғыз балама өгей әкесі көзін тігіп, қабақ шытып қараса, жүрегім бұл жағдайға шыдай алмайтынына сендім. Балам өсті. Үлкен азамат болды. Үй болды. Бірақсол уақыттан бастап бар тәтті тамақты әйеліне тасыды, бар жылы сөзді әйеліне арнады. Осы жағдайларды көріп, бұлармен бір үйде тұра алмайтынымды білген соңжүгімді жинап кетуге даярландым. Сонда балам «Анашым, сіз мені бағып-қаққан едіңіз. Енді қайда барасыз?» деп сұрауға да шамасы келмей, баратын үйіме жүгімді көтеріп апарып берді. Міне, сол сәттен бері аналық мейірім, махаббатым бұл балама теріс болды…» Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балаңыз жалған дүниемен қош айтысқалы отыр. Разылығыңызды білдіріңіз», – деді. Ол: «Разы емеспін», – деп қайталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына бұйырды: «Ағаш, отын жиыңдар да, үлкен алау жағыңдар! Анасын наразы еткен баланың отта жануын анасы және баршаларыңыз көріңіздер!» – деді. Алқаманың анасы: «Ей, Расулалла, балам жанғанша, сол отта мен өзім жанайын, балама разымын, разымын», – деп бірнеше рет қайталап сұранды. Сол сәтте баласы Алқама: «Лә илләһа иллаллаһ»деп жан берді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен дүниенің азғана отына балаңыздың түсуін қаламадыңыз, разылық бермегеніңізде балаңыз мәңгілік тозақ отына түсер еді», – деді.

Дінде ата-анаға жақсы мәміледе болу туралы қанша айтылғанымен, жалған сөзге еріп, шала діндар болған, соның ішінде кіп-кішкентай қыздар мен балалар ата-анасына «кәпір» деп беттерінен алып, бір үстелде отырып тамақ жемей, тіпті ата-анасынан басқа адамды қамқорлап, үйлерінен кетіп жатқаны жанға батады.

Әй, мұсылман пенде, жетім болсаң, не істер едің? Ата-анаң хал үстінде жатса, не істер едің? Ата-анаң аяқасты көз жұмса, саған разы болар ма еді?! Осыны бір сәт ойлан, есіңді жи, он екі мүшеңді сау етіп өсірген ата-анаңды зар жылатқаннан ата-анаңның алғысы емес, қарғысын алатыныңды естен шығарма!

Назерке ЖЕТПІСБАЙ,

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан

зардап шеккендерге көмек көрсету орталығының  теологы

Атырау қаласы

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close